ХХ ғасырдағы ұлттық әдебиетіміздің көрнекті өкілі, «Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып күн болған» ақын, Алаштың ардақтысы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғанына 130 жыл толуына орай дүбірлі той өтті. Ұлы тұлғаның есімін ұлықтауға арналған мерекелік шара барысында арғымақтар аламанға түсіп, палуандар боз кілемде күш сынасты.
Сұлтанмахмұт Торайғыров — қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында ұлт болашағы үшін күрескен Алаштың алдаспаны. Жалынды жырлармен қазақ халқының үміт отын жаққан ақынның мерейтойына жиналған қонақтардың қарасы қалың болды. Торайғыр көлінің маңында өткен ауқымды шара барысында желдей жүйрік арғымақтар аламанға түсіп, білекті жігіттер боз кілемде белдесті. Күміс көмей әншілер де сахна төрінде бақ сынасты. Сондай-ақ, қонақтарға павлодарлық суретшілердің картиналары, қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі, ұлттық тағамдар байқауы, облыстың қалалары мен аудандарының шығармашылық ұжымдарының мерекелік концерті ұсынылды. Облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткен концерттік бағдарлама аясында Қазақстан эстрада жұлдыздары Саят Медеуов, Аллажар Қайбар, Әсел Мадекешова сынды сахна саңлақтары өнер көрсетті. Мерекелік іс-шараға Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нухұлы, Мәжіліс депутаттары Нұржан Әшімбетов, Жарқынбек Амантай, сондай-ақ, ақынның өнегелі өмірін зерттеп жүрген белгілі тарихшылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Алдымен облыс әкімі бастаған бір топ шығармашылық қауым ақынның кесенесіне барып, дұға бағыштап, зиярат етті. Салтанатты шара барысында аймақ басшысы Асайын Байханов ақынның артында қалдырған рухани мұраларының молдығы мен телегей теңіз туынды-ларының тереңдігіне тамсанып, ұлт үшін ұйысқан Алаштықтардың ерен еңбектерін бағалап өтті.
— Киелі Ертіс-Баян өңірі — ұлы тұлғалардың қасиетті мекені. Тұла бойына дарыған, рухты алып-тардың қатарында Сұлтанмахмұт Торайғыровтың орны ерекше. Жерлесіміздің орасан зор еңбегін ұлықтау мақсатында өңіріміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орны, облыстық кітапхана, көше мен елді мекен ақынның есімін алды. Ал жыл сайын өткізілетін Торайғыров оқулары ақынның қалдырған аманатын өскелең жас ұрпаққа жеткізудің бір бейнесі, — деді облыс әкімі. Бұдан соң, мерекелік іс-шара жаңадан өңделген С.Торайғыровтың 1933 жылғы «Толық шығармалар жинағы» мен 1971 жылы Алматы қаласында жарыққа шыққан «Избранные» кітабының тұсаукесерімен жалғасты. Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің бастамасымен, Torayghyrov университетінің қолдауымен ақынның 1933 жылы жарық көрген толық шығармалар жинағы қайта қалпына келтіріліп, оқырман қауымға жол тартты. Бұдан бөлек, 1971 жылы Алматы қаласындағы «Жазушы» баспасынан жарық көрген С.Торайғыровтың таңдамалы шығармалар жинағы Павлодар қалалық әкімдігінің қолдауымен 600 дана болып қайта басылып шықты. Сонымен қатар, жауырыны жер иіскемеген қазақ күресінің палуандары той шырайын қыздыра түсті. Боз кілемде белдескендердің ішінен бірінші орынды баянауылдық палуан, «Қазақстан барысы» 2023 жылғы турнирінің қола жүлдегері Мұхтар Дәлелханұлы иеленді. Осылайша халықтың қайнаған ортасынан шығып, «Күн баласы» атанған адуынды ақынның 130 жылдық мерейтойы өзінің туған жерінде кең көлемде айрықша аталып өтті.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ,
Баянауыл ауданы.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.