Салт бастыларға салық салынса…

Ақп 6, 2025

Жыл басталғалы «бойдақтар мен баласыз отбасыларға салық салынады екен» деген әңгіме әр жерден жылтыңдап шыға келетін болды. Кезінде осы пікірді елімізге белгілі демограф Мақаш Тәтімов көп айтатын еді.

Қазір аталмыш пікір Парламент мінберінде отырған халық қалаулыларының аузынан шықты десіп жатыр жұртшылық. Сонымен, салт бастылар мен баласыз отбасыларға салынатын салық демографияға оң әсерін тигізе ала ма?

Отыздан асса да отау құруға асықпайтындар жетерлік. Сондай-ақ, қазірде шаңырақ көтерсе де саналы түрде балалы болудан бас тартып жатқан ерлі-зайыптылардың қатары көбейіп келеді дейді мамандар. Бірі мұны еркіндік десе, екіншісі еріккендік дейді. Әңгіме денсаулықтың төңірегінде болса түсінікті. Ал мансап қуып, дүние жетегінде жүргендерді салық тезге сала қояр ма екен? Күмәнді.

Кеңестік кезеңде өзім үшін өмір сүремін деген өзімшіл-дерге салық салынатын болғанын білерсіздер. Ол сонау Ұлы Отан соғысынан кейінгі уақыт еді. Сталин «бойдақтық салығын» енгізген. Өйткені, көптеген боздақтар майданнан оралмады. Салдарынан қаншама әйел жесір қалды. Көзкөргендер бұл саясат өз жемісін берді дейді.

Статистика да сүреңсіз. Сарапшылардың болжамынша, елімізде бала туу деңгейі 2027 жылға дейін төмендеуі мүмкін. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым бұл проблеманы салық салу арқылы оң шешуіміз екіталай екенін айтады.

— Біздің міндет – адамды үйленуге, тұрмыс құруға, бала сүюге мәжбүрлеу немесе зорлау емес. Қазір халқымыздың денсаулық жағдайына көбірек мән беру қажет. Бүгінде жап-жас қыз-жігіттердің де денсаулығы сыр беріп жатыр. Жастар арасында бедеулік жиі кездеседі. Сондықтан демографиялық ахуал мәселесінде салықтан келіп-кетер пайда бола қоймас, — дейді депутат.

Бойдақтық салығы мәселесін жыл басында тағы бір Мәжіліс депутаты Болат Керімбек айтқан болатын. Елімізде белең алған кеш үйлену үрдісіне алаңдаған ол, салт бастыларға салық салынса, жағдай түзеледі деген болжам жасапты.

Демограф Әзімбай Ғали отбасылы болғысы келетіндер салыққа қарамайды деп отыр.

— Бойдақтарға салынатын салықпен мемлекет қазынасын толықтырамыз деу — бос әурешілік. Ал, салт бастыларға салық міндеттеу олардың жанұя құруына стимул бола алмайды. Болашақта қалай болатыны белгісіз, дәл қазір пәлендей қажеттілігі жоқ. Жалпы, қазір неке көбеюде. Ол демографиялық дүмпудің екінші толқынының әсерінен болып отыр, — дейді демограф.

Бойдақтардың өздері де бұл бастаманы қолдамайды. Павлодарлық ірі компаниялардың бірінде жауапты қызмет атқаратын 33 жастағы Рауан Берік көңіл қалауындағы қызды әлі кездестіре қоймағандықтан үйленбей жүргенін айтады. Тек сол үшін жігіт салық төлемек емес.

— Бұл бастаманы табылған ақыл деп атамас  едім. Өйткені үйленбеудің себебі әркімде әртүрлі. Салық салды екен деп мен бірден үйлене де қоймаймын. Қалауымдағы қызды қашан кездестіремін, сол кезде үйленемін. Бойдақ жүр екенмін деп салық төлемесім анық, — дейді павлодарлық бойдақ.

Қазіргі қоғамымызда сүрбой-дақтар мен кәрі қыздардың көп екені жасырын емес. Үйленуді бейнет көріп, дүние байлығына қол жеткізуді мақсат санайтындар қатары артуда, — дейді мамандар. Шариғат заңдары мен рухани тәрбие, қазақи салт-дәстүр материалдық жағдайдың табанында жаншылып жатыр қазір. Түзетуіміз тиіс мәселе де осы болса керек-ті.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.