«Айым да сен, күнім де сен…». Бұл жыр жолдары көпшілікке жақсы таныс . Ақын Қалқаман Сариннің сөзіне, сазгер Медет Салықовтың әніне жазылған бұл әнді орындайтын дәстүрлі әнші Клара Төленбаева – ұмытылып бара жатқан сырнай аспабын қолынан тастамай, ұлттық өнерді дәріптеп жүрген өнерпаз. Сондай-ақ, әншілікпен қатар шәкірт тәрбиелеп, сырнайдың қыр-сырын үйретуде. Дәстүрлі өнермен бірге эстрадада кеңінен танылып жүр. Отбасында да аяулы жар, үлгілі ана бола білген әншімен жақында сұхбаттасудың сәті түсті.
— Клара ханым, Ертіс-Баян өңіріне кош келдіңіз! Әңгімемізді өнер жолына алғаш қадам басқан кезіңізден бастасақ…
— Өнерге бала кезден жақын болдым. Анам Семей өңірі, Ақсуат ауданындағы балалар музыка мектебіне қолымнан жетектеп апарды. Сол жерде баян класында Сәуле Жұмахметова апайымыздан үйренгенім көп. Мектеп қабырғасында түрлі жарыстарға, байқауларға қатыса жүріп, сырнаймен ән айтуға әуестендім. Семейдің Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжіне оқуға түскенде директорымыз Наубат Қалиев қанатының астына алып, өнерімді ұштай түсті.
Шәкәрім Құдайбердиевтің әндерін бізге қаз-қалпында жеткізген Келденбай Өлмесековті колледжге алдырып, «Талантты балаларды тәрбиелеп шығарыңыз» деп дәстүрлі ән үйірмесін ашып берді. Келденбай аға Жүсіпбек Елебековтің шәкірті Мәдениет Ешекеевпен таныстырды. Не керек, сол кісілердің бағыттауымен Алматыға келдім. Мұнда Қайрат аға құшақ жая қарсы алып, Бекболат Тілеуханның сыныбынан бір-ақ шықтым. Бекболат ағаның айтуымен 1-курста Президент оркестріне жұмысқа тұрдым. Өнерге деген үлкен әлемге осылай келдім.
— Клара Төленбаева дегенде есімізге бірден «Жібек сезім» әні түседі. Халыққа кең тараған әнді жолдасыңыз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, белгілі сазгер Медет Салықов жазғанын білеміз. Барған жерде халық әлі күнге дейін осы әніңізді тыңдамай жібермейтін көрінеді…
– Ол рас. Ел-жұрт «Жібек сезім» әнін орындамасаң, міндетті түрде қолқалап сұрап айтқызады. Бұл ән сонау 2003-2004 жылдан бері қарай орындалып келеді. Әу баста әннің ел көңілінен шығып, танымал болатынын ешкім білген жоқ. «Жібек сезім» әні менің төлқұжатыма айналды. Бұл әнді орындағанға дейін сырнаймен дәстүрлі және халық әндерін орындап жүрдім. Эстрадаға алғаш қадам басқанымда Е.Хасанғалиевтің әні мен Т.Оразбаеваның сөзіне жазылған «Гүлсезім» әнін орындадым. Одан кейін айтқан әнім осы – «Жібек сезім». Бұл ән бір күнде туған жоқ. Әбден пісіп, іштен жетіліп барып өмірге келген ән. Медет біраз уақыт әуенін ыңылдап айтып жүрді. Ал сөзін жазуды досымыз Қалқаман Саринге тапсырды.
Қалқаман бір жылдай әнге сөз жазбай жүрді. Бір күні аяқ астынан Қалқаман Медетке хабарласып «Әннің сөзі дайын болды» деді. Барсақ, шынымен алып-қосары жоқ, бас-аяғы бүтін, жұп-жұмыр дүниеге келді. Әні мен сөзі бір кісінің қолынан шыққандай қабысып, үйлесіп тұр. Бір жерін өзгерту туралы тіпті сөз де болған жоқ. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін, мөлдіреген әдемі өлең жазылыпты. Мен сахнаға орындап шыққан кезде халық бірден жылы қабылдап, ұнатты. Әнге бейнебаянды 2-3 жылдан кейін барып түсірдік. Тіпті, басында ел әнді бірден танығанымен, орындаушысын білмей жатты. Кейіннен осы ән арқылы мен танылдым. «Жібек сезім» композитор ретінде Медеттің бағын жандырған, атын шығарып, абыройын көтерген ән болды. Қалқаманның да тұңғыш өлеңдер жинағы «Жібек сезім – жүрек сөзім» деп аталды. Құдайдың қалауымен бір сәтте ақынның да, орындаушының да, сазгердің де атағын шығарған, елге танытқан ән болды.
— Жолдасыңызбен қалай таныс-тыңыз?
— Медет екеуіміз өнердің қара шаңырағы — Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында таныстық. Ол менен бір курс жоғары оқыды, екеуіміз де белгілі әнші, қоғам қайраткері Бекболат Тілеуханның класында білім алдық. Бес жылдық студенттік шағымыздың алғашқы жылдарында дос болып араласып, кейін достығымыз үлкен сезімге ұласты. Консерваторияны бітіріп, еңбекке араласа бастағанда Медет «Менің болашақ жарым сендей болу керек» деп, ұсыныс жасады. Оның өнерімді қадірлейтініне, жеке басымды сыйлайтынына, мені алақанына салып аялап өтетініне сендім.
Біз бір-бірімізге деген осындай сеніммен отбасын құрдық. Сол сенім мен сезім бізді алдаған жоқ.
Біз консерваторияда қалай араласып жүрсек, күні бүгінге дейін сол сыйластығымыздан ажырамадық. Бет жыртысып қатты ренжіскен, жүз шайысқан, жүрегімізді ауыртатындай сөздер айтқан кезіміз жоқ. Ал бала-шағаның ортасында қатты дауыс көтеріп сөйлеу, сөзге келіспеу, жанжал, ұрыс-керіс деген болған емес. Бір отбасы болғанымызға 18 жылдың шамасы болды. Медеттей азаматтың кездескеніне Аллаға шүкір айтамын, тәуба деймін. Тұрсынбек Қабатов Медетке «Клара үнемі жаныңда жүреді, жалықпайсың ба?» деп әзілдеп жатады. Жұмысымыз, араласатын ортамыз, өмірлік мақсатымыз бір болғандықтан, жалығу деген нәрсе тіпті ойымызға да келмейді. Қыз баланың бақыты – отбасындағы анадан көрген тәрбиесіне және болашақ азаматының дұрыс адам болып жолығуына байланысты.
Қыз баланың барған жерінде жыламағаны, қиналмағаны, еңсесінің түспей жүргені — ата-анаға да үлкен мәртебе. Бұл орайда мен өзімді өмірде де, өнерде де жолы болған жанмын деп ойлаймын.
— Эстрадалық бағыттағы әндеріңіздің авторы — жұбайыңыз Медет Салықов. Басқа композиторлардың туындыларын орындау ойда бар ма?
— Эстрадалық бағыттағы алты-жеті әнім расында — Медеттің туындылары. «Гүл сезім» әні ғана Ескендір Хасанғалиев ағамыздікі. Медеттің әні көңіліме бірден қонып, жаныма жағып тұрады. Қалқаман Сариннің өлеңіне жазылған «Жібек сезім» әнінің мен үшін шоқтығы биік. Сондықтан «Алтын шыққан жерді белден қаз» деп, алыстан іздемей, жақыннан дорбалап жатырмын (күліп). Басқа да композиторлар әндерін ұсынады. Бірақ әлі жарыққа шығарып үлгерген жоқпын. Бір байқағаным, дәстүрлі өнер мен эстраданы қатар алып жүру — оңай шаруа емес.
Дәстүрлі әншілер өзінің бағытымен, қыр-сырымен, кәсіби орындау ерекшелiгімен дараланса, эстрада жаңашылдықты талап етеді. Әрдайым жасарып, әдеміленіп, жарқырап жүруге міндеттейді. Осы талаптарға сай болуға ұмтыламыз.
— Сіз — Астана қаласының тұрғынысыз. Бұл ретте бас қаланың 25 жылдығына орай айтар тілегіңіз болса…
— Иә, елордада еңбек ете жүріп баспаналы болдық. Бұл шаһар шығармашылығымызды шыңдай түсті. Сәулеті келіскен, жас та әдемі қаламыздың мерейтойы баршамызға құтты болсын!
— Рақмет, Клара ханым. Отбасыңыз берекелі, өнеріңіз өрісті болсын!
Сұхбаттасқан – Айдана БОРАНБАЕВА.