Қазақ халқының мақтан етіп, үлгі тұтарлық талай өрен ұл-қыздарының ішінде, Павлодар облы­сында туып өскен, атақ-даңқы барша дүниеге мәлім болған өзгеше сырлы сөз ділмәрлары мен ән-күй өнерпаздары көп. Халқымыздың сүйікті перзенттері – Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Жаяу Мұса, Иса Байзақов, Естай секілді ақын-әншілерінен өзге ұста-зергерлері де болған. Олар әр түрлі аспап-бұйымдарға ою-өрнек салып, әбдіре, сандық, домбыра жасаған. Міне, сондай он саусағынан өнер тамған шеберлердің бірі – Қамар Қасымов.

Қамар Қасымов 1893 жылы Баянауыл ауданы Торайғыр ауылында туған.

1916 жылдың күзі. Қамар үйінің бір жақ қабырғасына жас шебердің қолымен жасалған қос домбыра, екі ожау, бір саптыаяқ, бір шақша ілінді. Домбыраның бірі бүктемелі де, ожаудың бірі қайың безінен ойып жасалған үйрек ожау. Әлі тұғырдан таймаған үлкен әке Мұсылман Қамарды да, Қамар әкесі Қасымды да шақыртып алып: «Жас баланың көр-жөр жасап жүргені не сұмдық! Атқа мініп, азамат болуын тілеймін. Құртыңдар, анау қасық-ожауды, көрсетпеңдер көзіме!» — деп, қысқа, қатқыл бұйрық берген. Қамардың сәби саусақтарымен жасалған тырнақалды асыл бұйымдар сол күні отқа жағылды.

Шіркін құмарлық-ай! Қамар еңбексіз ошақ басында отыруға да, қулық сауып, ел ақтап күн кешуге де қызықпады, өнерлі жүрек өз ермегін қызығырақ көрді. Сол қарсаңда «Омбыдан Баянға бір шебер келіпті. Жасамайтыны жоқ. Он саусағынан бал тамған шебер екен», деген лақап сөз ел ішіне тараған. Мұны естіген жас Қамардың ендігі арманы сол шеберді бір көріп, тілдесу болды. Бір күні Қасым Баянға бармақ болды. Әкесіне еріп, Баянға келді. Аялдамай іздеп, шебердің үйін тапты. Бір жақсысы, Комаров Захар әрі қазақшаға судай, әрі бауырмал адам екен. Бір кезде орыс алпауыттары мен патша үкіметі ішкі Россияға сыйғызбай жіберген кедей Захар жері де, жүрегі де мол қазақтың меймандос елін мейлінше сүйген. Сол үшін оның тілін жетік біліп, ою-өрнек өнерін шебер үйренген. Бүкіл уезге аты мәлім қарт шебер күллі еңбекшіл, ойшыл орыс адамына тән кеңпейіл, ақжарқын жүзбен жас қазақ Қамарды құшақ жайып қарсы алды.

Үлкен шебер өрнекшінің жанында болған жас Қамарға жақсы болды: бар өміріне жетерлік мол мұра, зор өнеге алып қайтты: ыдыс-жиһаз, аспап-бұйымға ою-өрнек салуды үйренді. Қазір кемел шебер болған Қамар қартпен әңгімелесе қалсаңыз, сол бала күніңде Зәкірден (Захар қазақша Зәкір атанып кеткен) көрген жақсылығын әлі ұмытпаған:

— Зәкір берген үлгі, саймандарым әлі бар. Ұстазымның өзі де осында, Алматыда, — деп күлімдейді, қарт жүзін мәңгі алғыс сезімі күн шуақтай нұрландырып.

Қамар үйіне келіп, қамыстан сирақ салып, барқыт орындықтар жасады. Бұрынғыдай көзімен атып, қолымен тыйым салатын үлкен әке жоқ. Туған әкесі Қасым жалғыз ұлына қарсы келмеді. Ісмерлік қуған баланы бетінен қайырмады. Қамар келе-келе әбдіре, сандық жасады. Оның бетін сүйектен ойып, мықпен көмкерді. Мұны көрген ел-жұрт Қамардың шеберлігіне табынып, ыдыс-жиһаз жасатуға таласты. Алматының Орталық музейінде тұрған аяулы әбдіре сол Қамар ісмердің қолынан жасалған жиһаздың бір көзіндей.

Қамар — өсе келе жоқ-жітікті көп көріп, өмір михнатын бастан өткерген адам. Топты жаңды асырау мұңы, қатын-бала, қара қазан қамы Камарды аш бөрідей қамады, тұрмыс тұтқыны етті. Енді оқта-текте ғана болмаса, жаны сүйген өнерін тастап, басқа кәсіпке көшті. Сонда да екі ішекті домбырасын шертіп жатып, ақ сүтімен асырап-баққан аяулы анасын еске алғандай ауыр күрсініп: «Апырай, менің осы өнерім шынымен-ақ жарық көрмей кете ме?» — деп қиналатын ішінен. Қиыншылықты кім көрмейді. Үмітін үзбек — қайратсыздық деген. Бір тәуірі, Қамар үмітін үзбеді…

Міне, 1934 жылдың жазы. Адамзат көктемі – социализм мәдениетін жасау майданы қызып, әрбір өнер өрге басқан шақ. Сол жылы Алматы қаласында қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылып, оған ер денелі, бүркіт көзді, сұлу жүзді, қыр мұрынды, қияқ мұртты Қамар да келді. Оның әкелген бір домбырасы мен бір темекі сауыты көрмеге келген барша жанды таңқалдырды.

Өнері артқан Қамар Алматы қаласында қалды. Жаңадан ғана ұйымдастырылған музыка шеберханасына қызметке алынды. Аңсаған арманына жетті! Көңілі тасығандай, жүзі жасарғандай еді. Бір жылдың ішінде-ақ ол Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі мен музыка мектебіне бірталай домбыра жасап үлгерді. Қамар енді өзі жасынан машықтанған Арқаның кішкене домбырасын ғана емес, Жайық өңірін жайлаған сұңғақ мойын, қозы құйрық домбыраны да жасай бастады. Домбыра үніне жан бітіретін шебер күйшілер – Уақап Қабиғожин, Лұқпан Мұхитов, Қали Жантілеуовтер жаңа домбыраны көргенде:

— Ойпыр-ай, қалай ғажап жасалған, үнін-ай шіркіннің, — десіп, бірінің қолынан бірі таласа тартып, шертіп көріп, кызыға тыңдап, таң-тамаша болысқан.

Бір күні атақты қобызшы Жаппас Қаламбаев та келіп: — Қамеке, өзің білесің ғой, мынау елден келген қара қобыз – кәрі қобыз еді. Осыны жақсартуға болмас па екен? – деп өтінді. Қамар қобызға біраз қарап отырды да, іле тіл қатты:

— Жаппас-ау, ағашы болса, неге жасамайын, тастап кет, айналдырып көрейін, — деді. Кешікпей қобыз да жасалды. Жаппас жаңа серігін қолына алып, «Жез киікті» тартып-тартып жіберді де:

— Жарықтығым-ай, өкпең қабынып жүгіре алмай, шерменде болып жүр екенсің ғой, па, шіркін, жаңа аңыраттың ғой, — деп қобызымен тіл қатысып, үндескендей болды. Содан бері қазақ тіліне жаңа сөздер –

«Қамар домбыра», «Қамар қобыз» деген атаулар қосылған.

Қазақстанның тұңғыш халық аспаптар оркестрін көркейтуді көксеген шебер көп іздену, зерттеу арқылы байырғы домбыра мен қобызды баяғы күйінде қалдырмады, оркестрдің дүние жүзі музыкасын түгел тарта алуына керекті домбыра мен қобыздың жаңа 17 түрін жасап шығарды. Ерен талант, өрен өнерді осылай көрсеткен. Адал еңбек әділ бағасын тапты: Қамар Қасымовқа 1947 жылы Жоғарғы Совет «Қазақ ССР-нің көркемөнерге еңбек сіңірген қайраткері» деген атақ берді.

— Бір кезде ішін ойып, бітеу қайыңнан бір ғана қобыз жасайтын едім, қазір сол бір ағаштан он тоғыз, жиырма шақты қобыз жасайтын болдым, —

дейді шебер өнер жолын еске ала отырып. Біз: «Қалайша?» деп сұрағанымызда:

— Қазіргі қобыздарды таспадай тілінген, қағаздай жұқа ағаштардан қиыстырып жасаймын. Мұным бұрынғысына қарағанда, әрі шешен, әрі көрікті болып жүр. Сол қобызыңыз қазір үш ішекті. Үшінші ішегінің септігі тиді ме деймін, дауысы көтеріліп, сайрап кетті. Бір кезде қобыздың мойны 32 сантиметр болатын да, қайсыбір нотаны ала алмайтын. Қазір 17 сантиметр етіп қысқартып едік, ойлаған жерден шықты. Енді «ля», «ми»-леріңізді бөрікпен ұрып аламыз, — дейді қарт шебер қулана қарап.

Қамар таяу араның ішінде Мәскеуде эксперименттік шеберханада болып, қазақтың ұлттық музыка аспаптары: домбыра, қобыз дегендерді көптеп шығару үшін ондағы шеберлерге үлгі көрсетіп, үйретіп қайтты.

Бір кезде Баянауыл ауданының қиыр бір шетіндегі ескі ауылда ожау жасап, талпына бастаған қара торы бала бүгінде бүкіл республикаға аты мәлім «Алтын саусақты шебер» атанды. Үнді, корей, украин, қырғыз халықтарына жіберілген домбыра, қобыздардың түп иесі – Қамар. Құрманғазы атындағы оркестр Пекинге өнер көрсете барғанда қытай (ханьсу) халқының ұлы көсемі Мао Цзедунге ұсынылған қобыз да Қамар қолынан туған.

Бұл күндері шебердің жүрек қуанышын ауызбен айтып жеткізу қиын. Бұрын екі сөзінің бірінде: «Шәкіртсіз ғалым — тұл». Шәкіртім жоқ. Өз өнерімді кейінгіге үйретіп қалдыра алмай кетем бе? Жас болса келіп қалды. Халқыма қарыздар боп кетпесем игі еді», дейтін. Енді міне, бітуге айналып қалған қолындағы кішкене қара қобызына сүйсіне қарап қойып:

— Әттең, бір шеберханам, шәкірттерім болсашы! — деуші едім. Бір арман осы еді. Бұл да орындалды: соңғы қаулы, Партия қаулысы осы ойымды орындапты. Консерватория жанынан эксперименттік музыка шеберханасы ашылғалы жатыр, балам, — деп жымың қағады қартың.

Қазақ музыка аспаптарының академигі Қамар Қасымов өзін-өзі болашақ шәкірттерінің арасында, техникалы шеберхана төрінде отырғандай шабытты, сергек сезінеді.

Қазақтың өнері мен мәдениетінің дамуына өшпес із қалдырған шеберді өз елімізбен қоса, көршілес Моңғолия, Қытай, Қырғыз елдері мен Еуропа жұртшылығы тез таныды. Еуропалық баспасөз оны «қазақ қолөнерінің классигі» деп атаса, Моңғолия үкіметінің мемлекет қайраткері Лодой Дамба «Қамар Қасымов – толық дәлелденген, теңдесі жоқ қазақ шебері» деп бағалады.

Қамар Қасымов өзінің өмір жолы жайлы жазбасында былай депті: «Әкем өмір бойы саятшы болып, мылтық атып, жаз қаршыға, қыс бүркіт салып, осылай өмір өткізді. Үлкен әкем қазақтың оюларына өте шебер болды. Көпшілік елге іздеп келіп, қазақтың оюын ойғызып алып кетіп жүрді. Мен әкемнен жалғыз болдым. Орысша көп оқымадым. Қазақша оқыдым. Жасымнан қолөнер ісіне құмар болып, оюлап сандық жасап, әртүрлі істер істеп, ою ойып, сурет бояп, рамка жасайтын Баянда Кулеев дегеннің приказщигі Захар Комаровқа үйір болдым. Маған үйрен деп лобзик ара берді. Осы уақытқа дейін сонымен іс істеп келемін. …Мұның маған лобзикті бергені 13-ші жылдары. Қолөнерін 19-шы жылдары бастадым. Мұстапаның Жақыбы деген асқан шебер оюшы адам болды. Осыдан біраз үлгі алдым. Бұл да оқымаған адам еді. Бірлі-жарым домбыраны да істеп, өзіме керек осыларды жинадым». Иә, ұлттық өнер әулетінен, атасынан дарыған, өнерді әс көтерген ауылда дүниеге келген Қамар Қасымовтың шебер болмауы мүмкін емес-ті. Өнер демекші, оның Сұлтанмахмұт Торайғыровпен аталас туыстығын ауылдастары күні бүгінге дейін ақтарыла сыр етеді.

Сағымбай БОРАНБАЕВ, Бекмұраттанушы, Аққулы ауданының Құрметті азаматы, облыстық «Ақсақалдар тағылымы» бірлестігінің мүшесі.