Кеше Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде академик Әлкей Марғұланға арналған ескерткіш-бюст ашылды. Салтанатты шараға Ә.Марғұлан атындағы халықаралық қордың төрайымы, медицина ғылымдарының кандидаты Марғұлан Данель Әлкейқызы, ғалымның өзге де жақын туыстары, университеттің ардагер ұстаздары, оқытушылары мен студенттері тегіс қатысты.

Әйгілі жерлесіміз, әдебиет-танушы, шығыстанушы, Ұлттық археология мектебiнiң негiзiн қалаушы, филология ғылымының докторы, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР-ның еңбек сiңірген ғылым қайраткерi Әлкей Хақанұлының туғанына келесі жылы 120 жыл толмақ. Аталмыш университет ректоры Жанбол Жилбаев бұл игі іс атақты ғалымның мерейтойының бастауы екенін атап өтті.

— Бүгін біздің университет үшін ерекше күн. Алпыс жылдық терең тарихы бар Әлкей Марғұлан атындағы университет 40 мыңнан астам түлекті түлетіп ұшырды. Олар байтақ еліміздің әр бұрышында ұстаздық етуде. Былтыр университеттің 60 жылдық мерейтойының алдында оқу орнына Әлкей Хақанұлының есімі берілген болатын. Ұжым болып бұл қуанышқа орай үлкен конференция өткізіп, келесі кезекте Әлкей Марғұланның 120 жылдық мерейтойының қарсаңында ескерткіш мүсінін қоюды жоспарлап едік. Міне, сол жоспарымыз сәтті жүзеге асты, — деді Жанбол Жилбаев. Сондай-ақ, ол 2024 жылдың 11 мамырында аталып өтетін ғалымның мерейтойына орай Алматыдағы Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық университетпен бірлесіп халықаралық конференция өткізілетінін мәлім етті. Жиында сөз алған академиктің қызы Данель Марғұлан университет ұжымына алғыс айтып, әкесі туралы есте-ліктерімен бөлісті.

— Бүгін қуаныштан көзіме жас келіп тұр. Туған өлкесінде әкеме арналып ескерткіш мүсіннің ашылуы мен үшін естен кетпес ерекше оқиға болды. Әкем — білім-ғылым қуған адам. Оның үстелі кітаптарға толып тұратын. Көп оқудан, ізденуден жалықпады. Тіпті, ол Ленинградта да оқып келді, небір мықты ғалымдармен араласты, — деді Данель Әлкейқызы. Ескерткіш бюсттің ашылуына қатысқан аймақтың бас ұстазы Самал Айтқазина да сөз алып, павлодарлық педагогтар ордасы ұжымының қуанышына ортақтасты.

— Ертіс-Баян өңірі — тарихқа да, мәдениетке де бай өлке. Шежірелі жерімізде қазақ руханиятының кемелденуіне кең жол ашып, рухани көсем атанған, орны бар тарихи тұлғалар көп екенін мақтанышпен айтамыз. Осындай әлемге әйгілі жерлестеріміздің бірі – Әлкей Марғұлан. Бүгін ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы жерлесімізге арналған мүсінінің ашылуына куәгер болып отырмыз. Бұл – керемет есте қалар сәт деп білемін. Осынау тарихи оқиғаға толы мерекемен баршаңызды құттықтаймын, — деді ол. Сонымен қатар, шара барысында Павлодар қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Кенже Кеңесбаев, Әлкей Марғұланның туысы, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әділ Жүнісов жиналған жұртшылықты айтулы оқиғамен құттықтады. Бұдан соң облыстық, республикалық айтыстардың жүлдегері, Марғұлан университетінің 2-курс студенті Бексұлтан Қайдаров арнау айтса, өзге студенттер ғалымға арнаған өлеңдерін оқыды. Айта кетерлігі, мүсіннің авторы – Қазақстан көркемөнер академиясының академигі, Суретшілер одағының мүшесі Мұрат Мансуров. Мүсін қоладан құйылған. Биіктігі 3,5 метрді құрайды.

Нұржайна ШОДЫР.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.