Саз балшықты шыр айналдырып, одан түрлі бұйымдарды жасап отырған шеберді көрсеңіз, бірден қызығушылық танытатыныңыз сөзсіз. Бүгінде сазды қыштың дөңгелегінде қалыптау арқылы өңделген қыш ыдыстар — көпшілік үшін пайдалы әрі жағымды хобби. Сондай-ақ, табиғи өнімге деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Себебі, саз балшық денсаулыққа өте пайдалы.

Жақында іргетасы қалан-ғанына 45 жыл болатын Павлодар қаласындағы балаларға арналған көркемсурет мектебінде қыш құмыра жасау үйірмесі ашылды. Онда бір уақытта 10-нан аса оқушы бұл өнер түрімен айналысуға мүмкіндік алады.

Қосымша білім беру орталығы басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнәр Мұхаметқалинаның сөзінше, аталмыш мектеп 2022 жылы сол кездегі облыс әкімінің грантын ұтып алған. Өткен жылы құжаттар реттелгеннен соң  аталмыш қаражатқа қажетті жабдықтар сатып алынды. Сондай-ақ, жақында компьютерлік графикалық кабинет және қыш құмыра жасау үйірмесі ашылды.

— Қыш ісі – адамдардың мыңдаған жыл бойы айналысқан көне өнердің түрі. Бұл өнер түрін оқушылар арасында насихаттау мақсатында жақында осы шағын орталықты аштық. Ашылғанына көп уақыт болмаса да, қызығушылық танытқандар қатары көп. Бүгінде 8-ден 13-ке, 13-тен 15 жасқа дейінгі және кешкі уақыттағы 30 жастан асқан ересек адамдарға арналған тобымыз бар. Сұраныс одан әрі артса, кеңістігін кеңейтеміз деп ойлаймыз. Қатысу ақылы, —
дейді Г.Мұхаметқалина.

Үйірменің жетекшісі Олжас Жәбішов саздан құмыра жасау үшін адамға алдымен ниет, шыдамдылық кейін тазалық қажет дейді. Сондай-ақ, айтуынша адамдардың көбі саз балшықтан әртүрлі бұйымдар жасауға болатынын біле бермейді екен.

— Саз балшықтан қазіргі уақытта тұтынып жүрген әртүрлі көлемдегі құмыралар, ыдыс-аяқтар, тағы да өзге заттарды жасауға болады. Көптеген Азия мемлекетінің мейрамханаларында пайдаланылып жүрген құмыралар, шәйнектер, кеселер, астаулар, табақтар сынды ас үй заттарының көбі керамикадан, саз балшықтан жасалады, — дейді қолөнер шебері.

Сондай-ақ, шебер саз таңдау мәселесіне бейжай қарауға болмайтынын айтады. Кез келген жерден сазды қазып алып, құмыра жасау үшін қолдана алмайсыз. Себебі, ол саздың ішінде тас, қоқыс немесе шыны болуы мүмкін. Өзі сазға қатты мән береді екен.

— Шикізат арнайы тапсырыс- пен Алматы қаласынан келеді. Көбінесе Қапшағайдың сазын қолданамыз. Қолжетімді болса өзіміздің жергілікті жерлерден де аламыз. Өйткені, олар отқа өте төзімді.

Ал майлылығы тым жоғары немесе тым аз балшықтар жарамайды. Өйткені, саздың майы көп болса, бұйым кепкен соң кішірейіп қалады, ал аз болса жарылып кетеді. Қыш бұйымдарын жасау үшін алдымен қажетті материалдарды жеткілікті деңгейде дайындап алу керек. Бұл іспен түбегейлі айналысамын деген адам топырақтың құрамын жақсылап меңгеріп алғаны жөн. Әр жердің топырағы әр түрлі болып келеді. Кез келген балшық бұйым жасауға жарай бермейді, оны дұрыс таңдай алмасаңыз, қалыпқа, көзеге салғанда, күйдірген кезде сынып, жарылып кетеді. Сондықтан саз балшықты таңдау, оны дайындау технологиясын білу керек, — деп түсіндірді Олжас.

Сондай-ақ, шебер құмыра жасау үшін кемінде бір апта уақыт кететінін айтты. Бастысы, қандай да бір затты жасағаннан кейін міндетті түрде дұрыс кептірілуіне ерекше мән беру керек екен.

— Жасаған затты пешке салып күйдіруге бір күн кетеді. Пеште негізінен саз балшықтан жасалған заттар 950 градуста күйдіріледі. Кез келген құмыра 12 сағатта сол градусты көтереді. Пештен шығарғаннан кейін арнайы бояумен бояймыз. Одан кейін тағы да пешке саламыз. Бірақ екінші рет 1150 градустағы температурада күйдіреміз. Сонда ғана теп-тегіс, жып-жылтыр болып шығады, — дейді ол.

Оның айтуынша, топырақтың адам денсаулығына тигізер пайдасы зор. Біріншіден, саз балшықтың құрамында 60 пайызға жуық кальций элементтері бар. Яғни, сазды ұстаған кезде адам алақаны арқылы организмге пайдалы дәрумендер тарайды. Оны қолмен илеу арқылы сүйек қатаяды. Екіншіден, еңбекке үйреніп, шеберлігін шыңдайды. Сонымен қоса, адамдарға балшық илету арқылы әр түрлі психо-физиологиялық аурулардың алдын алуға болады.

Үйірме барысында балалар саздан құмыра жасау үрдісін толық меңгере алады. Яғни, саздан жасалған өнімді күйдіру, бояуды да үйреніп алу мүмкіндігіне ие.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.