Бүгінде әлеуметтік желі әркімнің күнделікті тіршілігінің ажырамас бөлшегіне айналды. Ол арқылы дос табамыз, білім аламыз, тіпті, мол ақшаға да кенелеміз. Алайда, бұл кеңістіктің ар жағында алаяқтық барын да ескеру керек. Әсіресе, жасөспірімдер мен студенттерге бағытталған киберқылмыстардың қарқыны артып тұр. Осы орайда, өзімізді қорғай білуіміз қажет.

Білім қуған жасқа интернет әлемі мол мүмкіндік ашады. Десе де, әлеуметтік желінің сырты жылтыр болғанымен, студентті шырғалаңға түсіруі мүмкін. Алаяқтар студенттердің қаржылық жағдайы мен білім алудағы қажеттіліктерін жақсы біледі. Ғаламторда «Жеңіл жолмен ақша тап» деген жарнамалар, «Арзан курс сатып ал» деген ұсыныстар және «Жұмысқа қабылдаймыз» деген хабарламалар өріп жүр. Студенттің аңғалдығын пайдаланып, оларды тұзаққа түсіріп, ақшасын немесе жеке мәліметтерін пайдаланатындар бар. Осылайша, алаяқтар онлайн әлемде өздеріне оңай олжа іздеп, түрлі әдісті қолдануда.

Қандай қауіпті ортаға түссең де, оған кіргенде ақылмен қадам бассаң, жолыңды табасың. Біріншіден, әлеуметтік желідегі күдікті ұсыныстар мен жарнамалардан абай болу керек. «Тек сен үшін арнайы ұсыныс» деген жарнамаға сенуден бұрын оның шынайылығын тексерген абзал. Сол үшін де ақпараттың анық-қанығына көз жеткізбей, ешқандай қаржылық операция жасамаған дұрыс. Екіншіден, әлеуметтік желілерде жеке мәліметтерді жария ету — өз құпияңды ашып қоюмен тең. Студенттер арасында жиі кездесетін банк есепшоттардың, жеке куәліктің деректері және маңызды мәліметтерді бөліспеуге тырысыңыз. Осылардың барлығын ойға тиек етіп, «сақтық — сәулелі ойдың белгісі» екенін ұмытпау керек. Сонымен қатар, әлеуметтік шабуылдардан сақтану да -өз-өзіңізді қауіп-қатерден құтқарудың бір жолы. Әдетте, банк немесе оқу орны әлеуметтік желі арқылы жеке мәлімет сұрамайды. Сондықтан мұндай хабарламаларға назар аударып, күмән тудырған жағдайларда дереу олармен тікелей байланысқа шығып, нақты ақпаратты тексеру маңызды. Құпиялылық кодты дұрыс орнату да көп жағдайда алаяқтардың жолын кеседі.

Қазіргі заманның саналы жастары үшін әлеуметтік желідегі алаяқтық сынаққа толы өткел іспеттес. Интернет әлемі сан түрлі мүмкіндікке жол ашса да, оның көлеңкелі тұстарын ескеріп, өз-өзіңді қорғай білу маңызды. Өзгелердің ойыншығына айналмау үшін әр студенттің ақпараттық қауіпсіздік дағдыларын жетілдіріп, әлеуметтік желіде сақтықпен әрекет етуге үйрету қажет.

Әдемі КӘУКЕН, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің 3-курс студенті.