Жақында Мәжілістің бірінші оқылымында әншілердің фонограммамен ән айтуына тыйым салу мәселесі көтерілді. Осыған орай халық қалаулылары заңға арнайы норма енгізуді ұсынды. Депутаттардың пікірінше, халық қаржысын жұмсап, арнайы концертке келген соң, жанды дауыста ән тыңдап, құлақ құрышын қандыруы керек. Алайда көп жағдайда әншілер әнді фонограммамен орындап, көрерменнің жанды дауыста ән тыңдау құқын ескермейді. Сахна мәдениетіне қатысты түйткілді «Алаң» қатысушыларының талқысына салып көрдік…
Мақсат ТОЛЫҚБАЙ, Мәжіліс депутаты (пікір интернеттен алынды):
— Қолданыстағы заңнама бойынша әнші фонограммамен ән айтатын болса, бұл туралы концертті ұйымдастырушылар көрерменді хабардар етуге міндетті. Бізде ол ереже мүлде жұмыс істемейді. Сондықтан заң жобасына фонограммамен ән айтуға тыйым салуға бағытталған түзетулер енгізуді ұсындық. Бірақ бұл норма да өтпеді.
Біріншіден, өңірлерде техникалық құралдар 70 пайызға тозғанын алға тартты. Екіншіден, дыбыс режиссерлерінің жетіспейтінін айтты. Оларға сұраныс болмаған соң, әрине, жетіспейді. Біз норманы тағы да жеңілдетіп: «Егер орын жеткілікті түрде жабдықталмаған және концерттерге бейімделмеген болса, осы туралы көрерменді хабардар ете отырып, фонограммаға рұқсат етіледі» дедік.
Бағдат САТИМОВ, әнші:
— Фонограммамен ән айтатын әншілердің таланты кем, болмаса дауысы жоқ деп кесіп айтуға болмайды. Жанды дауыста ән салатын, сондай-ақ, фонограммамен де айтатын сәттер болады. Алайда өмірдің әртүрлі жағдайларына байланысты әншінің жанды дауыста ән айтуға мүмкіндігі болмауы мүмкін. Мысалы, қыс кезінде далада ән айта алмайсың. Одан кейін, телевидениенің түсірілімінде міндетті түрде фонограмма қолданылады. Сол себепті бұл мәселеге кең қарау керек. Заң қабылдап, тыйым салу ақылға қонымсыз нәрсе. Сахнада үш-төрт адамға микрофон жетпей қалатын кездер де болады. Музыкалық аппарат өте нашар болған кезде, дауысың халыққа естілмей қалады. Сондықтан фонограмманы мүлдем алып тастауға болмайды. Бұл мәселені өнер иелерінің қауымдастығымен ақылдасып шешкен жөн.
Фархад АДАМОВ, Павлодар қаласыны ң тұрғыны:
— Жуырда фонограммаға қатысты әншілер мен депутаттардың ой-пікірлерін оқыдым. Әркім әртүрлі ой айтады. Десек те бұл мәселе көрші елдерде әлдеқашан шешіліп қойған. Мәселен, 2023 жылдан бастап Қырғызстанда мемлекеттік мекемелерде және қоғамдық шараларда фонограммамен ән айтуға тыйым салынды.
Құжатқа сәйкес, театр, кинозал, музей, кітапхана, спорт мекемесі сияқты орындарда фонограммамен ән айтуға болмайды. Бұл бұйрық талабы бұзылған жағдайда шараны ұйымдастырған мекеме басшылығы жауапқа тартылады. Ал Өзбекстанда фонограмма қолданылатын болса, ұйымдастырушылар жарнамалық хабарламада оны алдын ала көрсетіп, көрерменді ескертуі тиіс. Бізге де осы тұрғыдан қолға алу керек. Айтса айтсын, бірақ көрерменге ескертсін!
«Алаңды» үйлестірген – Алтынбек МҰҚЫШЕВ.