Біз технология қарыштап дамыған заманда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан болар, бесіктен белі шықпаған балалар үлкендерді үйретуге құмар. Бәрін өзім білем деп тұрады. Ата-аналар да ұл-қызының айтқанын орындауға дайын. Оған не себеп?
Қазіргі балаларды смартфон тәрбиелеп жатқаны жасырын емес. Үйдегі ата-ана мен бала да телефонға телміріп отырады. Кішкентай саусақтарымен былай да былай телефон бетін сипап, керегін әп-сәтте тауып алады. Әріп тану тұрмақ, сөйлеуді енді бастап жүрген сәбилер де солай. Телефондағы Youtube-тен өзіне керегін қосып алып, содан қызыққа батып отырғаны сол. Жылатпаудың амалы деп қыңқ етсе қолына ұстата саламыз. Балаңыз сыртқа шығудан қалып, компьютер не телефоннан бас алмайтын болса, айтқан ескертуіңізді негатив түрде қабылдаса, тәуелділік қалыптасқанын білдіреді.
Сәбидің көңілін аулап, тыныштандыру үшін телефон беретін ата-ана көп. Ол одан мультфильм қарайды не ойын ойнауды әдетке айналдырады. Тым ерте кезден гаджетке үйреніп кеткен баланың сөйлеу қабілеті бұзылады екен. Өйткені ми қызметі сурет салу, құрастыру сияқты қабілеттер арқылы дамиды. Қолды тек смартфон бетін сипау үшін ғана қозғалтатын болса, сөйлеу процесі тежеліп, бала адаммен қарым-қатынас жасауға икемсіз болады екен.
Балам көштен қалмасын деген ата-ана, баланың көштен емес, денінің саулығынан айырылып жатқанын есте ұстаса екен. Бұл туралы дәрігерлер не дейді? Біріншіден, сенсорлы экран алдында сағаттарын өткізген балаларда бас миы мен қол қимылының әрекеттерінің үйлесімінде қиындықтар пайда болады. Мұндай балалардың допты түзу лақтыра алмайтындығы дәлелденді. Екіншіден, смартфон экранындағы ұсақ бейнелерге жиі қарап отыру – алыстан көрушілік қабілетін жояды және көздің талуы, құрғауы қабынуға, індет жұқтыруға соқтырады. Үшіншіден, техникаларға үңілу омыртқаға зиян. Мойын дөңгелектеріне (шейный диск) ота жасаумен айналысатын дәрігерлер мұндай оталар бұрын тек қырықтан асқан адамдарға жасалғандығын, ал қазір жас сәбилер мұқтаж екендігін айтады. Адам күніне сағаттап үңіліп отырғандықтан, олардың мойын дөңгелектеріне зиян келіп, нәтижесінде жасандылармен алмастырылады. Сондай-ақ, басты үнемі түсіріп отыру, иекті мойынға қысу қабыну үдерістеріне, терінің тез қартаюына ұшыратады. Мұндай зиянды тізе берсең, көп. Баланың қарны тоқ, көйлегі көк, қажеттеліктерінің жоқ болуы – оның жақсы тәрбие алып жатқандығының белгісі емес. Мұндай қателікке ұрынған ересектер өзінің ғана ұтылып жатқандығын емес, өзгелерге зиян тигізіп жатқандығынан бейхабар.
Сол себепті ата-аналар бала жыласа телефон ұсынып, бар айтқанын орындап отыруы дұрыс емес. Бетінен қақпай өскен бала, тіпті ата-анасының айтпақ болған ақылын қабылдамақ түгіл, тыңдағысы да келмейтіні сондықтан. Баланы — жастан демекші, дер кезінде бағыт беріп үлгермегендіктен, кеш болуы мүмкін. Бұдан тек ата-ана ғана опық жейді.
Кәмила БЕЙСЕМБАЙ.
Торайғыров университетінің студенті.