Ария Қазбекованы Аққулы ауданының тұрғындары жақсы біледі. Он саусағынан өнер тамған ісмер қыз-келіншектерге қалаған көйлегін «құйып қойғандай» тігіп береді. Ескі киімдерге жаңа өң беріп, балалардың да киімдерін тігеді. Жас кәсіпкерге өз ісін бастауға «Бастау» жобасы мүмкіндік берген.

Аталған бағдарламаның жемісін көріп отырған ауыл жастары көп. Бұл жоба жұмыссыз деп тіркелген қыз-жігіттерге, жас отбасыларға екі қолға бір күрек табуға мүмкіндік беруде.

Аққулы ауданының тұрғыны Ария Жүрсінқызы бұған дейін құрылыс саласында еңбек еткен. Кішкентай нәрестесімен декретте отырған кезде сүйікті ісімен шұғылдана бастаған. Ол коронавирус кезіндегі карантин уақытында тұрғындарға медициналық маска тігіп көмектескен. 2019 жылы кәсіпкерлік негіздері курсын бір ай оқып, бизнес жоспар қорғайды. Нәтижесінде 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы алды. Ария заманауи тігін машинасын сатып алып, іс тігу ісіне машықтанады. Бүгінде ол қыз-келіншектермен қатар, ер азаматтарға, балаларға да киім тігеді.

— Киім тігу ісіне қызығушылығым бар еді. Оның үстіне үнемі сұраныстағы кәсіп екенін білемін. Бүгінде тұрақты клиенттерім бар. Ескі киімдерге жаңаша өң беріп, заманауи стильге сай сәндеймін. Қыз-келіншектерге тапсырыс бойынша көйлек тігемін. Көп жағдайда тойға көйлек таба алмаған арулар менің көмегіме жүгінеді. Бұдан бөлек, ер азаматтарға қазақша киім тігемін. Нәрестені перзентханадан шығарып алуға арналған жиынтықтарды да, ересектерге спорт киімдерін де тігемін. Кем дегенде күніне 2-3 тапсырыс аламын. Айына 150 мың теңге көлемінде табыс түседі, — дейді А.Қазбекова.

Ария Жүрсінқызы – 3 баланың анасы. Бұл бизнесті балаларымен үйде отырып атқарып отыр. Сүйікті ісімен айналысуға мүмкіндік берген аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандарына ризашылығын білдіреді.

— Елімізде жастарды қолдауға арналған бағдарламалар баршылық. Барлық жастың қолынан іс келеді. Тек тәуекел ете білу керек. Мемлекет беріп отырған мүмкіндікті пайдалану қажет. Қазір қайтарымсыз негізде берілетін қаржы көлемі артқан. Үш бала болғаннан кейін басшылыққа бағынып жұмыс істеу әйел адамға оңай емес. Осы бағдарламаның арқасында өзіме өзім бастық болып, жұмыс кестесін қалауымша қоямын. Балаларыма да уақыт арнаймын. Ана үшін осыдан асқан бақыт бар ма? — дейді жас кәсіпкер.

Ауыл тұрғындарының сұранысын қамтып, қажетті киімді ерекше талғаммен тігіп отырған жас кәсіпкердің жұмысына табыс тілейміз.

 

А.АСҚАРҚЫЗЫ.