Арман биыл 26 жасқа толады. Отызға дейін отбасылы болуды ойлап жүрген ол әлі болашақ жарын кездестірмепті. Оқу, одан кейін мансап қуып жүріп, біраз жасқа келгенін енді ұғынды. Үйленгісі келеді. Бірақ той шығындарын өзі көтеруі керек. Ата-анасының оған жағдайы жоқ. Соңғы уақытта мәһр мәселесінің қосылғанын ойласа, қалыңдығы «қаланың қақ ортасынан 4 бөлмелі пәтер талап етсе, қайтемін» деп тағы үрейленеді. Жалпы, мәһр деген не? Ол қайдан келді?
Қазіргі таңда қоғамда мәһр мәселесінің кеңінен талқыға түсуіне әлеуметтік желіде арулардың мәһрді аспандатып, күйеу жігіттен ойға қонымсыз сыйлықтарды сұрап жатқан бейнежазбалардың көбеюі себеп болып отыр. Бұл оқиғаларға қатысты қоғамның пікірі екіге бөлінді. Біреулер бұл жағдайдан дүниеқұмарлық белгісінің барын алға тартса, екінші тарап қыздардың әрекетін жөн деп санайды. Яғни, әр қыздың қымбат дүние сұрауы соған лайық болғанын білдіреді-міс. Сонда қазақ қызының құны «мәһрмен» өлшенбек пе?
Ғаламтордағы ақпараттардан ұққанымыз, «мәһр» — әйел затының неке қияр алдында күйеуінен талап етуге құқылы шариғат белгілеген ақысы. Енді біз осы тақырып төңірегінде Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің өкілі Амантай Тойшыбайұлының пікірін білген едік.
— Бұл – нағыз еліктеушілік. Жастар интернеттен әртүрлі дүниелерді көріп алады да, соны қайталауға әуес. «Мәһр» — шариғатта сүннет амал. Еліміз тәуелсіздік алып, дінге қайта келгенше бұл түсінік болмаған. Былайша, ұлттық дәстүрімізге жат дүние. Қазақы салтта қалың мал берілген. «Мәһрдің» арғы мағынасы, бір жағдай болып, күйеуінен айырылып қалса, әйел өзінің өмірін қамтамасыз ету мақсатында қолданады.
Ол кері қайтарылмайды. Қыз оқыдым, ақылдымын, текті жердің қызымын деп көп көлемде «мәһр» сұрау –
әбестік. Бұлай жасауы күйеуіне деген сенімсіздікті білдіреді, — дейді Амантай Тойшыбайұлы.
Осы ретте, жазушы ағамыз жастарға ақыл-кеңесін берді:
— Алдымен, қазақтың қыз-жігіттеріне өзге ұлттың салт-дәстүріне еліктемеңдер дегім келеді. Өз ұлтымыздың ата дәстүрі бойынша ақ некелеріңді қиып-ақ бақытты болуға болады. «Мәһр» мәселесінің ортамызға енгеніне он жылдан астам ғана уақыт болды. Бұған дейін ата-аналарыңыз мәһрсіз де бақытты болып, өмір сүріп жатқан жоқ па?! Болашақ жолдасыңның саған деген құрметі, сүйіспеншілігі, адалдығы, сенімі болса, мәһр деген – сол, — дейді ол.
Иә, шынында да, ата-апаларымыз ешқандай «мәһрсіз-ақ» отау құрып, бақытты ғұмыр кешіп, алыптарды дүниеге әкеліп, тәрбиелегенін тарихтан білеміз. Үлкендерден естіп келеміз. Енді біз бұл дүниені шаңырақ көтерер алдындағы өзекті мәселелердің біріне айналдырмағанымыз абзал. Негізі, бұл тақырып ер балалардан гөрі бұрымдыларымызға көбірек ұнайтыны жасырын емес. Осы ретте, ұлдардың ойын білуді жөн көрдік.
Замандастарымыздың бірі Жанқозы есімді азамат «мәһрді» қазаққа жат деп санайды.
— Негізі, «мәһр» – діни дүние. Қымбат заттан бұрын ол қыздың дінге қаншалықты жақын екені маңызды. Егер қыз ислам дінді ұстанбай, тек қана өзіне ыңғайлы тұстарын алса, ол — әрине, үлкен қателік. Естуімше, мәһр арабтарда біздегі қалың мал ретінде қалыңдыққа беріледі. Ал бізде мұны бұрмалап, басқаша қолдану үрдіс алды. Кейбір арулар болашақ жарының жағдайына қарамай, қалтасы көтермейтін құнды дүние сұрағанын интернеттен көріп, жаға ұстайтын болдық. Меніңше, бұл үрдісті доғару керек, — дейді Жанқозы.
Камила есімді ару жігіттің жағдайы бар болса, қалағанын сұрағанда тұрған ештеңе жоқ деп ойлайды.
— Әрине, тым қымбат дүниеге ұмтылып, болашақ жарын көпшіліктің алдында ұятқа қалдырмаған жөн. Некені қиятын имам «мәһр» жайлы сұраса, жігіттің жағдайына қарай бейімделіп, соған сай зат сұраған абзал деген ойдамын. Алдын ала болашақ жарымен ақылдасып алса да, артық етпейді. Өз басыма келетін болсам, сұрамас едім. Әркім өзі шешетін мәселе бұл. Шын ғашықтар бір-біріне сыйлықты сұратпай-ақ шамаларына қарай алып береді, — дейді Камила.
Бір анығы, бүгінде «мәһр» қоғамда өзекті мәселелердің біріне айналды. Бұл жастардың отбасылы болуына кедергі келтіруі ықтимал факторлардың бірі болуы да әбден мүмкін. Аталмыш істе ата-аналардың, үлкендердің ақылына жастар жағы құлақ түрсе, ұлтымыздың түп-тамырына үңілсе, салт-дәстүріне тереңдей білсе, жанымызға жат дүниелерден алшақ жүреріміз айқын. Жас жұбайлар өмірлік жолды дүниеге байламай, ақ ниетпен, пәк сезіммен бастаса, отбасылық ғұмыр да баянды болмақ.
Сара АВДОЛ, Торайғыров университетінің 2-курс студенті.