Оксфордты бағындырған қазақ ғалымы

Қыр 25, 2025

Қасиетті Баянауыл топырағынан түлеп ұшқан Нұрсұлтан Мұсаханұлы — бүгінде Ұлыбритания еліндегі Оксфорд университетінің Физика департаментінде еңбек етіп жүрген жалғыз қазақ ғалымы. Әлемнің таңдаулысына ғана берілетін «Ғаламдық талант» визасының иегері атанған ол күн энергетикасы саласында жаңа рекорд орнатып, болашақтың технологиясын жасап шықты. Нұрсұлтан жасаған бұл құрылғы қазіргі қолданыстағы күн батареяларынан әлдеқайда қуатты әрі тиімді деп есептеледі. Алдағы уақытта ол білімін еліміздің игілігіне жұмсап, отандық ғылым мен өндірістің дамуына үлес қосуды мақсат етіп отыр. Таяуда жас ғалыммен әңгімелесудің сәті түсті.

— Нұрсұлтан, алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз… Қайда білім алдыңыз?

— Баянауыл ауданы, Ұзынбұлақ ауылының тумасымын. Бакалаврды Астана қаласындағы Еуразия Ұлттық Университетінде «Жылуэнергетика» мамандығы бойынша тәмамдадым. Магистрлікті (M.Sc.) Ұлыбританияның Манчестер Университетінде оқыдым. «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері ретінде PhD дәрежесін Австриялияның Оңтүстік Жаңа Уэльс Университетінде «Фотоэлектрика және Баламалы Энергетика Инжиниринг» саласында иелендім.

— Бала кезіңізде қандай мамандық иесі болуды армандаған едіңіз?

— Өзімді көп мамандықта елестететінмін. Мәселен, мектеп табалдырығын аттағанда Президент болуды армандайтынмын. Ал бозбала шағымда әнші болуды, жүйрік баптап, бәйге алуды, өсе келе инженер болуды мақсат еттім.

— Ғылымға деген қызы-ғушылығыңыз қалай пайда болды?

— Ғылымға деген қызығушылығым бала кезден қалыптасты деп айта алмаймын. Манчестер университетінде магистратурада оқып жүргенде оянды. Өйткені, ол жерде заманауи зертханалардың жұмысымен танысып, тың техно-логияның өнеркәсіпке енгізіліп жатқанын, адам игілігіне бағытталған құрылғыларды көргенде ғылымның шынайы құдіретін сезіндім. Сол сәттен бастап бұл салаға деген қызығушылығым артты.

— Өзге елде білім алуды армандадыңыз ба?

— Студент шағымда шетелде білім алуды мақсат еттім. Сол кезде ақылымен демеп, дұрыс бағыт сілтеген жетекшіміз профессор Абай Достияров еді. Ол кезде 2-курс студентімін.

Жат елдің мәдениеті мен жаңа оқу жүйесіне бейімделу бастапқыда оңайға соқпады. Бірақ мақсатым айқын еді. Ол – ғылымға өз үлесімді қосу, туған елімнің атын әлемге таныту. Ал арманымды жүзеге асыруға Қазақстанның «Болашақ» бағдар-ламасы жол ашты.

— Оксфорд университетіне түсу — барлық студенттің бағына бұйыра бермейтін бақыт. Мұндай мүмкіндікке қол жеткізуге кім көмек-тесті?

— Ғылымға деген құлшыныс Австралиядағы Жаңа Оңтүстік Уэльс университетінде басталды. Ол жерде әлемге әйгілі ғалымдармен бірге жұмыс істеп, бұрын-соңды болмаған тәжірибе жинадым. Соның нәтижесінде әлемдегі көп сілтеме жасалатын алғашқы он ғылыми басылымның бірі – «Advanced Materials» және бірқатар беделді журнал беттерінде мақалам жарық көрді. Әрине, бұл жетістігім мен ұстаздарымның қолдауы Оксфорд университетінің физика факульте-тінде постдокторанттық қызметке іріктелуіме себеп болды.

Оксфорд – әлемдік деңгейдегі ғылым мен білімнің ордасы. Мұнда жұмыс істеу – абырой ғана емес, зор жауапкершілік. Бұл университет тек кәсіби дамуға жол ашып қоймай, жаңа идеялар мен озық технологияларды ойлап табуға мүмкіндік береді.

— Қазір қандай зерттеу жұмыстарымен айналысудасыз?

— Қазір Перовскит негізіндегі күн батареялары мен оптоэлектроника саласында еңбек етудемін. Негізі, бұл батареяларды терезеге немесе қабырғаға орнатып қоюға болады. Мөлдір перовскит батареясы бар терезе күн сәулесінен жарық та өткізеді. Сондай-ақ, электр де өткізеді. Одан бөлек, жеңіл көліктерге де пайдалануға болады. Мәселен, төбесіне, дрондарға немесе кемелерге де қоюға болады. Оған қоса, бұл құрылғыны кішкентай құрылғыларға орнатып, телефон, смартсағат секілді гаджеттерді күн сәулесімен қуаттандыруға мүмкіндік береді.

Бұл технологияның дәстүрлі кремний батареяларына қараған-да артықшылығы көп. Мәселен, перовскит элементтері адамның бір тал шашынан жүз есе жұқа болуы мүмкін. Сондықтан олар жеңіл әрі икемді. Жарықты сіңіру қабілеті де жоғары. Күн сәулесін барынша тиімді пайдаланады. Өндірісі арзан әрі қарапайым. Осындай қасиеттерінің арқасында мұндай батареяларды ғимараттардың терезелеріне, киімге, тіпті шағын портативті құрылғыларға орнатуға болады. Соңғы он жылда перовскит күн батареяларының тиімділігі айтарлықтай артып, кремний негізіндегі батареялармен тең дәрежеде қолданылады.

Шетелде ғылыми зерттеулерге қаржы көп көлемде бөлінеді. Инфрақұрылымы да дамыған. Әр зерттеуші өз саласында маманданып, бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Бұл тәжірибені Қазақстанға да енгізу қажет.

— Шетелде табысты еңбек етіп жүрсіз. Елге оралмауыңыз мүмкін бе?

– Жоқ, ондай ой менде ешқашан болған емес. Шетелге барудағы басты мақсатым – білім мен мол тәжірибе жинау, игергенімді туған елімнің болашағына жұмсағым келеді. Алдағы уақытта перовскит күн батареяларын одан әрі жетілдіріп, өндірісте қолдану. Біздің елде қол жеткізген нәтижелерді әлемдік аре-
наға шығарсам деймін. Сондай-ақ, осы технологияны Қазақстанның ғылым жүйесіне енгізіп, жас ғалымдарды тәрбиелеуге және халықаралық әріптестікті нығайтуға үлес қосуды жоспарлап отырмын.

Осы орайда қолдау көрсеткен отбасым мен туған-туыстарыма ерекше ризамын. Сондай-ақ, бюро-
кратиялық кедергілерді еңсеруде бағыт-бағдар берген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлына, Асхат Аймағанбе-товке және еліміздің «Болашақ» бағдарламасына айрықша алғыс білдіремін.

— Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.