Милфаларға «мастанып»…

Мам 29, 2025

Құрметті редакция! Көпшілік «Қазіргі жастар газет-журнал, кітап оқи қоймайды» деп сынның астына алып жатса да, мен облыстық газетті, оның ішінде «Жас times» қосымшасын үзбей оқимын. Арнайы қосымшаның өткен шығарылымында жарық көрген оқырман ойы менің де қолыма қалам алып, өз пікірімді ортаға салуыма себепші болды. 

«Жас times» қосымшасының 2 мамыр күні қалың оқырманға жол тартқан шығарылымында «Махаббаттың құны қанша?» деген мақала жарияланды. Анарбек Әкімұлы есімді павлодарлық автор қазіргі уақытта махаббаттың да монетизацияланып, құны жоғалып бара жатқанын тілге тиек етіпті. Жөн. Шынымен де, соңғы кездері жастар арасындағы сезім ақшаға байланып, дүние-мүлікпен есептелетін сыңайлы. Оны қыздардың әлеуметтік желілерге жариялайтын суреттері мен видеоларынан да айқын аңғаруға болады. Осыдан біраз уақыт бұрын жас қыздың жігіттің сөз салуы кезінде гүл шоғының кішкентай болғаны үшін «жоқ» деген жауап қайырып, шатақ мінезінің шетін шығарғанын да сол жаһандық желіден көрдік. Көрдік те, жаға ұстадық. Иә, бұрындары бір тал гүлге мәз болатын қыздар қазір жоқтың қасы. Тіпті, кейбірі мейрамханаға, киноға апарып, сый-сыяпат жасағанның өзін аз көреді. Бұл – қыздар қауымына қатысты ащы да болса шындық.

Бірақ, сөздің ашығы керек, жігіттер де жетісіп тұрған жоқ. Бұл – автор мен оқырман алдында қыздарды қорғағаным емес, күнделікті өмірден, әлеуметтік желіден байқап, түйген ойым. Бұрындары қыздар тұрмысқа шықпас бұрын ер азаматтың пәтері, көлігі бар-жоғын біліп, соған қарай иланады деуші еді көпшілік. Қазір «ұсақталған» кей жігіттер де сөйтеді. Сыр суыртпақтап, қыздың, оның ата-анасының материалдық жағдайын білмек болады. Тіпті, қалталы қайын атаны іздейтіндері де бар. Күшік күйеу болып, бәлен жыл ата-енесінің тар пәтерін пана қылатындарды көріп жүрміз. Ең сорақысы, қазіргі кей жігіттер жасы өзінен біршама үлкен, жағдайы бар, жақсы киініп, өзіне қарайлайтын, күтініп-сыланатын келіншектердің «соңына» түсетін болған. Оған ұялмайды да. Әлгі «тәжірибелі» ханым бар жағдайын жасап берсе болғаны. Үйі, көлігі, тұрақты жоғары табысы бар келіншекпен көңіл жарас-тырып, оның үйінде тіркеуге тұрып, соның есебінен өмір сүрсе, қандай уайым-қайғысы болсын! Өзі еңбектеніп, адал жұмыспен нәпақасын тауып, отбасын асырауға асығатын азаматтарға қарағанда жеңіл жолды іздейтін осындай жігіттер көбейіп бара жатқан сыңайлы. Қоғам оларға «Милфаларға бағынышты жандар» деп те айдар тағып, ат қойып алған. Бұл жерде милфа дегеніміз – жасы 40-қа таяп қалған, кейде одан да асып кеткен, дәулеті келіскен, жағдайы бар келіншектер. Жасы 20-дан енді асқан кей еркек кіндіктілер соларға «мастанып», олардың арқасында марқайып жүруді қалайды. Меніңше, бұл әсте дұрыс емес. Ер азамат атына сай әрекет ету керек. Жағдайын өзі жасауы тиіс. Отбасын өзі асырауы керек. Біреудің, яғни әйел адамның арқасында күн көрудің емес, адал еңбекпен, маңдай термен ақша табудың жолын қарастыруы керек. Айтпағым, қыздар ғана дүниеқоңыз, олар ғана ақшақұмар деген пікірмен келіспеймін. Өкінішке қарай, жігіттердің арасында да қалтаға қарайтындары бар. Солар бір сәт ойланып, ненің бұрыс, ненің дұрыс екенін саралап, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруді қойса екен деймін. Ал сіз не дейсіз, оқырман?

Ақтоты ҚАБДЫҚАЙЫР,

Павлодар қаласы.