Тәуелсіздік күніне орай Желтоқсан оқиғасына қатысушыларымен көптеген кездесулер ұйымдастырылды. Осындай шаралардың бірі Павлодар қаласы жастар бастамаларын дамыту орталығында өтті. Онда мектеп оқушылары мен колледж студенттері 1986 жылы Алматыда алаңға шыққан жастарға үн қосқан жастардың бірі Қарағанды медициналық институтының студенті Жұмагүл Ахметовамен кездесті.

Осыдан 37 жыл бұрын ызғарлы желтоқсанда Қарағанды қаласының студент жастары алматылық жастарды қолдап, алаңға шыққан.

– Алматылық жастар 16-17 желтоқсанда алаңға шықса, біз, қарағандылық жастар 20 желтоқсанда алаңға шыққан болатынбыз. Дәріс кезінде студенттердің бірі «Қонаевты биліктен алып тастап, өзге ұлт өкілі Колбинді елімізге жаңа басшы ретінде қойды» деп айтқаны әлі есімде. Осы жағдайға үн қосу мақсатында біз де белсенділік таныттық, – деп еске алады Ж.Ахметова.  Қарағанды қаласының  инстутиттары мен колледж студенттері облыстық атқару комитетінің алдына жиналған. Елімізде қалыптасқан жағдайдың не себептен орын алғанын білу үшін намысшыл жастар алаңға шығады. Алайда әскерилер мен құқық қорғау органдары қызметкерлері оларды қоршап, қыспаққа алған. Елдің ертеңі үшін алаңдаған жазықсыз студенттерді көліктерге күшпен отырғызылып, бергеуге алып кеткен.

– Бізді полиция бөлімшесіне апарып, ұзақ уақыт тергеді.  Сансыз сұрақтың астында алып, психологиялық тұрғыдан қысым көрсетті. Кейбіреулер айтар сөзінен жаңылып, қиналып кетті. Мен сұрақтарға байыппен жауап беруге тырыстым, – дейді Жұмагүл Ахметова. Тергеуден соң белсенді жастардың барлығы есепке алынып, Қарағанды медициналық институтының 28 студенті оқудан шығарылған. Арада бір жыл уақыт өткен соң әділдік орнап, олар оқуға қайта қабылданады. Осылайша Жұмагүл Ахметова Қарағандыдағы оқуын ойдағыдай тәмамдап, туып-өскен Павлодар өңіріне оралады. Стомотология саласында тіс дәрігері болып табанды еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. Желтоқсаншы Ж.Ахметованың айтуынша, жастар рухты, намысты болуы керек.

– 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында ешкім алаңға тәртіп бұзу үшін барған жоқ. Намысшыл жастар елдің мүддесін қорғауды көздеді. Қазіргі жастарымыздың да рухы биік болып, елдігімізді, тілімізді сақтап, салт-дәстүр, дінімізді, тарихмызды ұмытпаса екен деп тілеймін, – деді желтоқсаншы. Кездесуде оқушылар мен студенттер өздерін толғандырған сауалдарын ортаға салып, Желтоқсан оқиғасының мәніне терең үңілді.

Т.ӘБІЛДА.