Ұлттық бренд — ұлттың беделі

Мам 29, 2025

Қазақстанда жасалған. Бүгінде бұл тіркес сапа мен отан-сүйгіштіктің белгісіне айналды. Қазіргі таңда жастардың көбі киімге, телефон аксессуарларына, сағаттар мен тұрмыстық заттарға рәміздер суретін салуды жақсы дәстүрге айналдырды.

Соның жарқын мысалы — «OTAN» сағат бренді. Бұл — еліміздегі тұңғыш отандық сағат өнімі. Бұл брендтің тарихы 2015 жылы бастау алды. Жобаның негізін қалаған — кәсіпкерлер Арман Тосқанбаев пен Айбек Есенов. Арман алғаш Facebook әлеуметтік желісінде алты сағат эскизін жариялаған сәттен бастап қазақстандықтардың қызығушылығы оянып, брендке деген сұраныс күн санап өсе түсті. Сағаттардың бетінде Қазақстанның Елтаңбасы бейнеленген алғашқы үлгілері бар-жоғы екі айдың ішінде жүз дана көлемінде сатылып үлгерді.

Қазіргі таңда «OTAN» сағаттарына деген сұраныс әлі де жоғары. Әсіресе, мерекелік күндерде, шетелде тұратын қазақ диаспорасы мен мемлекеттік қызметшілер арасында жоғары бағаланады. Олардың пікірінше, брендтің танымалдылығы артқан сайын оның символдық мәні де тереңдей түскен.

— «OTAN» сағатын таққан сайын елімнің символын жанымда алып жүргендей сезімде боламын. Менде бұл брендтен «Patriot» және «Kazakhstan» атты екі модель бар. Сағаттардың сапасы көңіл қуантады. Салмақты, берік әрі ұқыпты жасалған, — дейді тұрақты тұтынушы Айбек Жұмабаев.

Сонымен қатар, ұлттық нақыш пен дәстүрді күнделікті өмірге әкелетін тағы бір бренд «Erekshe» деп аталады. Erekshe-нің ерекшелігі — Қазақстанның Мемлекеттік рәміздерін және ұлттық өрнектерді кәдесыйлар мен тұрмыстық заттарға, оның ішінде автомобильдерге арналған қаптамаларға, телефон аксессуарларына безендіру арқылы танытуы. «Еrekshe» өнімдері – ұлттық рух пен заманауи стильдің үйлесімі. Олар Тәуелсіздік нышандарын күнделікті өмірде кеңінен таратып, насихаттап отыр.

   

Сондай-ақ, «Erekshe» өнім-дері шетелге сапар жасайтын қазақстандықтарға, мемлекеттік ұйымдарға, шетелдік қонақтарға тарту ретінде де жиі ұсынылады. Бұл брендтің тағы бір атап өтер тұсы – өнімдері арнайы экологиялық материалдардан жасалады. Сол себепті, өнім ұзақ қолдануға және жоғары сапаға бағытталған.

Сондай-ақ ұлттық киім мен заманауи стильді біріктіретін «Arlem» коллекциясы бар. «Arlem» — заманауи киім мен Мемлекеттік рәміздердің үйлесімділігін дәріптейтін отандық бренд. Ол жастардың ұлттық сана-сезімін арттыруды, ұлттық мақтаныш нышандарын заманауи стиль арқылы көрсетуді мақсат етеді. Бренд 2019 жылдан бастап жұмыс істейді. Қазіргі уақытта жастар арасында танымалдылыққа ие болып, қысқа уақыт ішінде трендке айналып үлгерді. «Arlem» киім үлгілерінде Қазақстанның мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы және ұлттық ою-өрнектер қолданылған. Өнімдердің арасынан түрлі ою-өрнектерді, Тудың элементтері мен Елтаңбаның символдарын байқай аламыз. Әсіресе, спорттық жейделер, бомберлер, бас киімдер мен күртелерде ұлттық реңк айқын көрінеді.

Тұтынушылардың пікірінше, бренд матасы сапалы, тігісі мінсіз, ал дизайны трендке сай. Сондықтан бұл өнімдер күнделікті киюге өте ыңғайлы. Брендтің басты мақсаттарының бірі — ұлттық символдарды күнделікті сәнге айналдыру арқылы мәдениет пен заманауи трендтерді біріктіру.

Жоғарыда атап өткен брендтер — Мемлекеттік рәмізіміздің маңызын арттыра түсетін ерекше ұлттық белгілердің бірі. Бұл өнімдердің арқасында Қазақстанның тарихи және мәдени құндылықтары кеңінен танылып, ұлттың беделі айқын көрініс табуда.

 

Әдемі КӘУКЕН.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті.