Ұлттық бірыңғай тестілеу — он бір жылдық біліміңді дәлелдейтін уақыт. Бұл уақытта кейбірі жинаған ұпайына қанағаттанып, төбесі көкке жетіп жатса, енді бірі ата-анамның үмітін ақтай алмадым деп көзіне жас алып жатады. Дегенмен бірнеше жылдан бері орта және жоғары оқу орындарында ақылы түрде оқыту функциясы іске қосылды. Бірақ ақылы оқудың да өзінің шекаралары баршылық.
Шәкіртақы көлемі артты
Келесі 2025-2026 оқу жылынан бастап грантта оқитын студенттердің шәкірт-ақылары өспек. Мәселен, бакалавриатта оқитын студенттердің шәкіртақылары 15-20 пайызға, ал магистратура мен докторантурада білімін жалғастырып жүрген студенттердің шәкіртақысы орташа есеппен 15 пайызға ұлғайтылмақ. Бұл —
әрине керемет жаңалық. Алайда оқу ақысының жыл сайын қымбаттап бара жатқаны мүлде қуантпайды. Өйткені, шәкіртақы өскен сайын, оқу ақысы да қымбаттауы мүмкін. Ал азық-түлікке және күнделікті өмірге қажетті заттармен қатар, оқу ақысының өсуі ата-аналарға, студенттерге ауыртпашылық салып
тұр.
15 пайызға өскен
Қазақстанда жыл сайын жоғары оқу орындарындағы оқу ақысы орта есеппен 10–20 пайызға өсіп келеді. Әсіресе беделді ұлттық университеттер мен жекеменшік жоғары оқу орындарында кей мамандықтар бойынша оқу құны бір жарым миллион теңгеден асады. Бұл — бір оқу жылының төлемі ғана. Мәселен, техникалық бағыттағы бірқатар ЖОО-да IT, инженерия, сәулет сияқты салаларда оқу ақысы 1,2–1,5 миллион теңгені құрайды. Ал гуманитарлық және педагогикалық мамандықтарда бұл көрсеткіш 700–900 мың теңге аралығын құрайды. Оған қосымша жатақхана, тамақ, оқу құралдары, жолақы секілді шығындарды қоссақ, студент үшін бір жылдық шығын көлемі кей жағдайда
2 млн теңгеге дейін жетеді.
Ал өзіміздің жергілікті жоғары оқу орындарын алып қарасақ, Инновациялық Еуразия университетінде оқу ақысы жылына орташа есеппен 350 мың теңгені, Торайғыров университетінде 603 мың теңгені құрайды. Ал болашақ мұғалімдерді даярлайтын Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық университетінде төлем көлемі айтарлықтай қымбат. Нақтырақ айтсақ, 697 мың теңгеге дейін жетеді. Бұл бакалавриаттар үшін ғана. Ал магистратурада, докторантурада біліміңізді жалғастырамын десеңіз, жылына 620 мыңнан бастап 1 млн 307 мың теңгеңізді дайындай беріңіз.
Білім әлде жұмыс?
Павлодар қаласының тұрғыны, бес баланың анасы Гүлмира Ахметжанованың ұлы Абзал 1 жыл бұрын ҰБТ-да «Жылу энергетикасы» мамандығы бойынша грантқа қажетті балды жинай алмаған. Сондықтан ата-анасы баласының басқаларынан кем болмауы үшін Торайғыров университетіне оқуға түсірген. Оның айтуынша, оқудың қаржысы былтырмен салыстырғанда
55 мың теңгеге бір-ақ өскен.
— Былтыр бір жылдық оқу құны 549 мың теңге шамасында болса, биыл 603 мың теңгеге бірден жоғарылады. Небары бір жыл ішінде 55 мың теңгеге өсті. Баламның оқуын төлеу үшін банктен кредит алдық. Баланы ондай жерде оқытудан бөлек, күнделікті азық-түлік алудың өзі мәселе болып тұр. Одан басқа тағы төрт балам бар. Олар да ер жетіп келеді. Жолдасым екеуіміздің жалақымыз ештеңеге жетпейді. Келесі жылы да тағы өседі дейді. Не істерімізді білмейміз, – дейді күйініштен ызаланған ата-ана.
Павлодарлық студент Әлішер Төлепов Әлкей Марғұлан университетінде ақылы бөлімде оқиды. Ол жастарға мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігіне қынжылады.
– Бізге берілетін «Ректор гранты» деген бар. Бірақ оған барлық студент іліге бермейді. Бөліп төлеу мүмкіндігі бар екені рас, бірақ оны уақытылы төлеу де оңай емес. Қазір өзім қосымша жұмыс істеймін. Кешкісін курьер болып, күнкөріске қажет қаражатты табамын. Оқу мен жұмыс қатар жүргенімен, бұл білім сапасына кері әсер етеді. Сабаққа кешігемін, тапсырмаларды орындауға үлгермеймін. Бірақ амал жоқ, – дейді ол.
Осындай жағдайдан соң жастардың бір бөлігі оқуын толық аяқтамай, тастап кетуге мәжбүр болады. Бұл – мемлекеттік гранттың да, адамның уақыт пен қаржы жұмсауының да зая кетуі. Алайда Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері биыл оқу ақысы тым жоғары көтерілмегенін айтады.
Оқу орындары не дейді?
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпаратынша, елдегі 131 жоғары оқу орнында 600 мыңнан аса студент білім алады. Оның жартысына жуығы ақылы бөлімде оқиды. Яғни, осынша отбасы баласының оқу ақысын төлеуде қиындыққа кездесіп жүр деген сөз.
Ал университеттер әкімшілігі оқу ақысының өсуін бірнеше себеппен түсіндіреді. Олардың айтуынша, студенттерден түскен қаржы инфляция, оқытушылардың жалақысын көтеру, оқу процесін цифрландыру, заманауи құрал-жабдықтар сатып алу, кітапхана мен зертханаларына жұмсалады. Кейбір оқу орындары оқу бағасын төлеуді кейінге шегеру мәселесін қарастырып жатыр. Алайда студенттерге жеңілдік жасаймын деп қиындыққа тап болуы мүмкін. Себебі, облыстардағы университеттер оқу ақысына мұқтаж. Олардағы қаржы қорының 70-80 пайызы оқытушылық құрамның жалақысына жұмсалады.
– ЖОО-ның негізгі табыс көзі – оқу ақысы. Біз мемлекеттік грант есебінен ғана күн көре алмаймыз. Сондықтан ақылы бөлімнен түсетін қаражат маңызды. Бірақ біз де студенттерге жағдай жасауға тырысамыз. Әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасынан шыққан студенттерге жеңілдіктер, ректор гранттары, бөліп төлеу жүйелері қарастырылған, – дейді Торайғыров университетінің әкімшілігі.
Алайда бұндай қолдау бәріне бірдей жетпейді. Жеңілдіктерге ие болу үшін талай құжат жинап, комиссиядан өту керек. Бұл ретте кейбір студенттер «көмек тек танысқа беріледі» деп, әділдікке күмәнмен қарап отыр.
Жығылғанға — жұдырық
Батыс елдерінде білім несиесі – үйреншікті дүние. Ал Қазақстанда бұл үрдіс енді ғана қарқын алып келеді. Бүгінде кейбір банктер мен қаржы ұйымдары оқу ақысын төлеу үшін пайыздық несиелер ұсынуда. Алайда студенттің тұрақты табысы болмаса, кепілгер қажет. Ал бұл тағы да ата-ананың мойнына ауыр салмақ артады.
– Ұлым үш жыл бұрын Алматы қаласындағы университеттердің біріне оқуға түсті. Алайда өзі қалағандай грантқа түсе алмай қалды. Қазір оқуын төлей алмай отырмыз. Несие алмақ болдық, бірақ банк кепілдікке мүлік сұрады. Бұлай жалғасса, баламды алып кетіп, колледжге ауыстыруға мәжбүр боламыз. Оған қоса, 500 мың теңге төлеп университетте оқытқанша, одан да 20-25 мыңға колледжде оқыту өзімізге жеңілірек болар еді, – дейді павлодарлық ата-ана Айжан Амантайқызы.
Айдана БОРАНБАЕВА.