Ерте заманнан қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары пайда болғалы, сол аспаптарды жасайтын, қайта өңдейтін және жетілдіруші істермен шұғылданатын азаматтар өмір сүрді. Сондай ғажайып шеберлердің бірі ХІХ ғасырдың соңына қарай өмірге келген Қамар Қасымов еді. Биыл шебердің туғанына — 130 жыл.
Қамар Қасымов — қазақтың дәстүрлі көне музыкалық аспаптарын жетілдіру ісімен айналысқан тұңғыш органолог. Ол XX ғасырдың 1920-1930 жылдарындағы мәдени бетбұрыстардың бел ортасында болып, көне қылқобызды, сал-серілердің тоғыз пернелі қара домбырасы, дауылпаз бен шыңдауылды, сыбызғыны классикалық аспап дәрежесіне дейін жетілдіріп, оркестрлік шығармаларды орындауға лайықтап жасады. Ол жасаған аспаптар көптеген халықаралық көрмеге қойылды. Қасымов жасаған музыкалық аспаптар Мәскеу, Санкт-Петербург, Алматы, Семей қалаларындағы мұражайларда сақтаулы. Қ.Қасымовтың басынан өткен ауыр күндерді бір сәт санадан өшіру мүмкін емес еді. Ол өзінің асыл қолдарымен аспаптарды жасау арқылы қайғылы күндерді уақытша артта қалдырды. Осылай шығармашылық жұмысынан қол үзбеуі оны қайталанбас өнер иесіне жақындата бастады. Архив деректерінің арасынан Қ.Қасымовтың қайта өңдеген және жаңадан жасаған аспаптарына қатысты табылған құжаттар 1948 жылдан басталады. Кезекті отырыста Қ.Қасымовтың халық аспаптар оркестріне арналған альт-домбырасы мен қобызын және солистерге арналған альт-домбырасын белгілі өнер қайраткерлері Ж.Қаламбаев, Ж.Елебеков және Қ.Жантілеуов шығармалар орындау арқылы тексереді. Аты аталған әртістер Ілияс Есенберлин басқарған комиссия мүшелерінің қатарында еді. Олармен қоса тағы тыңдаушы төрт маман барлығы бірігіп нәтижесін қорытындылайды: «Қ.Қасымовтың қайта өңдеген аспаптарының сапасы мен дыбысының жақсара түскендігі, үнінің күшейгендігі қазақтың халық аспаптарын кемелдендірудің үлкен жетістігі болып табылады. Сондықтан бұрынғы қалпына келтірілген осындай аспаптарды ұлттық оркестр мен солистерге қолдануды ұсынамыз» дейді. Екі жылдан соң Қ.Қасымов үш ішекті қобызды дайындап әкеледі. Жылдар бойы Қ.Қасымовтың қолынан шыққан музыкалық аспаптар бірнеше сыншылардың сынынан сүрінбей өтіп, көңілдерінен шықты. Енді ол ұсталық шеберлігін шыңдау және тәжірибе алмасу үшін үлкен қалаларға барғандығын айқындайтын құжаттарда табылды. Қ.Қасымовқа басшылар тарапынан берген оң пікірлерінен оның атқарған қызметіне қатысты көптеген тың деректер білуге болады. 1957, 1962 жылдары филармония басшылары болған М.Бестібаев, И.Рык және Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің өнер жөніндегі басқарма басшысының орынбасары В.Портнов, т.б. қорытынды пікірлерінен үзінді келтірдік. Бір құжатта: «В качестве консультанта проводил работу в Осокаровском музыкальном комбинате. Совместная работа Касымова К. с другими музыкальными деятелями республики по реконструкции народных инструментов дала положительные результаты в отношении звучания народных инструментов» депті. Келесі құжатта: «Как специалист в этой области Касымов К. достиг значительных успехов. Талантливый реконструктор народных инструментов, он создал ряд разновидностей домбр, а также кобызы нового типа. Является изобретателем ударного инструмента-даулпаз. Работа по реконструкции народных инструментов, дала положительные результаты в отношении усиления звучания и обогащения тембров оркестра. Инструментами усовершенствованными Касымовым пользуются по всему Казахстану не только профессиональные музыканты, но и кружки художественной самодеятельности» деп баяндалған. Кейбiр деректерге қарағанда Қамар қазақ саз аспаптарының он алты түрiн қалпына келтiрген көрiнедi. Бұл — әрине, үлкен табыс. Осы арада Қазақстан Жазушылар одағының бiр құжатын да мысалға келтiре кеткен жөн. 1940 жылы осы басқарма: «…Қамар Қасымов жасаған музыкалық аспаптар — қазақ халқының саз аспаптарын дамыту жөнiндегi жаңа табыс. Қ.Қасымов жолдасты қазақтың ұлт аспаптарын дамыту жолында қажырлы еңбек сiңiрiп келе жатқанын ескерiп, ол жасаған бас қобызға – «Қамар-қобыз» деген ат беру қажет,» — деген шешiм қабылдаған. Бұл ұсыныс мақұлданып, бас қобыз Қамар шебердiң атымен аталатын болды. Қамар шығармашылығын зерттеушiлер ерекше атап жүрген бiр жай — шебердiң жан-жақты таланты арқасында аспаптанушы дәрежесiне жеткендiгi. Бiртуар қолөнер шеберi қазақ ұлт аспабының ұлттық табиғатын, болмыс-бiтiмiн, сырт келбетiн, үн ерекшелiгiн бұзып алмау үшiн iздене жүрiп, аспаптанушы-органолог дәрежесiне дейiн жетеді. Мұндай ғылымнан хабары жоқ Қамардың жасаған саз аспаптарының құрылысы, жасалу әдiс-тәсiлi, дыбыс ауқымы, дыбыстық тембрi мен тербелiсi, аспаптың әр бөлшегiнiң өлшемдiк дәлдiгi органологиялық ережелерге сай келгенi шет елдің аспап зерттеушiлерін мейiлiнше сүйсiндiрген. Қ.Қасымов – түрлі халықаралық деңгейдегі көрмелерге қатысқан қазақтың тұңғыш қолөнер шебері. Ол Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі ретінде де, ұлттық ою-өрнек, кескіндеме үлгілеріне, олардың қолдану аясына, ұлттық сипатына соны жаңалықтар енгізіп кетті. Қабілет дарынын баршаға арнаған бұл жанның өнері — өзгеше туып, дара өскен өнер емес, халқының бауырында жүріп, биігін тапқан өнер. Қажымайтын шебердің бойындағы бар парасат-жігері қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын жетілдіру, шыңдау жолына жұмсалды.
Айдана БОРАНБАЕВА.