Театр — адамның жанына рухани нәр беріп, тәніне ыстық қан жүгіртер тылсым күшке ие киелі өнер ордасы. Талғампаз көрермендерін комедиялық қойы-
лымдарымен күлдірсе, трагедиялық туындыларымен жылататын, драмалық шығармаларымен терең ойға батырып, шынайы өмірге негізделген шығар-
малары шындықпен бетпе-бет кездестіретін шоқтығы биік өнердің қара шаңырағы – театр. Осы ретте ширек ғасыр бойы өнерімен көрерменін тәнті
етіп жүрген Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық музыка-драма театрының талантты актрисасы Айсұлу Балтабаевамен сұхбатты оқырман қауым назарына ұсынуды жөн көрдік.

— Айсұлу Ахметбекқызы, сізді театрымыздың беделді актрисасы ретінде білеміз. Оқырмандарымыз – өзіңіздің көрермендеріңізге өміріңіз бен шығармашылығыңыз туралы әңгімелесек…

— Менің туған жерім — Павлодар облысы қазіргі Аққулы ауданы, Жабағылы ауылы. Әкем мен шешем  сол жерде ұстаздық етті. Әкем Ахметбек Қажығалиұлы Балтабаев — Көкшетау облысының тумасы,  педагог-тарихшы болған, 47 жасында өмірден өтті. Ғұмыры қысқа болғанымен, дарынды шәкірт тәрбиелеп, бізге өмірлік азық  беріп кетті. Әкем марқұм әдебиет, тарих пәндерінен сабақ берген. Ертегілерді көркемдеп әңгімелегенде бәрін көз алдыма елестетіп отыратынмын. Адамның адамгершілік қасиеті мол болуы керек дегенді жиі айтатын. Анам Тілеулес Мұқанқызы — бастауыш сынып мұғалімі, кітапханашы  болып қызмет етті. Анам да өте қарапайым адам болды, сол қасиетті біздің бойымызға да сіңірді. Ақын-жазушы Аманжол Шамкенов – нағашым. Ол кісінің әкесі Шамкен ата барлық бауырлары соғысқа кеткенде олардың отбасын бір шаңырақта ұстап, балаларына білім мен тәрбие берген адам. Тіпті, әкем мен анам алғаш үйленгенде Алматыда осы Аманжол Шамкеновтің шаңырағында тұрған екен. Біз бес ағайындымыз. Жалғыз ағам пандемия кезіңде ауырып, дүниеден өтті. Қазір отбасында 4 апалы-сіңлілі қалдық.

— Өнерге деген қадамыңыз неден басталды?

— Мен кішкентай кезімнен өнерге жақын болып өстім. Сахнаны жақсы көргенім сондай, халық әндерін  шырқап, көрші балаларға концерт қоятынмын. Бірде ауылымызға Семей театры гастрольмен келді. Алғаш спектаклін көргеннен-ақ әртістік мамандыққа деген қызығушылығым оянды. Өнер жолына түсуіме анам қарсы болған жоқ. «Жолың ашық болсын!» деп батасын берді. Бұл 90-жылдардың тоқырау кезі болатын. Туыстар арасынан «Бұл не деген мамандық?», «Түк пайдасы жоқ, ақшасы аз кәсіп» деп сөккендер болды. Мен ештеңеге қарамастан, көздеген мақсатыма жетуге тырыстым. Отбасым әрқашан қолдап отырды. 1994-1998 жылдары Алматы  қаласында Темірбек Жүргенов атындағы қазақ мемлекеттік театр және кино институты ҚР Еңбек сіңірген әртісі Н.Жақыбай мен ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ғ.Әбдінәбиеваның шеберханасында білім алдым. Дипломдық қойылымда Ғабит Мүсірепов атындағы мемлекеттік жастар мен балаларға  арналған театрда «Алтын кілт» ертегісіндегі Буратино және Шыңғыс Айтматовтың «Бетпе-бет» спектаклінде көрші Айшаның рөлдерін сомдап, Павлодар облыстық Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрына жолдама алдым. Осылайша еңбек жолымды
1998 жылы  бастап кеттім.

— Жас маман болып келгенде теорияны тәжірибемен қалай ұштастырдыңыз? Осы кезде тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңесін айтқан аға буын әріптестеріңіз туралы айтсаңыз…

— Мен келгенде небары 8 жастағы жас театр болатын. Мұнда тәжірибесі мол аға буын өкілдері қызмет етті. Алғаш жол сілтеп, қамқорлық танытқан  актриса Г.Саймасаева болды. Ол кісі — қазір Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында оқытушы. Бастапқыда актриса Б.Құрбанова да жол көрсетіп, жөн сілтеді. Ары қарай үлкен аға-әпкелерімізден үлгі алып, сол кісілердің тәжірибесінен үйрендім, сабақ алдым. Сахна ешқашан қатені, арам ниетті кешпейді. Павлодар театрына келгенде алғаш режиссерім Ерсайын аға Тәпенов ұстазым болды. Сөз саптаудан бастап рөлді үтір-нүктесіне дейін жаныңа жақын әкеліп беретін. Осы кісінің тәрбиесімен өнердің қыр-сырын меңгердім. Мен үшін тағы бір қымбат ұстаз –
режиссер Жанат Хаджиев. Бұл кісіден де көп нәрсе үйрендім, режиссураға деген қызығушылығым оянып, өзіндік көзқарасым пайда болды. Осылайша «Наурыз-думан» ертегісін сахналап, ұлттық мерекенің мәнін ашуға барынша тырыстым. Жалпы, теория мен тәжірибе — екі бөлек дүние. Әртіс рөлді оқып-зерттеу кезінде теорияны қолданса, қалғаны тәжірибемен келеді.

— «Өнер жолы – ауыр жол» дегенді жиі естиміз. Осы пікір қаншалықты шындыққа жанасады?

— Өнер жолы шынымен де ауыр. Егер сахнаны шын сүйсең, осы мамандыққа адал болсаң, шыдайсың. Қазір бәрі жеңіл көрінеді, өйткені мектеп өзгерді. Яғни бағыт  басқа, қойылымдар да, көзқарас та өзгерді. Әртіс өмір бойы өзге адамдардың тағдырын сахнада ойнайды. Бұл психикалық тұрғыдан оңай емес. Комедиялық, драмалық қойылымда болсын, көрерменге тек нәтижені көрсетеміз. Ал оған жету үшін қаншама еңбек, тер төгу қажет. Негізгі әртістер сезімтал болғандықтан тез ренжіп, әр нәрсені жүрекке жақын қабылдайды деп ойлаймын. Өнер жолында сүрініп, қайта тұрған кездерім болды. Бірде жыласам, бірде күлдім. Осылай ширап, аяққа тұрдым. Мұның барлығы өмір заңы екен…

— Театрда қанша рөл сомдадыңыз? Сізге қандай рөлдер жақын? Сахнада осы рөлді ойнасам деген арманыңыз бар ма?

— Мен сахнаны, мамамдығымды  жақсы көремін. Биыл еңбек жолыма 25 жыл толып отыр. Ойнаған рөлдерім көп. Шындығында санап көрмеппін. Шамамен 60-70 шақты рөл ойнаған шығармын деп ойлаймын. Үлкенді-кішілі рөлдерді ойнап, көпшілік сахналарға да қатыстым. Мен келген жылдары театр сахнасында «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Қаракөз», «Сильва», «Чайка», т.б үлкен-үлкен классикалық спектакльдер жүріп жатты. Ойнаған рөлдерімді мынау жаман, мынау жақсы, мынау кішкентай, мынау үлкен деп бөліп-жарған емеспін. Себебі, барлығы — жүрегімнен шыққан, шынайы ойнап жүрген рөлдерім. Әрине, арасында жақсы көріп, одан ләззат алатын рөлдер болады. Ә.Оразбайдың «Бір түп алма ағашындағы» Әлия рөлі, Ж.Аймауытовтың «Ақбілегі», «Жас Абайдағы» Қамқа, т.б. — жан-жүрегіме жақын образдар. Осы спектакльдер театр репертуарында болған кезде мен қуана ойнайтынмын. Әр әртістің «Осы рөлді ойнасам екен» деген арманы болады. Болашақта дүниежүзілік класси-калық спектакльдердегі  Еврипидтің «Медеясы»,  Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпанын» ойнағым  келеді. Оны уақыт көрсете жатар.

— Театр көрермендеріне көңіліңіз тола ма? Көрермен қандай қойылымдарды жақсы қабылдайды?

— Көрмендерге көңілім тола бермейді. Себебі, театр мәдениеті жоқ, ұялы телефон сөндірмей, чипсы жеп отырғанда қатты көңілім түседі. «Неге?» деген сұрақ қайта-қайта мазалап, үйге осының мәнін түсінбей ораламын. Алайда көпке топырақ шашпаймын. Керемет көрермендеріміз де бар. Қазір көрермендердің  талғамы жоғары. Әсіресе, драманы  қатты  жақсы көреді. Комедия көрермендері де аз емес. Көрермен  залы  толы болған кезде біз де сахнада рахаттанып  ойнаймыз.

— Театр — рухани демалыс, әрі тәрбие ордасы. Қазіргі жастарды тәрбиелеу үшін қандай қойылымдарды ұсынар едіңіз?

— Әрине, театр — рухани орда. Тарих та, әдебиет те – бәрі сахнада. Қазір заман талабы ма, эксперименттік түр көбейіп кетті. Онымен біз жастарға тәрбие береміз деп айта алмаймын. Тек ой салуымыз мүмкін. Ал жастарды, жалпы көрермендерді тәрбиелеу үшін ұлттық рухты көтеретін тәрбиелік  мәні зор классикалық спектакльдер  қойған дұрыс деп ойлаймын. Мысалы, «Айман-Шолпан», «Қаракөз», «Ақан сері-Ақтоқты» спектакльдері үлкенге  құрмет, кішіге ізет көрсетуге тәрбиелейді. Үлкеннің алдын кесіп өтпеу, сәлем салу, үлкеннің сөзін бөлмеу секілді тәрбиелік мәні зор дүниелер осы спектакльдерде көрініс тапқан. Әрине, эксперимент жасауға қарсы емеспін.
Бірақ қазір смартфон қарап, ғаламторда отыратын ұрпақты таңқалдыру қиын. Тоқетері, театр өнерінде классиканың орны бөлек.

— Әртіс үшін атақ-даңқ маңызды ма?

— Жоғарыда айтып өттім. Биыл еңбек жолыма 25 жыл толып отыр. Еңбектің уақытылы бағалануы – әртіс үшін зор бақыт. Үш жыл бұрын ҚР Мәдениет саласының үздігі атандым. Менің ойымша, әртісті жалындап тұрған шағында, түрлі рөлдерді ойнап, репертуарды ұстап тұрған кезінде бағалаған жөн. Жақсылықтың ерте-кеші жоқ. Десек те, әр нәрсе өз уақытымен болғаны дұрыс деп білемін. Ең бастысы – көрермен ықыласы.

— Жалпы, сынды қалай қабылдайсыз?

— «Сын түзелмей, мін түзел-мейді» дегендей, әртіске сын керек. Біздің театрға кәсіби сыншылар шақырылып тұрады. Кейде ойнаған рөлдерімізге сын айтып, бағытымызды көрсетіп жіберетін сыншылар болады. Өнер адамы үшін бұл өте маңызды. Себебі, «сен мықтысың» дей бергеннен әртіс әрі қарай өспейді. Тіпті, қандай деңгейде екенін  білмей  қалуы да мүмкін. Егер айтылған сын шын болса, әртістің кәсіби деңгейінің өсуіне ықпал етеді деп санаймын.

— Әртістіктен өзге қырлары-ңызға тоқталып өтсеңіз…

— Қазіргі  уақытта театрда қызмет етумен қатар шәкірт тәрбилеудемін. Ұстаздық ету – мен үшін бір бақыт. 2019 жылдан бастап К.Катаев атындағы оқушылар сарайында шәкірт тәрбиелей бастадым. «Қазақ театр үйірмесін  ашпайсыз ба?» деп жиі сұрағандықтан, осы іске бел буып, бала жинап аштым. Өкінішке қарай, пандемияға байланысты үзіліп қалды. Кейін балалардың белсенділігі азайып кетуіне байланысты жауып тастадым. Ол кезде орыс тобы да болды. Олардың ата-аналарының балаға деген көзқарасы, баланы өнерге талпындыруы мені қатты қызықтыратын. Қазір Назарбаев Зияткерлік мектебінің  театр  үйірмесінің  жетекшісімін. Онда әртіс дайындап шығарып жатырмын демеймін. Бірақ балалардың өзін-өзі еркін ұстап, ойын жеткізе білуіне, тіл тазалығына көп жұмыс жасаймын. Қазір көп балаларда «ң» әрпі жоқ, сөзге екпінді дұрыс қоймайды. Сол жағына көп көңіл бөлемін. Мектеп түлектері арасында театр бөліміне оқуға түсуге бағыт-бағдар алып, түскендер бар. Оқу бітіріп келіп, бір сахнада жұмыс істеп жүргендер де бар. Әр шәкіртімнің жетістігі ұстаз ретіндегі кішкентай еңбегімнің жемісі деп білемін. Театрымызға өңіріміздің жастары оқып келсе қуанамын. Себебі, өзге өңірлерден келіп, еңбек жолын бастаған жастардың тәжірибе жинап алып, кетіп қалатыны жасырын емес. Сондықтан осы өңірдің жастарына жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек.

— Тойлардың сән-салтанатымен өтуіне атсалысып жүргеніңізді білеміз. Қазақтың тойы нағыз қазақы той болуы үшін не жетіспейді?

— Иә, тойлардың сән салтанатты өтуіне өз үлесімді  қосып келемін. Қазір, өкінішке қарай, ұлттық дәстүрмен бастап, әрі қарай шоу болып кететін тойлар көп. Мысалы, мен түрік халқының тойында болдым. Ұлттық музыкасына ұлттық билерін билеп, көңіл көтереді. Әдепсіз билерге мүлде орын жоқ. Қазақтың тойларында ысырап-шылдық көп. Осыған жол бермей, көрпеге қарай көсілген жөн. Жалпы, тойларды қазақы нақышта өткізіп, оның тәрбиелік мәнін арттырса деп армандаймын. Кейбір тойларда сәлемнің қалай салу керектігін білмейтіндер де кездеседі. Ал қыз ұзатуда ұлттық салт-дәстүрімізде жоқ нәрселерді жасап жататындар бар. Үлкендер батасын беріп, келін туыс-туғанға сәлем салып, әр той өз сәнімен болғаны абзал. «Ұлт болам десең, бесігінді түзе» деп бекер айтылмаған…

— Білуімше, сіз де, отағасы да – өнер адамысыздар. Жалпы, өнерлі шаңырақ иелерінің өмірі қарапайым отбасылардан ерекшелене ме?

— Иә, жолдасым Аманжол да — өнер адамы. Біз бір-бірімізді жақсы түсінеміз, ортамызда тандем  бар. Әрине, өнер адамдарының бір шаңырақта тұруы оңай бола бермейді. Десек те, біздің  көзқарасымыз – бір, талғамымыз – ортақ. Ол музыкалық жағынан бағаласа, мен әртістік жағын айтып, кейде пікірталастың көрігін қыздырып жібереміз. Әрине, әйел адам болған соң шаңырақты ұстап, үйдің берекесін  сақтау – біздің қолымызда. Мен бақытты актрисамын. Себебі, мені сүйіп, бағалайтын жан жарым қасымда. Сүйікті жұмысым бар, еңбегімнің жемісін көрудемін.

— Әсерлі сұхбатыңызға көп рахмет!

Сұхбаттасқан – Торғын ОРАЗАЛЫ.