Ұлттық үн мен заманауи тыныс

Қаң 29, 2026

Қазақтың дәстүрлі музыкасы – ұлттың рухани жадын сақтаған киелі қазына. Күйдің әуені, домбыраның қоңыр үні халықтың тағдырын, болмысын, дүниетанымын баяндайды. Бүгінгі күнде сол асыл мұраны көздің қарашығындай сақтай отырып, оны заман талабына сай жаңаша сөйлету – екінің бірінің қолынан келе бермейтін күрделі міндет. Осы бағытта табанды еңбек етіп, ұлттық өнерге жаңа серпін беріп жүрген жас өнерпаздардың бірі – дәстүрлі музыкалық өнердің өкілі, домбырашы-педагог, «Рух» этно-микс тобының жетекшісі Мәди Тулев.

Мәди Құрманғазыұлы музыка әлеміне бала кезінен қадам басты. Домбыраның қоңыр үні мен қазақтың күй өнері оның жүрегіне ерте ұялап, өмірлік бағытын бекем айқындады. Ол үшін музыка ешқашан жай мамандық болған емес, кері-сінше, жан дүниесінің тіліне, өмірлік ұстанымына айналды.

– Музыка – менің тағдырым. Ол арқылы мен өз ойымды ғана емес, ішкі сезімімді, жан дүниемдегі толғаныстарды, ұлттық болмысымды жеткіземін. Әр күй – мен үшін сөзсіз айтылған әңгіме, тарих пен рухтың үнге айналған көрінісі. Домбыра арқылы халқымның мінезін, оның өткенін де, бүгінін де сезіндіруге тырысамын, – дейді Мәди.

Алғаш сахнаға шыққан сәтін өнер иесі әлі күнге дейін ерекше толқыныспен еске алады. Қобалжумен және жауапкершілікпен қатар жүрген сол бір сәтте домбыраны қолына алған мезеттен бастап бар ойы музыкаға ауып, сахна мен орындаушы арасында үнсіз үйлесім орнаған. Өнерпаздың айтуынша, қобалжу –тірі өнердің белгісі. Бастысы, тәжірибеге сеніп, ойды күйдің мазмұнына бағыттау. Сонда сахна өзіңе бағынады.

Бүгінде өнерпаз шығармашылықтың жаңа кезеңіне аяқ басты. Ол авторлық бағытқа бет бұрып, ұлттық дәстүр мен заманауи музыкалық стильді ұштастырған туындылар жазуды мақсат еткен. Оның айтуынша, дәстүрлі музыка қатып қалған қалыпта қалмауы тиіс. Ол заманмен бірге дамып, тың сипатқа ие болуы керек. Дәл осы ұстаным «Рух» этно-микс тобының құрылуына негіз болды.

– «Рух» тобы – бір күнде пайда болған жоба емес. Оның негізінде ұзақ жылғы ізденіс, ой мен тәжірибе жатыр. Ұлттық музыкаға деген сүйіспеншілікпен қатар, оны қазіргі заман тілімен сөйлетуге деген ішкі қажеттілік туындады. Біздің мақсат – дәстүрден алыстамай тың нұсқа ұсыну. Қазақтың көне аспаптарының үні бүгінгі жас тыңдарманға да түсінікті, жақын болуы керек деп ойлаймын, – дейді ол.

«Рух» тобы ұлттық музыканы заманауи жанрлармен үйлестіру арқылы көрерменге жаңа нұсқа ұсынуда. Ұжым этно, рок және электронды элементтерді қазақтың дәстүрлі аспаптарымен шебер ұштастырып келеді. Бүгінде топ құрамында домбыра, қобыз, жетіген, барбыт және заманауи ритм аспаптарында ойнайтын кәсіби музыканттар бар. Бұл ерекшелік ұжымның орындаушылық стилін даралап, тыңдарман назарын аударып отыр.

Топтың шығармашылық жетіс-тіктері де жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2024 жылы Түркияның Аланья қаласында өткен «Global Art Competition» халықаралық байқауында «Рух» этно-микс тобы бас жүлде иегері атанды. Ал 2025 жылы «Hosa Nasreddin Festival» халықаралық фестивалі аясында Түркия елінің Стамбул қаласында өнер көрсетті. Сондай-ақ, жуырда ғана Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында өткен «Yeongdong World Traditional and Arts EXPO 2025» халықаралық фестиваліне қатысып, қазақтың ұлттық өнерін әлемдік сахнада танытып қайтты. «Шетел сахнасында домбыраның үнін естіп, көрерменнің ықыласын сезіну –зор мәртебе. Бұл – тек біздің емес, тұтас қазақ өнерінің жеңісі», – дейді өнерпаз.

Жуырда Мәди Тулевтің еңбегі тағы бір мәрте жоғары бағаланды. Ол «Тәуелсіздік ұрпақтары – 2025» байқауында мәдениет саласы бойынша лауреат атанды. Бұл жетістік – оның ұлттық өнерді жаңаша сипатта дамытуға бағытталған ізденістерінің, дәстүр мен заманауи бағытты ұштастырған еңбегінің нақты нәтижесі. Өнерпаздың айтуынша, мұндай марапаттар шығармашылық жауапкершілікті арттырып, алдағы жоспарларға тың серпін береді.

Алдағы уақытта ол авторлық шығармаларды көбейтіп, топ репертуарын кеңейтуді, ірі халықаралық сахналарда өнер көрсетуді және ұлттық музыканы жаһандық деңгейде кеңінен насихат-тауды басты мақсат етіп отыр. Оның айтуынша, дәстүрлі өнер өткеннің ғана емес, болашақтың да үні болуы тиіс.

Ұлттық рухты заманауи тілде сөйлете білген мұндай өнер иелерінің еңбегі – қазақ мәдениетінің дамуына қосылған маңызды үлес. Домбыраның қоңыр үні жаңаша сипатта жаңғырып тұрған сәтте ұлттық өнердің де болашағы баянды болары анық.

Айдана БОРАНБАЕВА.