Отыздан асып барады…

Қаз 16, 2025

Қазақ халқында «Он үште – отау иесі» деген сөз бар. Өкініштісі, қазір «екі жарты, бір бүтін» бола алмай отырған жастар көп. Тіпті, жасы отызға толса да, үйленуге, тұрмысқа шығуға асықпайтын қыз-жігіт жетерлік. Кейбір қатарластары ата-ана атанып отырса да, неке қиюға немқұрайлы қарайтындар бар. Көп жағдайда жастар әлеуметтік жағдайды түзегісі келеді. Бірақ отызында отау құрмауға дәл осы мәселе себеп деп айта алмайсыз.

Қыздар неге асықпайды?

Жасы 35-тен асқан Айсәуле алғашқы махаббатын жолық-тырғаннан кейін ер азаматтарға сенуден қалғанын айтады. Бірақ бұл ойы үшін қатты өкінетінін де жасырмады.

— Ауылда өскендіктен, ата-анамыз қатаң тәрбие берді. Алдымен мамандық меңгеріп, диплом алуымызды талап етті. 25 жасымда бір жігітпен танысып, қыз-жігіт болып көңіл жарастырдық. Бір жыл көлемінде кездесіп жүрдік. Мінезі, адамгершілігі көңілімнен шығатын. Болашақта отбасы құратынымызға сенімді болдым. Күндердің күнінде хабарсыз кетті. Байланысқа да шықпай қойды. Қиын жағдайға тап болды ма деген оймен іздестірдім. Бірақ нәтиже болмады. Мені тастап кеткендей болды. Көпке дейін ұмыта алмай жүрдім. Сондықтан болар, одан кейін сөз салған талай жігіттің бетін қайтардым. Көңіл жарастырғысы келген жігіттердің кейбірі отбасын құрып, әке атанып отыр. Қазір сол қылығым үшін қатты өкінемін. Жүрегін ұсынған жігітті қабылдап, тұрмысқа шығуым керек еді. Жасым болса 40-қа жақындады. Жұмыс деп жүріп, уақытымды босқа өткізіп алғандаймын, — дейді Айсәуле.

Ақмарал есімді кейіпкеріміз қазіргі қыздар үнемі даму үстінде жүретінін жасырмады. Тым білімді әрі қаражатты көп табатындықтан, кезіккен жігітте де қояр талаптары жоғары болатынын алға тартады.

— Бүгінгі қыздар қауымы жан-жақты дамып, білімін арттырады. Ішкі әлеміне мән береді. Тіл үйреніп, шетелге саяхаттайды. Табысты болудың қыр-cырын үйренеді. Өзінен ақша аямайды. Кейін кездескен жігіттің сана-сезімі, парасат-пайымы онымен сәйкес келмей жатады. Қыздар да олардан қомақты табыс табуды талап етеді. Сондықтан ақылы тасыған әрі табысты жігіт жолыққанша жалғыз жүреді, — дейді Ақмарал.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, неке қию коэффициенті 2019 жылғы 7,5 пайыздан 2024 жылы 6,1 пайызға дейін төмендеген. Бұл – соңғы 25 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Жағдайды тек экономикамен немесе тұрмыстық қиындықтармен түсіндіру жеткіліксіз. Бұл ретте жаһандық контексті де ескеру маңызды. Бүгінде ғаламтор, әлеуметтік желі, халықаралық медиа басқа елдердің құндылықтары мен мінез-құлық үлгілерін бір-біріне жақындата түсті. Бұл ретте Солтүстік Корея, Жапония, Еуропа елдеріндегі жағдайды есепке алу қажет. Ол жақта да кейінгі жылдары туу көрсеткіші мен некелесу деңгейі төмендеуде. Мұнда жеке мақсаттар – білім алу, мансап, өзін-өзі дамыту алдыңғы орынға шықты. Біздің елде де осы үрдіс күшейіп келеді. Көптеген жастар сапалы білім алуға, соның ішінде шетелде оқуға, тіл үйренуге, мансап құруға ұмтылады және қазіргі уақытта бұл қолжетімді болып отыр. Әрине, осы факторлар өз кезегінде отбасын құруды кейінге қалдырады.

Сәби сүю — уақытымен

Гинеколог дәрігерлер әйел үшін алғаш рет бала көтеруге ең қолайлы кезең 25-27 жас аралығы екенін айтады. Медициналық көзқарас тұрғысынан аналар үшін бала көтерудің ең тиімді уақыты – осы.

– 25-27 жаста адам ағзасы жас болғандықтан, тез жұмыс істейді. Репродуктивті жүйе бойынша әйел құрсақ көтеруге дайын болады. Гормондар тұрақты болғандықтан, жүктілік жеңіл өтеді. Қан қысымының жоғарылауы аз болады. Босанғаннан кейін де ағза тез қалпына келеді, – дейді гинеколог дәрігер Дария Аманқұлқызы.

Ал 30-35 жастан кейін жүкті болудың өзіндік ерекшеліктері бар. Жалпы, адам жасы ұлғайған сайын созылмалы аурулары асқына түсетіні белгілі. Бұл уақытта бала көтерудің қаупі жоғары. Бала босану сәті әдеттегіден созыла түсіп, қалпына келуі де оңай болмайды.

– Дегенмен бұл кезде бала көтерудің бір артықшылығы – психологиялық есею. Әдетте бұл жаста әйелдер мансап қуып, қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізіп, ана болуға толық дайын екенін сезініп келеді. Бұл олардың өзі мен баласына ғана көңіл бөліп, басқа ештеңеге алаңдамауына септік етеді. Әрине бұл жаста дәрігердің қатаң бақылауында болу өте маңызды. Ұдайы тексеріліп, салалық мамандардан кеңес алса бәрі дұрыс болады, – дейді гинеколог.

Жігіттердің де айтары бар

Отбасын құруды мақсат ететін жігіттер қауымы қазіргі қыздар мұндай жауапты шешімге дайын емес екендігін айтады. Олар отбасылық мәселе туындаған жайдайда қиындыққа шыда-майды.

Павлодар қаласының тұрғыны Олжас Темірбеков осыдан екі жыл бұрын үйленген досының ажырасып кеткенін айтады.

— Жақын араласатын досымның тойын ата-анасы асыға күтті. Ол 28 жасында үйленді. Тойын дүркіретіп өткіздік. Келін бала ауылда тұрғысы келмеді. Түрлі сылтау айтып, ата-анасының үйіне тарта беретін. Сөйтіп, бір жыл ішінде екеуі ажырасты. Екеуінің ажырасу себебі – ауыл. Қыздар тұрмыс құрғанда мәселені әу бастан шешу керек деп ойлаймын. Үйленгеннен кейін жігіттің миын жеп, үйдегі берекені қашыру тәрбиеге жатпайды. Осындай оқиғалардан кейін досымның қатарластары да үйленуге асықпайтыны сөзсіз, — дейді О.Темірбеков.

Ұзатылған қызға айтылатын негізгі тілек – «Тастай батып, судай сің». Павлодар қаласының 32 жастағы тұрғыны Азамат Боранбайұлы қыздар қауымы осы тілекті міндетіне балауы керектігін айтады.

— Кез келген отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Ол – өмір заңы. Үйде түсініспеушілік орын алған жағдайда жастар ашуға тез беріліп, қыздар киім-кешегін жинап, үйден кетуге асық тұрады. Отбасы іргесінің беріктігі – ерлі-зайыптының өз қолдарында. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөз бекер айтылмаған. Үйленер алдында екі жас осы сөзді есте ұстаулары керек. Өкінішке қарай, жас отбасылар арасында ажырасу фактілері өте көп, — дейді Азамат Боранбайұлы.

Жақында ғана отау құрған Аманжол Исабек әр нәрсе өз уақытымен екенін айтады. Осы күнге дейін отбасын құру мәселесіне ерекше жауап-кершілікпен қараған.

— Заман талабына сай әлеу-меттік қажеттілік көп. Ер азамат-тарға баспаналы болмай, көлік алмай үйлене салу қиын. Қазіргі жастардың ажырасуына да осы тұрмыстық қажеттіліктер себеп. Үй мен көлік алу үшін көп еңбектендім. Болашақта сәбилі болғаннан кейін баланың қажет-тіліктеріне де қомақты қаржы жұмсайтынымыз — ақиқат. Қазір арзан дүние жоқ. Алланың қалауымен үйлендім. Шаңыра-ғымның берік болуы үшін әйелім екеуіміз барымызды саламыз, — дейді А.Исабек.

Иә, отбасын құру — жауапты қадам. Жастарды әдепті де саналы етіп тәрбиелеу үшін алдымен тәрбие ережелеріне сүйене отырып, ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды, дінімізді, ата-бабаларымыздан қалған насихат мұраларын жастардың санасына сіңіре білу басты міндетіміз болуы қажет. Қыздар қауымы өз уақытында тұрмысқа шығып, орда бұзар жігіттер үйленсе дейміз. Ажырасуды болдырмау үшін қыз бен жігіт бұл шешімді саналы түрде қабылдауы маңызды.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.