Театр деген сөзді естіген кезде көз алдыңызға не елестетесіз? Жарық шам, сахна ортасында өз рөліне енген актер, қалың көрермен. Театр – адамның жан дүниесін тербейтін, ойландыратын және тәрбиелейтін өнер ордасы. Сахнада өмірдің қуанышы мен қайғысы, сүйіспеншілік пен сатқындық, жеңіс пен жеңіліс сомдалады. Әр қойылым көрерменнің жүрегіне жол табуға, оны бір сәтке болса да шынайы сезім мен ой әлеміне жетелеуге бағытталады.
Торайғыров университетінің «Мұрагер» студенттік театры 2016 жылдың сәуір айында құрылған. Театрдың негізін сол кездегі студент Бәкіжан Кәкім қалаған.
«Мұрагер» студенттік театрының мақсаты — ұлтымыздың баға жетпес қазынасы болып табылатын театр өнерін студенттер арасында насихаттау, талантты жастардың өнерін танып, сахна шеберлігіне үйрету арқылы актерлік мүмкіндіктерін дамыту. Сонымен қатар, рухани тәрбие мен әлеуметтік, мәдени қызығушылықтарын арттырып, бос уақыттарын тиімді пайдалануын ұйымдастыру. Қойылымдардың көпшілігі қоғамдағы өзекті мәселелерге, жастардың жан дүниесіне арналған.
Қазір театр құрамында 36 студент бар. Сонымен қатар, жаңа құрамды қабылдау шарасы жүргізілуде. Биыл кастингке 60-тан астам студент қатысып, олардың тек 20-сы іріктеуден өткен. Үміткерлер актерлік шеберлік, поэзия, ән, би, этюд және аспапта ойнау сияқты түрлі бағыт бойынша өз таланттарын көрсетті.
— «Мұрагердің басты ерекшелігі – сценарийді студенттер өздері жазады. Соңғы жылдары сахнада дайын пьесалар емес, жастардың ойы мен сезімінен туған туындылар көрсетілуде. Біз әр қойылым арқылы көрерменге шынайы өмірді жеткізуге тырысамыз. Көрермен қатары да жыл сайын артып келеді. Бастапқыда зал бос тұратын, ал қазір спектакль кезінде 400 орындық концерт залы лық толады. Театр деңгейінің өскенін журналистер мен ұстаздардың, ата-аналардың қызығушылығынан байқауға болады, — дейді театр төрағасы Бауыржан Мұсаев.
Театр құрамындағы актерлер — түрлі факультет студенттері. Олар спектакльдерін өзге облыстарға да ұсынып, гастрольдік сапарға жиі шығады. Бауыржан Мұсаев университет тарапынан театрға барынша қолдау көрсетілетінін атап өтті. Концерттік зал, сахналық киімдер, реквизиттер, гастрольдік іс-сапарларға арналған көлік қарастырылып, қаржылай қолдау жасалады.
Алдағы жылы «Мұрагер» студенттік театры өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өтуді жоспарлап отыр. Бұл тек мерейлі дата емес, қазақ мәдениетін сүйетін жастардың еңбегінің, ізденісінің және өнерге деген махаббатының айғағы болмақ.
«Мұрагер» театры 23 қазан күні поэзиялық ән кешін ұйымдастырмақ. Қазір қызу дайындық үстінде. Қалың көрерменді әдемі кеште асыға күтетіндерін айтады.
Нұрайым ҚАЛЫБЕК.