«Ертіс» мультимедиялық музейінде 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күніне орай «Желтоқсан — тәуелсіздік бастауы» атты көрме ашылды. Оған облыстық мемлекеттік мұрағат қорында сақталған құнды құжаттар, естеліктер мен фотосуреттер қойылған. Көпшілік назарына ұсынылған бұл материалдар Алматы қаласында өткен ызғарлы Желтоқсан оқиғасынан сыр шертіп, ұлтжанды ұл-қыздардың ерлігін паш етіп тұр.

Павлодар облыстық мемлекеттік архивінің архивисі Күләш Оразымбетқызы көрмеген қойылған әрбір деректі құжаттың тарихын айтып берді.

— Мұрағат қорында Желтоқсан оқиғасына қатысушылар туралы толық мәлімет болмағанымен, олардың жекелеген құжаттары бар. Облыстық архивте Ж.Аймауытов театрының бұрынғы актері Құрманғазы Айтмұрзаевтың жеке тектік қоры бар. Ол кісі 2001 жылы өз еркімен мұрағатқа тапсырған болатын. Сонымен қатар, Амантай Құдабаев, Айман Зейнулина тапсырған жекелеген құжаттар мұрағаттың «Жазықсыз жапа шеккендер» қорына енді, — дейді Күләш Есімханова. 1986 жылы Павлодар педагогикалық институтында оқыған Гүлнар Батанова мен Жәмиға Хамитованың фотолары мен қолжазба естеліктері бар. Олар Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы туралы естіп, листовкалар жазып, жатақханада, автобекетте, трамвайлардың ішінде таратқан. Естеліктерінде: «Басшы неге қазақстандық емес?» деп мәселе көтерген. Олар комсомол ұйымынан және оқудан шығарылып, кейін ақталған соң, оқуға қайта қабылданған. Қазіргі таңда Гүлнар Батанова Баянауыл ауданы, Майқайың кентінің «Керегетас» кенішінде жоспарлау жөніндегі инженер болса, Жамиға Бейсембаева 1987 жылдан бастап Ертіс ауданы Голубовка ауылындағы Абай атындағы орта мектепте жұмыс істейді. 1986 жылы түрлі деңгейдегі партия ұйымдарында Желтоқсан оқиғасына қатысты жекелеген мәселелер қаралған. Мәселен, ПМК тресінің жұмысшысы Жанат Қанапиянов жолдастарымен пленумның шешімін талқылағаны үшін партия жиналысына салынған. Оны «Орталық комитет қабылдаған шешімді талқылауға қандай құқығың бар?» деп, жазықсыз айыптаған. Жанат Қанапиянов «ұлтшылдығы үшін» партия мүшелігіне кандидаттар тізімінен шығарылды. Ал Павлодар политехникумында Ерке Жансұлтанова жұмыс істеген. Мұғалімдер бөлмесінде «Неге Қазақстанды қазақ басқармайды?» деп ашық пікір білдірген. Сол үшін партия жиналысына салып, жұмыстан шығару туралы шешім қабылдайды. Сонымен қатар, Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін оқудан қуылған Алматы шет тілдері институтының студенті Гүлнар Оспанбекованың да құжаттары бар. Желтоқсан оқиғасына қатысты мәліметтер облыстық мұрағаттың аудандық, қалалық атқару комитеттері, ұйымдар мен мекемелер қорында сақталған жекелеген құжаттарда кездеседі.

Жәмиға БЕЙСЕНБАЕВА:

— …Сол үн біздің де жүрегімізді қозғады. Павлодар қаласындағы қазақ жастары да өз тілектерін білдірді. Ол кезде мен Павлодар педагогикалық институтының филология факультетінің 3-курс студенті едім. Алматыдағы өзіміз сияқты студент жастардың жанайқайын біз де барынша қолдадық. Нәтижесінде, мен ұлтшыл атанып шыға келдім. Әуелі милиционерлер қамауға алды, одан кейін институтқа хабарлама жасап, оқудан шығартты, комсомолдан алыстатты. Ол аз десеңіз, анамды шақырып алып, «қызыңды дұрыс тәрбиелей алмағансың, кеңестік саясатқа қарсы шықты» деп, ол кісіге өмірі естімеген сөздерді айтты, жәбірледі… Әкем партя қатарынан шығарылды. Он бір баламен баспана ала алмай жүргенде, менің қылығым ол кісілерге қасірет болып жабысты. Әкемнің жүрек ауруы асқынып, көп ұзамай көз жұмды. Осыны ойласам, күні бүгінге дейін өз-өзімді кінәлаймын…

 

Т.ОРАЗАЛЫ.

 

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.