Еліміздегі Абай желілік мектептерінде қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының әдеби мұрасы, асыл қазынасы кеңінен насихатталып келеді. Осы желілік мектептер құрамында Павлодар қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған гимназиясы да бар.
Абай желілік мектептерінің құрамына еліміз бойынша 20-ға жуық білім мекемесі кіреді. Бұл мектептер гуманитарлық пәндерді тереңдетіп оқытады. Сонымен қатар, «Абайтану» ғылымы арнайы пән ретінде оқытылып, ұлы ақынның шығармашылық мұрасын жаттауға, талдауға оны терең түсінуге ерекше мүмкіндік берілген.
Дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназия директорының әдістемелік-инновациялық жұмыс жөніндегі орынбасары Бағда Қазиеваның айтуынша, барлық сыныптарға «Абайтану» үйірмесі қосымша пән ретінде кіреді. Ал гуманитарлық бағыттағы сыныптар Абай желілік мектептерінің бағдарламасы бойынша арнайы пән ретінде оқып, бағалау жүйесіне енгізілген. Бұл — Абай атындағы мектептердің барлығына қатысты ерекшелік. Сонда ақын есімін еншілеген білім мекемелерінің оқушыларының барлығы Абай Құнанбайұлының шығармашылығымен сусындайды деген сөз. Бұл — жас ұрпақты Абай тағылымымен, Абай даналығымен және ақыл-философиясымен тәрбиелеуге берілген ерекше мүмкіндік дейді мамандар.
— Абай желілік мектептеріне көптеген артықшылықтар берілген. Мысалы, біздің оқушылар республикалық «Абайтану» олимпиадасына, «Ділмар» білім сайысына тікелей қатыса алады. Яғни, облыстық іріктеуден өтудің қажеті жоқ. Біздің оқушылар жыл сайын жүлделі орынмен оралып жүр. Одан бөлек «Іші алтын, сырты күміс» шешендік өнер сайысына да тек Абай желілік мектептері қатыса алады. Бұл сайысты өткен жылы біз өткіздік. Биыл Шымкентте өтетін болып жатыр. Сол секілді «Абай әлемі», «Әуезов әлемі» сайыстарына да кез келген уақытта қатысуға жол ашық. Одан бөлек қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері ақынның шығармашылығына арналған сынып сағаттарын, іс-шараларын тұрақты өткізіп тұрады — дейді Бағда Әділханқызы.
Жалпы, Павлодар облысында Абай атындағы 10 мектеп бар. Бас ақынның атын арқалаған бұл білім мекемелері бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс жүргізеді. Барлығының мақсаты мен мүддесі біреу ғана. Ол – Абайдың шығармашылығын дәріптеу, кейінгі ұрпақтың ой-санасына ұлы ақынның даналығын сіңіру.
— Осыдан бірнеше жыл бұрын облыстағы Абай мектептер желісін құрған болатынбыз. Аталған жоба бойынша түрлі бағыттағы шаралар өткізіліп келеді. Мысалы, жақында «Ескендір» поэмасын оқу челленджін бастап, оған барлық Абай мектептерінің оқушыларын қатысуға шақырған едік. Оқушылар өте белсенді қатысып, бастамасы өзінің нәтижесін берді. Біздің мектепте «Самға» деген театр үйірмесі жұмыс істейді. Сол үйірменің жас артистері Абайдың өміріне қатысты екі қойылым әзірлеп, сахналады. Оның біріншісінде ақынның бала күнін ойнаса, екіншісінде хакімнің Қара сөздерінен философиялық мелодрама сахналанды. Соңғысы бойынша оқушылар арасындағы облыстық театр конкурсынан бірінші орынды жеңіп алды, — дейді Бағда Әділханқызы.
Бұл мектепте Абайдың өлеңдерін, Қара сөздерін жатқа айтатын оқушылардың қатары көп. Бүгінде Абай оқуларына жиі қатысатын өнерлі оқушылардың бірі – Ерасыл Молдабеков. Ол ақынның 120 өлеңіне дейін жатқа айтады.
Тілеуберді САХАБА.