Шырайлы Шығыста туып, шұрайлы Ертіс-Баян өңірінде түлеген, әулиелі Ақкөл-Жайылмада жыр тұлпарын жаратып, аламан айтыстың «Солақай серісі» атанған суырып салма ақын, термеші, журналист Серік Құсанбаевтың 60 жылдық мерейтойы Павлодар облысында кеңінен аталып өтті.
Облысымызда 80-жылдардың аяғында қайта жаңғырған айтыс өнерінде Серік Құсанбаевтың орны ерекше. Павлодар облысының 50 жылдығына арналған «Алтын шеңбер» атты ақындар айтысында термеші ретінде өнер көрсеткен Серік Сәдуақасұлының айтысқа деген қызығу-шылығы оянып, сөз барымтасына бет бұрған. Көп ұзамай табиғи дарыны мен мол ізденісінің арқасында айтыс аламанына қосылды. Осылайша он сегіз жыл бойы Павлодар облысының намысын қорғаған айтыскер ақын өңірдің айтыс қоржынына 13 бас бәйге салды. Айтыскер ақын, жыршы, журналист, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Журналис- тер одағының мүшесі Серік Құсанбаевтың 60 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтті. Алдымен мерейтой иесі облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманованың қабылдауында болды.
— Серік Сәдуақасұлы, сіз айтыс саласына көп еңбек сіңірдіңіз. Павлодар өңірінің айтыс мектебінің қалыптасуына қомақты үлесіңізді қостыңыз. Республикалық, халықаралық додаларда облыс намысын қорғадыңыз. Есіміңіз облыстың айтыс тарихында алтын әріптермен жазылып қалады, — деді Айзада Амангелдіқызы. Дәстүр бойынша мерейтой иесінің иығына шапан жабылып, құрмет көрсетілді. Одан соң Марғұлан университетінде айтыскер ақын Серік Құсанбаевтың 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған конференция өтті. Онда ақынның шығармашылық қырлары жан-жақты талданып, руханият саласына сіңірген еңбегі жоғары бағаланды. Конференция жұмысына айтыскер ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Аманжол Әлтаев, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мәдениет қайраткері Қойлыбай Асанов, айтыскер ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазы, ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы қатысты. Сан қырлы өнер иесінің мерейтойына арналған конференция «Шаңырақ» орталығында өткен «Ақиқаттың ақбозын алшаңдатқан…» атты шығармашылық кешке ұласты. Айтыс- кер ақын Серік Құсанбаев сахна төріне дүбірлі додаларға киген қызыл шапанымен шығып, Павлодар облысына деген ыстық сағынышын жан серігі – қоңыр домбырасымен арнау айтып жеткізді. Айтыскер ақын Серік Құсанбаевтың шығармашылық кешінде «Алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатаев арнау айтып, жергілікті жас ақындар ақынның өлеңдерін оқыды. Мерейтой иесіне керекулік өнерсүйер қауым ат мінгізіп, иығына шапан жапты. Арқалы ақын ән-жырдан шашу шашып, көптеген айтыс аламандарына киген қызыл шапанын Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейіне табыстады. Кеш соңында 20 жылға жуық уақыт бұрын кіндік қаны тамған Шығыс Қазақстан облысына қоныс аударған ақынды 60 жылдық мерейтойында Абай облысы мен Павлодар облысының шекарасында сән-салтанатпен қарсы алып, ыстық ықыласына бөлеген Кереку жұртшылығына зор ризашылығын білдірді. Айта кетейік, ұзақ жылдар бойы Павлодар облысында тұрған Серік Сәдуақасұлы 2004 жылы туған өлкесіне оралды. Қазіргі таңда жас ақындарға ұстаздық етумен айналысады. 2007 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінде қызмет етуде. Ақпарат саласында 20 жылға жуық қызмет еткен Серік Құсанбаев қаламының қарымын да, айтыстағы арынын да қоғамның түйінді түйткілдерін тарқатуға арнады. Жазба поэзия, айтыс, термешілік, журналистика сынды бірнеше жанрды қатар алып жүрген Серік Сәдуақасұлы – «Байғыз», «Жырлаумен өткен 20 жыл», «Көкдауыл», «Дүбірге толы дүние» және «Абай әлемі» топтамасымен шыққан «Байбура ашуы» кітаптарының авторы.
Т.ӘБІЛДА.