Ағымдағы жылы Павлодар ауданында көптеген әлеуметтік-экономикалық маңызы бар жобалар қолға алынуда. Атап айтсақ, Мичурин ауылына «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша мәдениет үйін салу жұмысы да күн тәртібіне шықты. Осы ретте Мичурин ауылдық округі мәдениет үйінің басшысы, ҚР Мәдениет қайраткері Алмагүл Өмірзаққызымен сұхбаттасқан едік.

– Алмагүл Өмірзаққызы, Мичурин ауылының мәдениет үйінде қандай жұмыстар атқарылып келеді?

– Мичурин ауылдық аймағы бойынша көптеген мәдени-рухани бағыттағы жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтсақ, мемлекеттік және кәсіптік іс-шаралар, ауыл-     ауданаралық іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Сонымен қатар, түрлі клубтық құрылымдар жұмысын тұрақты жүргізуде. Атап өтетін болсақ, «Алтын домбыра» үйірмесі (жетекшісі Шұғыла Әлиханқызы), «Шеберлік» үйірмесі (жетекшісі Сандуғаш Абайқызы), «Неміс тілін үйрене біл» үйірмесі (Середа Марина Геннадьевна), «Әуен» вокалдық тобы (Жетекшісі Азиза Ақпарова), «Сударушка» ансамблі (жетекшісі Ғабит Базарбекұлы), «Әсемпаз әжелер клубы», «Теннис», «Дойбы», «Шахмат» сынды үйірмелер тұрақты жүргізіліп келеді. Сондай-ақ, музыкалық жетекшілері де өз деңгейлерінде қызмет атқарады. Атап өтсек, Қуандық Башой, Наурыз Көшен, Бақтияр Қожанов, Азиза Ақпаровалар өз істерінің жанашыр мамандары деуге болады.

Міне, осындай үлкен жұмыстың куәгері бола білген аудан басшысы Николай Дычко бізге домбыра, жаңа жүйедегі аппаратура алып берді.

– Ауылға жаңа мәдениет үйін салу қажеттілігі қандай?

– Мичурин ауылдық округіне Госплемстанция, Үміт апа, Алексеевка ауылдық аймақтары қарайды. Сондықтан, ауыл тұрғындары тарапынан типтік үлгідегі мәдениет үйін салу керек деген мәселе көтерілді. Өздеріңіз инста парақшасы арқылы көріп отырғандай, жыл сайын «Жыл үздігі» атты бір жыл бойы ауылдық аймаққа еңбек істеген мамандарды марапаттау дәстүрге айналған. Олардың қатарында қарапайым аспазшы, еден жуушы, малшы, егінші, т.б. бар. Себебі, еңбек еткен адамға еңбегіне қарай құрмет көрсету керекпіз. Осы тұрғыда мен мәдениет саласын басқара тұрып жан-жақты бақылап, марапатқа ұсынып отырамын. Осы ретте әрдайым қолдап келген О.Көпеновке алғыс білдіремін.

– Жаңа мәдениет үйінің жобасы, эскизі қандай болу керек?

– Эскиздік жобасына келер болсақ, мұнда көрермен залы, жастарға арналған би залы, ауыл тұрғындарына арналған бильярд залы, теннис залы, кино залы болуы керек. Және әр залға жеке есікпен кіру қарастырылған. Себебі, мәдениет үйі таза әрі ұқыпты болу керек. Ауыл тұрғындарына кешкілік бос уақытында жақсы демалыс сыйлап, сапалы қызмет көрсету біздің міндетіміз деп санаймын. Сол үшін жеке кіріп-шығу жағдайын қарайластырып жоспарладым.

– Егер жаңа клуб салынса, оның ауыл мәдениетінің, руханиятының дамуына қандай әсері, ықпалы болады?

– Мичурин ауылдық аймағы қалаға жақын орналасқан, көп ата-аналар балаларын қымбат бағалы үйірмеге, әр түрлі пайдалы секцияларға апарғысы келеді. Міне, сол үшін мәдениетті ауылымда жаңғыртқым келеді. Бұл ауылдың мәдени-рухани дамуына зор ықпал ететіні сөзсіз.

Әрине, шешуін таппай тұрған мәселелер де баршылық, кәсіптік деңгейдегі кадрлар ауылда мүлдем жоқ деуге болады. Келіп істеймін дегендерге аудан көлемінде жағдай жасалмаған. Мысалы, тұрғын үй, бір реттік қаржылай көмек қарастырылса да ауыл әкімдері мамандарды қолдап, мәселені шешіп бере алмай жүр. Ауыл әкімдері шығармашылық және мәдениет саласының қызметкерлерін мемлекеттік қызметкердің жүйесімен салыстырады. Яғни сағат 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмысында отыру керек деп ойлайды. Ол шығармашылықтың адамы дегенді түсінгісі де келмейді ғой. Олар ән жазу, дайындық жасау, өз имиджін қалыптастыру жұмысын тұрақты жасау керек деп ойламайды. Сол үшін де мәдениетке мамандар тұрақтамайды.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА,
Павлодар ауданы.