Мәдениет пен руханият әлемін театрсыз елестету мүмкін емес.  Қазақ руханиятының ұйытқысына айналған киелі мекеннің абыройын қорғап, даңқын асқақтатып жүрген  өнерпаздарымыз жетерлік. Қазіргі таңда осы сахна иелерінің жолын жалғап келе жатқан жас буын қатары артып келеді.

Таяуда Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрында өңірімізде актерлік мамандықтарды меңгерген алғашқы түлектер дипломдық жұмысын қорғады. Студенттер көрермен назарына Антон Чеховтың «Шағала» спектаклін ұсынды. Көрерменнің ыстық ықыласына бөленген қойылым өзіндік ерекшеліктерге толы болды.

Оларды сахналаған жас актерлер 2021 жылы Торайғыров университетінде ашылған «Актерлік өнер» бөлімінде білім алған. Жас мамандарды баулыған оқу орнының оқытушысы Ермұрат Тілегенов айтқандай, биыл сол бөлімнің алғашқы үш түлегі оқу бітіріп, дипломдық жұмысын қорғауда. Болашақ мамандар спектакльді  бір ай бойы оқу барысында талдап, пьеса бойынша анализдер жасаған. Студенттердің жұмыстарына жетекшілік жасаған актерлік сыныптың шеберлері —  ҚР Мәдениет қайраткерлері, кафедра оқытушысы Жұмахан Доспаев және спектакль режиссері Гүлжанат Доспаева.

— Пьеса — армандар жайлы. Өмірде әр адам армандайды. Қойылым кейіп-керлері де армандау арқылы өз мұраттарына қадам жасайды. Бірақ сол армандарына жету жолында тағдырдың тәлкегіне түсіп, бастарын тауға да,
тасқа да соғады. Міне, пьеса мазмұны — осы тақырыпқа арқау, — деді Гүлжанат Мұхабылқызы.

Спектакль режиссерінің сөзінше, студенттердің қойылымға орыс әдебиетінің шығармасын алуының да өз себебі бар.

— Болашақ әртістер шетел классикасын да ойнай білуі керек. Сол классикаларда жазылған пьеса кейіпкерлерінің образын шығарып, қойылым барысында сезімнен сезімге ауыса алуы – басты талап. Біз әр рөлді студенттің дарыны мен болмысына қарай қойдық. Соның бәрін әртіс өздігінше меңгеріп, әр ғасырға тән образдарды алып шығуы – басты міндет. Ал біздің міндет – осыны студенттерге үйрету, — деді ол.

 

Әдемі КӘУКЕН,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті.