Нарықта шөліңді әп-сәтте басып, бойыңды сергітетін түрлі энергетикалық сусынның қатары көбейді. Кез келген дүкеннің сөресінен табылатындықтан сатып алуға болады. Өкініштісі, адамдар басында қызығып алса, кейін қалай тәуелді болып қалғанын аңғармайды.
Бір студент түн ортасында сабақ оқып, емтиханға дайындалып отыр. Қолында энергетикалық сусын. Көшедегі көлік жүргізушісі жолаушыларды күні бойы тасымалдап нан тауып жүр. Ол да сергек болу үшін сол сусынға жүгінеді. Айналаңызда да ондай адамдар жоқ емес. Тіпті, өзіңіз де әуес шығарсыз. Бірақ бәрі оның денсаулыққа кері әсері барынан хабардар. Уақыт өте келе сол сусынның кесірінен ауырып, тіпті бақиға аттанғандар да бар. Соған қарамастан адамдар энергетикалық сусынды тұтынуды тоқтататын емес. Неліктен одан бас тарту қиын? Денсаулыққа кері әсері қандай? Тәуелділіктен қалай арылуға болады?
Осы сұрақтарға жауап алу үшін невролог, нутрициолог Аққу Зинеловамен тілдескен болатынбыз. Дәрігер энергетикалық сусынның ағзаға қалай әсер ететінін айтып берді.
— Энергетикалық сусындарды үлкен-кіші талғамай ішеді. Оның құрамында кофеин, глюкоза, қант бар. Тәтті дәм беретін басқа да элементтер қосылған. Осының бәрі адамға күш беріп, оның физикалық белсенділігін жоғарылатады. Бұл сусынды студенттер қауымы көп тұтынады. Сабақ оқуға, ақпаратты жеңіл қабылдауға септігін тигізетіні рас. Энергетикалық сусын адамның есте сақтау қабілетін жақсартатын болып көрінеді. Түнімен жұмыс істейтін адамдардың да жақын «серігіне» айналғаны сондықтан. Бұл сусынды ішкен адамдардың көңіл күйі көтеріледі. Әрі метаболизм тез жұмыс жасай бастайды. Кейбір адамдар арықтаймыз деген оймен де тұтынады. Энергетикалық сусындар кейде тіпті ауырсынғанды басады. Мысалы, тістің немесе бұлшық еттің ауруын тыяды. Бірақ бір тұтынған адам күн сайын дозаны көбейтіп, қалай тәуелді болғанын байқамайды, — дейді дәрігер.
Аққу Зейнелова энергетикалық сусын темекі сияқты әсер ететінін айтады. Ол жүректі зақымдап, оның тез соғуына әсер етеді.
— Адамдардың энергетикалық сусындардан бас тарта алмайтын себебі — кофеинге тәуелділік. Бір энергетиктің құрамында екі стакан кофеге татитын кофеин болады. Қанттың да көлемі жоғары болғандықтан, миға тез әсер етіп, адамдарды белсенді етеді. Шаршағанды да жылдам басады. Ал оның зиянды жақтарына келсек, жүрек тамыр жүйесіне зиян. Қан қысымын жоғарылатады. Оны жүкті әйелдерге, жасөспірімдерге ішуге болмайды. Ол әуелі асқазан-ішек жолына түсіп, құрамындағы заттардың барлығы қанға сіңеді. Содан кейін жалпы стимуляция басталады да, адамға күш тарап, адам белсенді, сергек болады. Бірақ уақыт өте келе, бұл — адам ағзасының әлсіреуіне алып келеді. Жүректің ритмі бұзылып, инфарктың болу қаупі де жоқ емес. Энергетиктерді іше бергеннен кейін тамырда жиналған тромб үзіліп, көз жұмған жағдайлар да орын алуда. Энергетикалық сусынды көп тұтынатындар уақыт өте келе бас ауруы мен ұйқысыздыққа душар болады. Адам агрессивті, ашушаң күйге түседі. Тез шаршап, мазасыз күй кешеді, — дейді дәрігер.
Аққу Зейнелова энергетикалық сусынға құмар жандар оны күніне бір рет қана тұтыну керектігін айтады. Яғни, бір құтыдан асырмағаны абзал. Оның орнына кофе ішуге болады. Энергетикалық сусынның құрамында таурин бар. Бауырға, өт жолдарына, жүрекке зиян келтіреді. Оның орнына дене жаттығуларын жасап, спортпен айналысу өте пайдалы. Физикалық жаттығулардың бәрі жүйке жүйесін қалыпқа келтіріп, энергия береді. Осы кезде адамдағы эндорфин, серотонин гармондары бөлінеді екен.
Дені саудың – жаны сау. Жақында қабылданған заң 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусынды сатып алуға тыйым салғаны қуантады. Бұл жаңашылдық талай жасты зиянды сусыннан қорғайтыны сөзсіз. Ал бұл сусындарға құмар жандар жоғарыдағы дәрігердің пікіріне құлақ асса екен деймін. Әркімнің денсаулығы – өз қолында.
Кәмила БЕЙСЕМБАЙ,
Назгүл МИНАЙ,
Торайғыров университетінің 2-курс студенттері.