Сөзге ғана емес, іске шебер қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан өнері бар. Қайталанбас стилі мен көшпенділер өмірінен сыр шертіп тұратын ою-өрнек пен әшекей сұлулықты кәсіби жандар қазаққа тән дүние екенін бір қарап айырады. Қошқармүйіз бен қосмүйізді, арқар мүйізді айыра алмайтын жан болса да, оның қазақтың өрнегі екенін көпшілік бірден түсінетіні хақ. Өйткені, киім-кешек пен әшекейге, көрпе, алаша, кілем мен жастық сынды тұрмыстық заттардың барлығына ою таңбаланып, өрнек бастырылады. Бүгінде көпшілік ұлттық нақыштағы және оюмен көмкерілген заттарға қызығушылық танытады. Ал бүгінгі кейіпкеріміз Уасиля Нұрмұханбетова бұл істен құр алақан емес. Шебер қолданбалы өнермен, яғни тігін тігумен айналысады.

Уасиля Нұрмұханбетова өзінің түрлі түсті ұлттық өнімдерін үй шаруашылығына ғана қолданбайды, сондай-ақ тапсырыс берушілерді де қуантады. Кейіпкеріміз үшін бастысы — сапа және авторлық дизайн. Ол ата-бабаларымыздың тігін өнерін жандандыру, сақтау және бұл мұраны жас ұрпаққа беру міндетін басты назарға қояды.

— Тек құрақ көрпе емес, сондай-ақ, қыздарға арналған шалбар, ұлттық бас киімдер де тігіледі. Алғашқы көрпемді 19 жасымда тіктім. Бірақ 90-шы жылдары дағдарыс болғаннан соң, сүйікті ісімді уақытша тоқтатуға тура келді, — дейді ол. Бүгінде ол — түрлі ұлттық байқаулардың белсенді қатысушысы, ұйымдастырушысы. Мәселен, «Көрпе Fest» республикалық фестивалінде патч-тігін бойынша авторлық дизайн жүлдесінің және сол фестивальдің облыстық кезеңінің жеңімпазы болды. Онда «Алтын Орда» авторлық дизайн үйінің халық кәсіпшілігі технологияларын игеруде жоғары санатты сертификат алды. Сондай–ақ, «Жаңа талап» байқауының үшінші дәрежелі дипломының иегері – «ҚТЖ «ҰК» АҚ Персоналды басқару қызметі қызметкерлері арасында персоналды басқару бойынша үздік жоба, «ҚР Сыртқы экономикалық қызметінде логистиканың тиімділігін арттыру» ғылыми жұмысының авторы. Көп жылдық тәжірибесіне қарамастан, ол оқуды тоқтатпайды. Оның келесі жоспары — тоқуды толықтай игеру.

— Жуырда біздің «Ertis» мультимедиялық музейінің ғимаратында «Шабыт қайнар орталығы» атты жас шеберлердің өнерін дәріптеу, насихаттау мақсатында өнер орталығы ашылды. Оған өзім жетекшілік етемін. Онда бұл кәсіпті жаңа ғана бастаған қолөнершілерге, балаларға шеберлік сағаттарын және түрлі мерекелік шараларды өткіземіз. Мәселен, құрақ құрау, тігін тігу, бисер тоқуға және тоқылған белдіктерге сұраныс жоғары. Оны тоқуға арналған арнайы құралымыз бар. Аталмыш затты көбінесе шапанның сыртына байлауға қолданады. Сондай-ақ, кесте өнерімен де айналысамыз. Яғни, бұл өнердің бір түрі шығыс халқының арасында қазақ пен қырғыз халқында аса жоғары деңгейде дамыған. Кесте кергішке керілген арнайы мата бетіне түсірілген, ою-өрнек немесе бейнені сызық бойымен қармақ бізді матадан әрі өткізіп, жіпті бері іліп шалып алу арқылы қайталанатын майда тігісті айтамыз. Кестеге матаға сызылған ою–өрнекті сызық бойымен кестелеп, сонан соң ішкі жағын түрлі өңді жіптермен толтырады. Қалған бөліктері фон ретінде қалады. Біз кесте тұс киізге, шымылдықтың басына, жарғақ шалбардың басына, жұқа шапанның, шекпеннің өңіріне тігіледі, — дейді қолөнер шебері. Мәселен, бір тұскиізді әзірлеуге 3-4 ай көлемінде уақыт кетеді екен. Бұл тұскиіз 100 пайыз қолдан жасалған. Дайындамас бұрын дизайны, түсі, барлығы ойластырылады. Бұл іске ақ жаулықты әжелеріміз де білек сыбана кіріседі. Тұскиіздің жасалуына шеберлер ерекше мән береді. Керегеге толығымен жабылатын болғандықтан көп жағдайда оның көлемі тік төрт бұрыш болып жасалған. Үш жағынан доға түрінде кестеленген жиегі бар орталық өрістен тұрады. Төменгі бөлігі кестеленбеген. Өйткені, қабырғаға ілінгеннен кейін, оның астына көрпеше, жастық қойылатын болған. Кестесі көрінбейтін болғандықтан, тұскиіздің тек үш шетін кестелеген. Киіздің үстіне қызыл, ақ, қара түсті өрнектер салып безендірген. Осылайша ортасына үйлесімді мата салып, киізбен көмкереді. Оның шеті бір түсті барқыт, шұға маталармен көмкеріліп, түрлі түсті жіппен кестеленеді. Тіпті, бұрындары былғары күміспен әшекейлеп, сәндік бұйым ретінде қолданған.

— Тұскиізді кестелеу үшін ине немесе кесте бізі қолданылады. Оны кестелеген кезде «мүйіз», «гүл», «жапырақ», «шырмауық», «түйетабан», «алқа» сынды бірнеше ою қолданылған. Киізге кестені маржан, меруерт жіптермен тіккен. Тұскиіз өндірісінде алақұрт, сағат бау, шытыра, су тарту, ирек түсіру, кереге көз сияқты тігіс әдістері қолданылады. Ол тек сән беретін жиһаз ретінде ғана емес, сонымен қатар, керегеден суық ұрмас үшін де қолданылған. Жылуды ұстап тұру үшін тұскиізді қалың киізден жасап, оны әдемілеп, өрнек түсіріп, кестелеп әрлеген, — дейді Р.Нұрмұханбетова. Қолдан жасалған дүниелердің бағасы да сапасына сай. Мысалы, жоғарыда атап өткен тұскиіздің бағасы 120 мың теңгені құрайды. Әрине, дайындалуына кететін уақытты есептесек, бағасы орынды секілді. Ұлттық қолөнер – ғасырлар бойы уақыт елегінен өтіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен мәдени мұрамыз. Бүгінде ата-бабамыздан қалған мұраны көзінің қарашығындай сақтап, төл өнерімізді дәріптеп жүрген жандардың бары қуантады.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.