Әр халықтың ұлттық танымын, көзқарасын, өзіне тән жеке ұлттық ерекшелігін білдіретін наным-сенімі, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі бар. 

 

Қазақ халқы ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрдің қаймағын бұзбай, ұмытылуына жол бермей келеді. Халқымыздың салт-дәстүрі – елдің айнасы, халық болмысының көрінісі. Сол себепті оларды біліп, барынша насихаттау — жастардың парызы.

Қазақ халқының салт-дәстүрі тіршілік кәсібіне, наным-сеніміне, өмірге деген көзқарасына байланысты ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді. Бала тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптарға шілдехана, сүндет той, ат қою, бесікке салу, қырқынан шығару,  тұсау кесу, атқа мінгізу сынды дүниелер жатады. Тұрмыс салт-дәстүрлеріне киіз үй, ұлттық киім мен тағам, мал бағу, егіншілік, аңшылық, балықшылық, бағбаншылыққа қатысты кәсіптерге үйретудің тәлімгерлік түрлері енеді. Ал әлеуметтік-мәдени салт-дәстүрге қазақ ауылы, ауыл адамдарының туыстық қатынасы, шешендік сөз өнері, ұлттық аспаптар, үйленуге, қонақ күтуге байланысты шаралар легі жатқызылады.

Салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік, халықтық мәні орасан зор. Мысалы, ата-ананы, үлкенді құрметтеу, көрімдік, сүйінші, кәде сұрау, сәлем беру, құрдастық қалжың, т.б. салт-дәстүрге жатады.

Қазіргі жастар ата-әжелерінен, ата-аналарынан ұлттық салт-дәстүрімізді үйреніп өсуі тиіс. Келешекте оны өз отбасыларында қолдана білуі қажет. Сонда ғана атадан мирас болған әдет-ғұрыпты ұрпаққа насихаттай аламыз.

Ұлтымызға жалын, ұрпағымызға тәлім беріп келе жатқан дәстүрімізді ұмытпай, қазақ деген халықтың патриот ұрпағы болып атын шығара беру – бәріміздің парызымыз.

Жанерке ХУРМЕТХАНҚЫЗЫ, Әнел ӘРІПБАЕВА,  ИнЕУ-дің 1-курс студенттері.