Қазақ ән өнеріндегі жарық жұлдыз, өнер қайраткері, қазақ эстрадасының асқақ дауысты әншісі, киноактер, композитор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Суат Әуезбекұлы Әбусейітовтің туғанына биыл 95 жыл толып отыр.
Суат Әуезбекұлы — қазақ мәдениеті тарихындағы жарқын да дара тұлғалардың бірі. Әншінің ғажайып дауысын тыңдағандар оны ұлттық ән өнеріміздегі қайталанбас құбылыс деп санайды. Ол тұңғыш рет қазақтың халық әндерін ғылыми тұрғыдан зерттеп, ғажап дауысымен бүгінге жеткізді.
Ол 1929 жылы 4 қарашада Павлодар облысы Баянауыл ауданының Қызылтау өңірінде дүниеге келген. Әншінің өнер шыңына бастайтын даңғыл жолы алғашқы бала кезден басталды. Әкесі Әуезбек сері адам болған. Домбырада ойнап, ән салған. Баласының ән айту өнеріндегі алғашқы ұстазы да әкесі болған. Кішкентай жасынан ән мен жырдың ортасында өскен ол, ес біле бастағаннан ән салуға да өте құмар болып өседі.
Балаларын жанындай жақсы көрген әке олардың білім алуына, өнерден құр қалмауына атсалысып, Кереку қаласына көшіп келеді. Балалары Қуат пен Суат Абай атындағы №10 қазақ орта мектебінде білім алып жүріп, мерекелік шараларға белсене қатысып жүреді. Суат Әуезбекұлы он бір жасында әйгілі әнші, халық композиторы, ақын, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Естай Беркімбаевпен және Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Мұзафар Әлімбаевпен бірге ел аралап, халық алдында өнер көрсеткен. Сол жылдары әйгілі әншіден алған әсерлері оның болашағына әсер етпей қоймағаны белгілі. Естайдың әндерін оның өз аузынан естіп, кейін өз репертуарына енгізеді.
Балаларының өнерін әрі қарай дамыту мақсатымен әкесі Әуезбек 1944 жылы Алматы қаласына қоныс аударады. Бұл кезде Алматыда аты әлемге әйгілі кинорежиссер Шәкен Айманов өнер саласында қызмет істеп жүрген кезі еді. Жас әнші Суат Әуезбекұлы Шәкен Аймановтан өзі естімеген көптеген халық әндерін үйренеді. Солардың ішінде халық әні «Екі жирен», «Жеңеше» әндері әншінің ең сүйіп айтатын әндеріне айналады. Өнерге құштар ағайынды Қуат пен Суат Әусейітовтер Алматыдағы актерлер дайындайтын киномектепке түсіп, оны 1947 жылы аяқтайды. Суат Әуезбекұлы ән асуына қадам басып, Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияның вокалды ән факультетіне оқуға түсіп, 1952 жылы тәмамдайды. Консерваторияда оқып жүріп, «Қазақфильм» студиясында «Бұл шұғылада болған еді», «Біз мұнда тұрамыз», «Найзатас баурайында» тағы басқа көптеген толық метражды фильмдерге түседі. Сонымен қатар Мемлекеттік академиялық Құрманғазы атындағы ұлттық аспаптар оркестрімен Болгария, Моңғолия, Чехославакия, Германияда, басқа да көптеген шет елдерде концерттік сапармен өнер көрсетіп, қазақ әндерінің әуезділігін өзге жұрттардың тыңдаушыларына жеткізе білді.
1955-1963 жылдар аралығында Қазақ Мемлекеттік академиялық ән-би ансамблінде әнші-вокалист, 1963 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Қазақ теледидары мен радиосының эстрадалық-симфониялық оркестрінде әнші болып қызмет атқарды. 40 жылдан астам еңбек жолында қазақ радиосының алтын қорына екі жарым мыңдай ән, романс, ариялар жазып қалдырды.
1957 жылы Мәскеуде өткен Жастар мен студенттердің Бүкілодақтық фестивалінде халық әндерін үздік орындағаны үшін І дәрежелі диплом алып, фестиваль лауреаты атанды. Әншінің қазақ ән өнерін насихаттауда сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, ҚР еңбек сіңірген әртісі құрметті атағы берілді. Ал 1959 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Әншінің шырқаған композитор Ә.Еспаевтың «Шофер келді қырманға», «Үйлену кешінде», Н.Тілендиевтің «Алатау», «Баянауыл вальсі», С.Мұхамеджановтың «Тербеледі тың дала» әндері және тағы көптеген әндер халық жүрегінен орын алды.
Сондай-ақ, көптеген орыс классиктерінің әндерін, романстарын шебер орындаған. 1968 жылы Армения астанасы Ереванда және 1971 жылы Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен өнер онкүндігіне қатысып, тыңдаушыларды өзінің ғажайып үнімен таң қалдырған.
С.Әбусейітов халыққа бірегей әншілігімен қатар композитор ретінде де белгілі. 1970 жылы «Ерен еңбегі үшін», 1987 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Сонымен қатар Қазақстан музыка қоғамы одағының мүшесі болды. 1981 жылы Қазақ КСР Халық әртісі құрметті атағы берілді.
Суат Әуезбекұлы орында-уындағы көптеген әндер қайталанбас бояуымен есте мәңгі қалды.
Сәуле Арынғазина, Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейі өнер бөлімінің басшысы.