Жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы өткен болатын. Оған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері де қатысып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жиын барысында айтқан маңызды пікірлеріне тоқталып, облыста атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.
«Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлес-тігінің төрағасы Бақытжамал Максилованың сөзінше, Президент баяндамасында Ассамблеяның 30 жылдық тарихын бағамдай отырып, оның ел Тәуелсіздігімен бірге қалыптасып, мемлекеттілікке қызмет еткен қоғамдық институт ретіндегі рөлін ерекше атап өтті. Бұл Қазақстанда бейбітшілік пен келісімнің бірегей үлгісі орныққанын тағы бір дәлелдеді.
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде елдің тұрақты дамуының басты шарты ретінде этносаралық келісімнің маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы Ассамблеяның этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру және жалпыұлттық бірлікті нығайту ісінде маңызды рөл атқаратынын айтты. Сессия барысында Ассамблеяның жұмысындағы негізгі бағыттар талқыланды. Қатысушылар тұрақты этносаралық диалогты дамыту, жастардың Қазақстан халқы Ассамблеясы жобаларына қатысуын кеңейту, сондай-ақ Қазақстанда тұратын барлық этностың мәдени мұрасын сақтау мен насихаттаудың маңыздылығын атап өтті, — дейді Б.Максилова.
Бақытжамал Шаханқызының айтуынша, өңірде Ассамблея мүшелерінің бірлігі мен ынтымақтастығын айшықтайтын, ұлттық тәрбие мен дәстүрді дәріптеуге бастайтын «Аналар кеңесі» бар. Кеңес түрлі бағыттағы «Мәдени ана – мәдени ұлт» республикалық жобасын жүзеге асыруда.
— Сессия барысында Мемлекет басшысы Ассамблея ұйымдарына халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуды басты назарға алу керектігін де атап өтті. Әсіресе, тіл мәселесіне ерекше тоқталды. Сондықтан «Аналар кеңесі» алдағы уақытта да этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен бірлесіп, жастарды Отансүйгіштікке, тәрбиеге баули отырып әртүрлі этнос арасында осы мәселе аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жалғастырамыз, — деп атап алға тартты ол.
Айдана БОРАНБАЕВА.