Әнуар Игембаев – адам жанына тереңінен үңіле алатын қылқалам шебері. Бүгінде суретші көпшілікке портретші және жанрлық кескіндеме шебері ретінде танымал. Оның туындыларының көбі тарихпен, табиғатпен тығыз байланысты.

Қылқалам шебері сурет әлем-індегі алғашқы қадамын Гоголь атындағы әйгілі Алматы көркем-сурет училищесінің негіздерін табысты меңгеруімен бастады. Оқумен қатар, Павлодар қаласында осы бағытта еңбек етті.

70-інші жылдардың соңы мен 80-інші жылдардың басында жас суретші көркемсурет училищесін бітіргеннен кейін туған ауылы мен жақын адамдарының портретін сала бастады. Алғашқы туындылар мәнерлі көп қырлы композициясымен, сызық пен силуэт тазалығымен ерекшеленді. Солардың арасынан 1980 жылы салынған «Мен және менің ауылым» серия-сымен шыққан шығармаларды атап өтуге болады.

90-ыншы жылдардың соңы мен 2000-ыншы жылдардың басында суретшінің қазақ фольклорына деген құштарлығы ашылып, «Қазақ даласының әуендері» (1998-2001) атты жаңа сериясы дүниеге келді. Жаңа серияға енген суреттерде Ә.Игембаев қарапайым бояулар арқылы қазақ халқының тыныс-тіршілігін, мәдениетін және салт-дәстүрін бейнелей алды. Сондай-ақ, музыкалық, әншілік тақырыптар да бірқатар шығармасында суреттелген.

Кейін Қазақстанның қоғам қайраткерлері Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Қаныш Сәтбаев, Естай Беркімбайұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров секілді атақты тұлғалардың портреттерін салды.

Жуырда Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде Әнуар Игембаевтың 70 жасқа толуына орай суретшінің дербес көрмесінің ашылуы өтті. Көрмеге қылқалам шеберінің 60-қа жуық туындысы қойылды. Көрменің салтанатты ашылуына елімізге белгілі суретшілер мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Аталған шарада «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан көркем академиясының академигі Сейсенхан Махамбетов қылқалам шеберін мерейтойымен құттықтап, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын табыстады.

– Әнуар Игембаев алғашқы шығармаларынан-ақ өзін суретші ретінде көрсете білді. Ол суреттерінің кейіпкерлері арқылы сол кездегі өмірдің әртүрлі жақтары туралы қызықты көріністерді көркемдік шешіммен жаза бастады. Бұл жанрдағы жұмыс қиял мен көркемдік құралдарды таңдау еркіндігін берді. Алғаш туған жердің тарихы мен оқиғаларға егжей-тегжейлі қарап жол ашты. Суреттер кескіні ойда тез қалады. Ұзақ жылдар бойы Әнуар Игембаевтың станоктық кескіндемесі шығармашылық ауқымда кең дамып келеді, – дейді С.Махамбетов.

Шараға ҚР Өнер және мәдениет қайраткері, профессор, Ресей және Қазақстан академиясының академигі Ермұхан Жүнісбек те қатысып, суретшінің басты ерекшелігі – қазақ даласының өзге жұртқа байқала бермейтін кеңпейілділігін, ішкі сырларын көре біліп, оны өзгелерге де көрсете алуы екенін атап өтті.

– Әнуар Игембаевтың туындылары әлдебір ой иіріміне жетелейді. Жаныңызды әлдебір жылылық баурайды. Ғажайып бір керемет сезімнің бесігіне бөленген санаңыз одан босануға асықпайды. Қайта әдемі сезімнің тұтқынына арбала түсесіз. Оның еңбектерін түсіндірудің қажеті шамалы. Тек түйсіну қажет. Әр деталінің бояуы қанық. Дәстүрлі өнерден тамырын ажыратпаған дүниелер. Әркім өзінше түсінеді, өзінше қабылдайды. Оның туындыларына табиғилық пен шынайылық және тазалық тән. Қай шығармасында да барлығы бір-бірімен әдемі үйлесіп, астасып жатады, – деп атап өтті Е.Жүнісбек.

Көрмеге келгендердің барлығы да суретші туындыларының алуан жанрда салынғанына таңданыстарын жасыра алмады.

Шараның соңында өнер иесі көрменің ашылу салтанатына келіп, өзіне жылы лебіз білдірген достарына, әріптестеріне алғысын білдірді.

Айта кетейік, Әнуар Игембаев – халықаралық, республикалық, аймақтық және облыстық көрме-лердің тұрақты қатысушысы. 1980 жылы «Сенеж» шығармашылық шеберханасының қатысушысы, 2003-2023 жылдар аралығында өткен халықаралық пленэрлердің қатысушысы отыр.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.