Жақында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ойын бизнесі, лотерея қызметі және лудоманияға қатысты заңға қол қойды. Бұл құжаттың қабылдануын жұртшылық асыға күткені рас. Өйткені қоғамда «ойынпаздық дерті» белең алды. Құмар ойынға жастар мен жасөспірімдер де құштар болып кетті. Бәс тігудің салдарынан әрбір үшінші отбасы ажырасуда.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде 350 мыңға жуық лудоман бар. Бұл — тек тіркелгендері. Тізімгі ілікпей қалғандарының саны одан да көп. Еліміздегі ажырасулардың 40 пайызына лудомания себеп. Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа баратындардың дені – осы құмар ойынға шалдыққандар. Өткен жылы Алматы облысында орын алған жантүршігерлік оқиғаға да осы мәселе себеп. Құмар ойынға берілген еркек әйелі мен екі баласын аяусыз өлтіріп, үйін өртеп жіберген оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Сөйтіп, болмашы ақшаға отбасының өмірін қиды.
Елімізде орын алған суицидтің 20 пайызы осы құмар ойынның кесірінен тіркелген. 2023 жылы елімізде 3676 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болған. Өкініштісі, олардың әрбір бесіншісі лудоманияның салдарынан көз жұмған. Өкінішке қарай, бұл дерт қазір әскерде де кең етек алды. Осыдан бір жыл бұрын курсанттың өз-өзіне қол жұмсауына тағы да ойынқұмарлық дерті себеп.
Елімізде шамамен әрбір бесінші адам құмар ойынға әуес. Алаңдататын мәселенің бірі — шамамен 200 мыңға жуық кәмелет жасқа толмаған бала букмекерлік кеңселерге бәс тігіп, құмар ойындар ойнайды екен.
Бейресми деректер бойынша, былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы 1 триллион теңгеге жеткен. Сондықтан өзекті мәселені ауыздықтау үшін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары арнайы заң жобасын мақұлдаған еді. Жақында Мемлекет басшысы маңызды құжатқа қол қойып, көпшілікті қуантты.
Заңға сүйенетін болсақ, бұдан былай құмар ойындарға бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді. Енді олардың қатарына борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар қосылды. Сонымен қатар, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға бәс тігуге қатысуына шектеу қойылды. Енді құмар ойындарға бәс тігуге қатыса алмайтындардың арасында мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары бар. Егер олар заң бұзса, тек ескертумен шектеліп қалмай, бірден жұмыстан шығарылады. Мұндай нақты шаралар заңның мүлтіксіз орындалуы үшін керек. Букмекерлік кеңселердің жарнамаларына шектеу қойылды. Енді олардың қызметін көлік құралдарында, БАҚ-та, кино, видео және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынады. Тек букмекерлік кеңсе орналасқан жердегі сыртқы жарнамаға, спорт ғимараттарының іші мен спортшылардың киімінде, спорттық тақырыпқа маманданған және ресми тіркелген БАҚ-та, сондай-ақ отандық телеарналар халықаралық спорттық жарыстарды тікелей трансляция жасаған кезде жарнамалауға рұқсат етіледі.
Лудоманиямен күрес тек заң қабылдаумен шектеліп қалған жоқ. 2026 жылға қарай жылдар бойы лудоманияның құрығында жүргендердің санын екі есе қысқарту мақсатында мемлекет есебінен тегін емдеу мен медициналық-әлеуметтік оңалту ұсынуды жоспарлап отыр. Бұл мақсатқа бюджеттен 80 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Сондай-ақ, ел билігі лудоманиямен күрес аясында төрт бағыт бойынша 42 іс-шара ұйымдастырмақ.
Тағы бір айта кететін жайт – eGov mobile қосымшасында қазақстандықтар құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуларын ерікті түрде шектеу туралы өтініш бере алады. Онда барлық заңды ойын мекемелері мен букмекерлік кеңселердің сайттарына 6 айдан 12 айға дейін кіруге тыйым салуға болады.
Жаңа заң әсіресе, жастарды, жасөспірімдерді, жас отбасыларды құмар ойыннан қорғап, жаман жолға түсуіне тосқауыл болса деген тілегіміз бар.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.