Қазақша сайрап тұр

Нау 27, 2025

Соңғы жылдары аймағымызда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің тарапынан қазақ тілін меңгеруге деген құлшыныстың артып келе жатқанын аңғарамыз. Павлодарлық Марина Харчук балабақшадан бастап жоғары оқу орнына дейін мемлекеттік тілде білім алған. Бүгінде қазақ тілінде еркін сөйлеп, Абай секілді белгілі ақындардың өлеңдерін жатқа оқиды.

Қазақшаға судай, мақалдың майын тамызып айтқанда өзіңді сүріндіретін Марина қазақ тілін меңгеру барысында барлық жағдай жасалғанын айтады. Алғашқыда күнделікті өмірде дүкендегі өнім атауларын сұрап, қазақ балаларымен тіл табысуға ден қойған. Дегенмен, ауызекі сөйлеу мәнерінде сөздік қордың жоқтығы, екпіннің болуы оған қатты әсер еткен. Уақыт өте келе, сөздік қорды нығайту үшін көбірек кітап оқуға, ойын тек қазақ тілінде жеткізуге тырысқан.

— Қазақ тілін алғаш рет балабақшадағы тәрбиешілер үйретті. Достарымның көбі қазақтар болды. Кейін мектепте, колледжде және жоғары оқу орнында мемлекеттік тілде білім алдым. Бүгінгі таңда қазақ тілін жетік меңгердім деп айта аламын. Өйткені қазақ тілі мен әдебиетін терең оқуыма ата-анамның ықпалы зор болды. Мемлекеттік тілді меңгергенімнің арқасында, қазақтың көркем әдебиетіне, оның ішінде Абай атамыздың шығармаларына деген қызығушылығым мені бірталай жетістікке жеткізді.

Қазақ тілін үйренуге ниетті адамдарға айтарым, барлығын өз ортасынан бастауы керек. Ән тыңдап, фильм көріп, кітап оқып, курстарға қатысу керек. Оған қоса, ғаламтор желісінде тіл үйрететін бағдарламалар мен ақпарат көп. Шынайы ниеті бар адам үйренудің тәсілін табады, — дейді ол.

Иә, Маринаның қазақ тілі мен әдебиетіне жақын болғаны соншалық, ол көркемсөз оқуларына қатысып, үздік нәти-желерге қол жеткізген. Бүгінде Павлодар қаласындағы «Қамқор вагон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Павлодар вагон жөндеу депосының» филиалында жоспарлау-экономикалық бөлімінің технигі болып еңбек етеді. Сөзінше, қызмет барысында мемлекеттік тілді меңгергеннің артықшылықтары бар.

—  Мемлекеттік тілді меңгеру маған көп мүмкіндік берді. Мәселен, қызмет барысында кез келген адаммен қазақ тілінде еркін сөйлей аламын. Сондай-ақ, қандай да бір ақпаратты немесе құжатты екі тілге аудара аламын. Қазақ тілін кез келген жаста оқып меңгеруге болады. Бастысы – әр адамның ынтасы мен өзінің еліне деген құрметі, — дейді ол.

Марина секілді өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеріп жатқаны көңіл қуантады. Егер осындай жалынды жастарымыз арасында мемлекеттік тілдің маңызы мен салмағының артқанын қаласақ, елімізде тұрып жатқан әр азаматқа қазақ тілін балабақша кезінен бастап үйрету қажет. Сонда қазақ тілінің мәртебесі жоғары болары анық.

Айдана БОРАНБАЕВА.

 

 

 

WhatsApp