Павлодар технологиялық колледжі — қоғамда сұранысқа ие мамандарды даярлап шығаратын беделді білім ордасы. Оқу орнының түлектері жыл сайын 100 пайыз жұмыспен қамтылады. Тіпті, колледж студенттерінің басым көпшілігі өндірістік тәжірибеден өту кезінде талабымен бірден жұмысқа қабылданады. Бүгінде оқу мен қызметті қатар алып жүрген жастар көп.
Павлодар технологиялық колледжінің студенті Аяжан Ыдырысова қазіргі уақытта «Batyr Mall» сауда-ойын сауық орталығындағы жастар жиі баратын «Discovery» тамақтану орнында аспаз болып қызмет атқарады. Тамақ өнім-дерінің технологиясы мамандығының 2-курсында білім алып жүрген қыз қызметке өндірістік тәжірибеден өту кезінде бірден қабылданған. Жасы әлі 17-ге толмаса да, оқу мен жұмысты қатар алып жүр.
— Ертіс ауданы Луговое ауылындағы мектептің 9-сыныбын бітіріп, технологиялық колледжге оқуға түстім. Әлі екі жыл оқуым керек. Биыл «Discovery» тамақтану орнында өндірістік тәжірибеден өту кезінде жұмысқа қабылдау туралы ұсыныс түсті. Бір ай көлемінде тағы тәжірибеден өтіп, қызметке қабылдандым. Тамақтану орнына келушілер көп. Әсіресе, кофе ішетін жастардың қатары басым. Сонымен қатар, қазіргі жұртшылық жақсы көретін тез дайындалатын фри картобы, қуырылған тауық еттерін, макарон пасталары сынды түрлі тамақ түрлерін әзірлейміз. Ас мәзірінің түрлері саналуан, — дейді А.Ыдырысова.
Аяжан алғашқы жұмыс орны өзіне ұнайтынын айтады. Колледжді тәмамдағаннан кейін жоғары оқу орнына түсіп, мамандығы бойынша білім алуды жалғастырмақ ойы бар. Бірге оқитын құрдастары да өзі сияқты оқу мен жұмысты қатар алып жүр.
— Қазіргі уақытта тамақтану орын-дары көп. Сондықтан аспаздарға сұраныс жоғары. Осы саланы таңдап, білім алып жатқаныма қуанамын. Құрдастарым да өндірістік тәжірибеден өту кезінде жұмысқа қабылданды. Олар қаладағы танымал тамақтану орындарында еңбек етуде. Қабілет болса, ас мәзіріндегі кез келген тамақты әзірлеу технологиясын меңгеруге болады. Оның үстіне біздің колледжде заманауи технологиялардың көмегімен ұстаздарымыз ас әзірлеуді үйретеді. Өндірістік тәжірибеге біраз дүниені біліп келеміз деп айтсам болады. Сондықтан болар, колледж студенттерінің көпшілігі жұмысқа тез қабылданады.
Биыл шәкіртақымыз өсті. Бұдан бөлек, алғашқы жұмыс орнымдағы айлығым 250 мың теңгеден асады. Келушілердің қатары көп болса, тапсырыс санына байланысты одан да көп алуым мүмкін. Бастысы, өзім таңдаған мамандықта оқып жүріп, маңдай теріммен адал табыс тауып жүргеніме қуанамын. 16 жасымнан еңбекке араластым. Студенттеріне осындай мүмкіндік беріп отырған колледж басшылығына, ұстаз-дарыма алғыс айтамын, — дейді А.Ыдырысова.
Атап өтерлігі, колледж «Каспий» академиясымен жасаған келісімшарт аясында өз студенттерін Түркия мемлекетінде тәжірибеден өтуге, диплом алған түлектерді сол елдегі ірі қонақ үйлерге жұмысқа орналастыру мүмкіндігін де қарастырған. Студенттің шетелге барып келуі, тамағы мен жатар орнын сол қонақ үй иесі қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, ай сайын 600 АҚШ доллары көлемінде еңбекақы төлейді. Аяжан да мұндай мүмкіндіктен бас тартқысы келмейтінін жеткізді. Бірақ 18 жасқа толмағаннан кейін әзірге шетелге шыға алмайды.
— Кәмелет жасына толған кезде колледж тарапынан шетелге баруға ұсыныс түссе, қабылдаймын.
Мұндай мүмкіндіктен ешкім бас тартпайды. Тәжірибе алмасу арқылы ғана адам өседі, шыңдалады. Бәрі – уақыт еншісінде, — дейді жас маман.
Студент кезінен мамандығы бойынша жұмыс істеп жүрген жастар көпке үлгі болары сөзсіз. Әлі 20 жасқа толмай, маңдай терімен адал еңбек тауып жүрген Аяжанның болашақта мақсаты көп. Өз кәсібінің маманы болып, жеке іс ашқысы келеді. Білімді әрі талапты жастың келешегіне сәттілік тілейміз!
А.АСҚАРҚЫЗЫ.