Шетел шекарасыз бiлiм сыйлайды

Ақп 6, 2025

Қазіргі студенттер жан-жақты әрі білімді. Шетелдің мәдениетімен танысып, тәжірибе алмасу үшін де елімізде жағдай жасалуда.  Бұл ретте академиялық ұтқырлық бағдарламасы сыйлап отырған мүмкіндікті ерекше атап өтуге болады.

Жоғары білімді меңгеру жастарға кәсіби маман болуға ғана емес, тұлғалық тұрғыда да өсіп-дамуға мүмкіндік береді. Университет өмірі тек оқудан тұрмайды, түрлі іс-шараларға қатысып, өзара қарым-қатынасты дамыту, қоғамдық жұмыстарға араласу, көкжиегіңді кеңейтуге жол ашады. Жоғары оқу орны әлемдік білім кеңістігіне жол ашатын басты мүмкіндіктердің бірі екендігін бірі білсе, енді бірі біле бермейді.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасы – студенттердің басқа елде білім алуына мүмкіндік сыйлайтын жоба. Бұл арқылы студенттер әлемнің ең үздік университеттерінде оқып, жаңа білім алумен қатар, мәдениетті де зерттей алады. Бағдарлама жастардың ой-өрісін кеңейтіп, болашақта түрлі салада жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Өзге елде білім алып келген студенттер көбінесе жоғары талаптарға сай маман болып қалыптасады, себебі олар жаңа технологиялар мен тың әдістемелерді меңгеріп, халықаралық деңгейде тәжірибе жинайды. Шетелде оқу – бұл жеке тұлға ретінде де, кәсіби маман ретінде де дамудың ең тиімді жолы.

Осы бағдарлама арқылы шекара асып, білім қуып келген жастар бағдарлама сыйлаған мүмкіндік үшін тек алғыс айтады. Өйткені өзге елден оралған студенттердің білімге, оқуға деген құштарлығы артып, өмірге деген көзқарасы өзгереді.

Осындай мүмкіндікті пайдаланғандардың қатарында өзімнің группаласым Гүлнәз Мұханжан бар. Ол Польша елінің Познань қаласындағы Адам Мицкевич атындағы университетке өткен жылдың қазан айында кеткен болатын. Алдағы айда университетімізге оралады. Құрбым жарты жыл көлемінде танымал оқу орнындағы оқытушылардың сабағына қатысып, сол елдің студенттерімен бірге білім алуда. Польша мемлекетінің мәдениетімен танысуда.

— Польшада оқу мен үшін үлкен тәжірибе болды. Дүниетанымымды кеңейтті. Журналистиканы халықаралық қырынан тани алдым. Әрі ағылшын тілін жақсы меңгерудемін. Ол үшін жергілікті тұрғындармен көп сөйлесіп, деңгейімді арттырдым. Оқудан бөлек, олардың өмір салтын зерттедім.

Польшадағы білім беру жүйесі біздің елмен салыстырғанда өзгеше. Мұнда дәрістер мен тәжірибеде өте белсенді болуға, топтық жұмыстарда өз ойыңды ашық айтып, пікір алмасуға дағдылануға тура келді. Бұл тәжірибе менің ойлау қабілетімді дамытып, білімге деген қызығушылығымды арттырды. Мен тек Польша мәдениетінен бөлек, әлемнің өзге мемлекеттерінен келген студенттермен таныстым.

Испания, Швейцария, Франция, Германия, Италия, Норвегия сынды елдерді араладым. Берлиндегі Рақымжан Қошқарбаев Рейхстагқа ту тіккен орын, Освенцимдағы концлагерь сияқты тарихи орындарды көрдім. Сол арқылы көкжиегімді кеңейттім. Бұл мені өзіме жаңа көзқараспен қарауға, көптеген мәдениеттердің бір-бірінен қалай ерекшеленетінін түсінуге үйретті, — дейді Г.Мұханжан.

Қазіргі таңда Қазақстанның барлық университеттері халықаралық академиялық ұтқырлық бағдар-
ламаларын белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Қазір келесі оқу жылының бірінші семестріне тіркеу ашылып жатыр. Бұл туралы өз оқу орныңыздың әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған мәлімдеме арқылы немесе жауапты мамандардан сұрап біле аласыз. Тек ағылшын тілі деңгейіңіз сөйлесу үшін жарап тұрса болғаны. Мүмкіндіктен қапы қалмай, өз бағыңызды сынап көріңіз!

Қорытындылай келе, жоғары білім қазіргі қоғамда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, жеке даму, тәжірибе жинақтау да — жастардың болашағына әсер ететін факторлар. Академиялық ұтқырлық бағдарламаларының кеңейтілуі еліміздің жоғары білім жүйе-сінің сапасын арттыруға, жастардың халықаралық аренада бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді. Өзім де осы бағдарлама аясында шетелде білім алуды көздеймін.

Әдемі КӘУКЕН,

Гумилев атындағы ЕҰУ-дың студенті.