Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы — салт-дәстүрін сақтаған, тілі мен мәдениетін жоғалтпаған қазақтардың алтын ұясы. Сол өңірдегі мыңдаған отбасы үшін Қазақстан – тарихи Отан ғана емес, болашақпен байланысты үміт мекені. Соңғы жылдары атажұртқа бет алған қандастардың саны артып келеді. Олардың басым көпшілігі — білім алуға, дамуға ұмтылған жастар.
Қандас мәртебе ғана емес, елге сіңісу, мәдени мұраны сақтау, ұрпаққа ұлттық рухты аманаттау, жауапкершілікпен өмір сүруді білдіреді. Қазақстанға оралып жатқан әрбір отбасы ұлттың тұтастығы жолындағы маңызды қадамды жасап отыр.
Қазіргі таңда Моңғолияда 100 мыңнан астам қазақ өмір сүруде. Олардың көпшілігі Баян-Өлгей аймағында тұрады. Бұл өңірде қазақтар өз тілінде білім алады, ұлттық мейрамды атап өтеді. Жергілікті жастардың басым бөлігі болашағын Қазақстанмен байланыстырып отыр. Өйткені тарихи Отаны — тек естеліктердің мекені емес, даму мен өркендеудің нақты мүмкіндігі.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған ресми деректерге сәйкес, 2024 жылы 4518 этникалық қазақ тарихи Отанына оралды. Олардың ішінде 1088 адам — Моңғолиядан келген қандастар. Бұл — Өзбекстаннан кейінгі екінші көрсеткіш. Ал 2025 жылдың алғашқы тоқсанында тағы 133 қандас Моңғолиядан Қазақстанға көшіп келген. Бұл – статистика ғана емес, мыңдаған тағдыр мен үміт. Жүрегі «Атамекен» деп соққан азаматтардың Қазақстанмен қайта табысуының айғағы.
Қазақстан – шеттегі қазақ үшін тарихи Отаны болғанымен, іс жүзінде жаңа мемлекет, жаңа қоғам. Қандас мәртебесін алу — тек алғашқы қадам. Елге оралған қандас бірқатар қиындыққа тап болатыны жасырын емес. Мәселен, құжаттарды рәсімдеу кезінде туындайтын кедергілер, баспана мәселесі мен жалдау ақысының жоғары болуы, дипломның мойындалмауы және мамандыққа сәйкес жұмыс таба алмау, жергілікті халықтың түсіністік танытпауы сынды мәселелер кездесіп жатады.
Мемлекет тарапынан қандастарға арналған қолдау бағдарламалары бірнеше бағытта жүзеге асып жатыр. Бұл ретте қандас мәртебесін алған азаматтарға әлеуметтік жеңілдіктер беріледі, солтүстік және шығыс өңірлерге көшкендерге 70–100 АЕК көлемінде бірреттік жәрдемақы, сондай-ақ 12 ай бойы жалдамалы баспана ақысы өтеледі. Өкініштісі, бұл бағдарламалар барлық өңірде толық жүзеге асырылмайды. Бір аймақта жақсы іске асып жатса, басқа өңірде баяу жүріп жатқаны байқалады. Сондықтан жүйелілік пен бақылау қажет.
Әрбір қандас қазақ тілін сақтау және ұрпағына үйрету, қазақы болмысты ұмытпау, еңбекқор болу, елге пайда келтіру, қоғамға үлес қосуға міндетті.
Қазақстан – бабалар аңсаған мекен. Ол мекенді көркейту — бізге аманат. Моңғолиядан келген қандас ретінде, Қазақстанды мекен емес, тағдыр деп түсінемін. Бұл елмен бірге менің де болашағым өріледі.
Аллаберген АМАНБЕК,
Торайғыров университетінің 2-курс студенті.
