Кенжекөл маңындағы қазба жұмыстары осыдан бес жыл бұрын басталған. Тынымсыз еңбек пен тарихи зерттеулердің нәтижесінде бұл жерде табылған қимақ қорғандары үлкен ғылыми құндылыққа ие. Осы жерден табылған жәдігерлердің бірі – Қимақ қағанаты кезіндегі қимақтардың күймесі. Бұл жәдігер Байдала ауылының маңынан табылған.

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті Археологиялық зерттеулер институты «Марғұлантану» оқу-зерттеу кешенінің жетекшісі Еңлік Әбеуованың айтуынша, Павлодар облысының аумағында  қазылып алынған жәдігерлер көп. Олардың ішінде соңғы табылған бағалы жәдігер – Қимақ күймесі.

– Кенжекөл ауылынан
20 шақырым қашықтықта табылған жәдігердің құндылығы – оның жақсы сақталуында. Ағаш немесе мата сынды тез бұзылған материалдардың сақталуы — өте сирек кездесетін құбылыс. Тапқан жәдігеріміз өте жақсы сақталған. Ғалымдардың айтуынша, «Қимақ күймесі» Еуразия аумағындағы ортағасырлық көшпелілердің жылжымалы тұрғын үйінің жақсы сақталған жалғыз үлгісі саналады, – дейді ол.

Оның айтуынша, бұл қазба жұмыстары барысында күймеден басқа заттар және оның астында екі жерлеу орны табылған. Жәдігерлер 2016 жылы табылса да әлі күнге дейін зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Археологтар олар сынып қалмас үшін арбаны топырағымен бірге қазып алып келген. Күйменің ұзындығы — екі метр, салмағы 1 тоннаны құрайды.

2005 жылы ашылған орталықтағы археологтардың барлығы – Марғұлан университетінің түлектері, яғни тарих факультетін тәмамдаған мамандар.

Орталықта Ертіс-Баян өңірінен табылған құнды жәдігерлер топтастырылған. Сондай-ақ, қазба жұмыстарына міндетті түрде жеріміздің көне тарихын зерттеуге деген қызығушылығы бар жас ұрпақ қатысып отырады.

 

Өз тілшіміз.