Алматының төрінде бұрын-соңды болмаған республикалық айтыс өтті. Телевизиялық жобада жекелеген ақындар емес, әр аймақтың абыройын қорғаған топтар бақ сынады. Тартысты бәсекеде жерлестеріміз аузын айға білеген әйгілі айтыскерлермен тең шауып, көмбеге үздіктер қатарында келді.
Қазақстандық айтыскерлердің арасында «Асыл тас» қоғамдық қоры ұйымдастырған дәстүрлі «Асыл домбыра» айтыс жобасы ұйымдастырылды. Бұл дүбірлі додаға облысымыздың намысын қорғаған үш айтыскер өнер көрсетті. Олар – Абзал Қабдраш, Нұрсұлтан Рымбай, Нұрқанат Қайрат. Бұл байқауда 17 облыстан келген 20 команда өнер көрсетті. Әрбір командада үш ақыннан қатысты. Ал үздік төрттікке Батыс Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарының айтыскерлері кірді.
– Байқау өте тартысты өтті. Алғашқы кезеңнен бастап финалдық кезеңге дейін павлодарлықтар жеңісті қолдан берген жоқ. Бұған дейін де өңірімізден айтыскерлер қатысқан болатын. Бұл жолы бағымыз жанып, қанжығамызға күмісті байладық. Біз үшін бұл — үлкен жетістік, – дейді айтыскер Абзал Қабдраш. Сайыс қорытындысы бойынша, үшінші орынға Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының құрамалары іліксе, екінші орын павлодарлықтарға бұйырып, 3 млн теңгелік сертификатқа ие болды. Ал Батыс Қазақстаннан келген құрама бірінші орынды иеленді.
Өз тілшіміз.