Бүгінде кітапханалар жұмысы жанданып, заман талабына сай цифрлық үлгіде дамып келеді. Кітапсүйер қауымға жағдай жасалып, түрлі коворкинг орталықтары ашылып жатқаны да көңіл қуантады. Онда кітап оқып, жұмыс істеу өте ыңғайлы. Оқырман тарту, адамдардың кітапқа деген қызығушылығын ояту — кітап-хананың негізгі қызметтерінің бірі.
Қазір де кітапханаларға тек «кітап алу үшін барады» деп ойлау – ескірген көзқарас. Өйткені бүгінгі оқырмандар жан-жақты дамытуды талап етеді. Осы мақсатта күннен күнге заман талабына сай дамып, аймағымызда қызмет атқарып жүрген кітапханалар бар.
Мәселен, аймағымыздың негізгі кітап сақтау қорына айналған С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада бос уақытын және оны пайдалы өткізу үшін 20-дан аса әуесқой бірлестік пен 7 салалық зал жұмыс істейді. Солардың бірі – 2 жыл бұрын ашылған «MakerSpace» техникалық шығармашылық алаңы. Аталған алаң — жастардың өзін-өзі таныту алаңы және кітапханалар жұмысының жаңа моделі. Бұл кеңістікте болашақ инженерлер, работотехниктер, ғалымдар және жастар бос уақыттарын өткізеді.
– «Америка бұрышы» – әртүрлі жас категориясына арналған ашық әуесқой бірлестік. Бұрыш мектеп оқушыларына мамандықты анықтауға, студенттерге кәсіби өсуге мүмкіндік береді. Оқушылар мен студенттер ағылшын ойындарын ойнайды. Апта сайын «Speaking club», «Book club» сияқты шараларды өткіземіз. Шетел филологиясы мамандығы бойынша оқитын әр студент ерікті түрде келіп, тәжірибе ала алады, – дейді «Америка бұрышы» атты әуесқой бірлестіктің үйлестірушісі Даяна Қайырбекова.
Үйлестірушінің айтуынша, бірлестікке көбінесе 9-11-сынып оқушылары келеді. Олар АҚШ университеттерінің бағдарлама-ларына қызығушылық танытады. Бұдан бөлек, қала тұрғындарының деңгей ерекшелігіне қарамастан тілді тегін үйрену мүмкіндіктері бар.
Облыстық кітапхананың басшысы Шолпан Шахметованың сөзінше, бүгінде кітапханашы мәдени дәстүрлер мен заманауи ақпараттық технология-ларды қолдану арқылы оқырманның жан-жақты, интеллектуалдық және рухани дамуына жағдай тудыратын әмбебап мамандықтардың біріне айналған.
— Кітапханамыз барлық қажетті технологиямен қамтылған. Әсіресе, электронды каталогты ерекше атап өтуге болады. Онымен оқырман қай кітапханада қандай кітап бар екенінен хабардар болады. Сондай-ақ, кітапханада RFID технологиясы бар. Ол Қазақстанның 4 кітапханасында ғана бар. Оның көмегімен біз қолға берілген кітаптарды бақылай аламыз. Кадр мәселесі әлі де түбегейлі шешілген жоқ. Дегенмен, пайыздық төмендеу байқалады. Бұл түйткілдің шешімін табу үшін осы салаға қызығушылық танытқан жастарға аталған мамандықтың қыр-сырын үйретудеміз, — дейді Ш.Шахметова.
Оқырмандарды қоғамдық жұмыстар мен мәдени іс-шараларға тарту мақсатында кітапхана жанынан ашылған «Абай алаңы», «Айна» галереясы, «Сирек кітап залы» секілді бірлестіктер мен мәдени, әдеби клубтар жұмыс істейді. Мұнда түрлі сипаттағы кездесулер, тренингтер, мәдени шаралар және пікірталастар ұйымдастырылады. Егде жастағы оқырмандар да компьютерде қарапайым мәтіндерді теруден бастап, әлеуметтік желілер арқылы жақындарымен хат алмасуды үйренеді. Ал орталық қызметкерлері мұндай жас категориясындағы адамдарға қол ұшын созып, қоғамда жан-жақты сауатты азаматтар қалыптастыруға ықпал етуде.
Жыл сайын кітапханаға 30 мыңнан астам оқырман келеді. Ал веб-ресурстарда 110 000-нан аса онлайн пайдаланушы бар. Кітапхана қоры 500 мың дананы құрайды.
С.Баязитов атындағы балалар оқу орталығында бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің кітапқа деген қызығушылығын арттырудан бөлек, ойлау қабілетін дамытуға арналған бірнеше үйірме жұмыс істейді.
— Орталықта балалар тек кітап оқымайды. Одан бөлек, оларға пайдалы дүниелерді үйрету мақсатында бірнеше үйірме қызмет атқарады. Атап өтсек, «Шебер қолдар» тобында балалар қазақтың ұлттық ойындарымен таныса отырып, ұлттық қолөнерді насихаттайтын шеберлік сағаттарға қатысады. «ІТ бала» үйірмесінде жеткіншектер техниканың қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік алады. Ал мектепке дейінгі оқырмандар арасында «Оқырман мектебі» деген үйірмеміз бар. Онда бүлдіршіндер сурет салып, әріп тани алады. Бастысы, үйірмелердің барлығы тегін жұмыс істейді. Сондай-ақ, жас өрендерге мемлекеттік тілді меңгертуге арналған «Қазақша сөйлейік» атты да үйірмеміз бар, — дейді оқу орталығының басшысы Алпысбай Хонж.
Ал облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін толығымен бейімделген. Мәдени орда оқырмандарға оңалту, ақпараттық, әдістемелік және әлеуметтік көмек көрсетеді. Оқырмандарға арналған кітаптардың көпшілігі аудио, Брайль қарпі бойынша жазылған және дәстүрлі форматта ұсынылады.
— Орталыққа аптасына бірнеше рет келемін. Көзім нашар көреді. Әлемде және елімізде болып жатқан жаңалықтардан хабардар болу үшін осы жерге келіп газет-журнал оқимын. Сала мамандарының жұмысына дән ризамын. Бізді жылы шыраймен қарсы алып, сыйластық танытады. Өткізетін шараларына да жиі қатысып тұруға тырысамыз, — дейді кітапхананың тұрақты авторы Еркін Баяндин.
— Бүгінде кітапханамызға 2000-нан аса оқырман келеді. Олардың көбі – зейнеткерлер. Оқырмандар жобаларға белсенді түрде қатысады. Сұранысқа ие жобаларымыздың бірі – «Жан алауы» атты дыбыс жазу студиясы. Онда екі тілде баспа әдебиетін аудио форматқа көшірумен айналысады. Қазіргі уақытта орталықтың сан салалы қызметі өз бағытымен дамып келеді. Ақпарат тарату, өзара қарым-қатынасты нығайту, зағип оқырмандар үшін ақпарат алуға бейімделген технологияларды арттыру мақсатында түрлі қызметтер атқарылуда, – дейді облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың басшысы Жамал Кенжебекова.
Мамандардың айтуынша, оқыр-мандардың көбі нүктелі-бедерлі әліпбиді үйренуде қиналып қалады. Сондықтан, аудио жазбадағы кітаптарға баса мән береді. Кітапханада тифлоқұралдардың көмегімен қосылатын кассеталы кітаптар көп. Олардың санын көбейту мақсатында 5 жыл бұрын жазба студиясы ашылған. Сондай-ақ, әр айдың соңғы сенбісінде сағат 15.30-да радио тыңдаушылары 100.5 FM толқыны «Шамшырақ» атты радиобағдарламасында кітапхана жұмысымен, зағип жандардың өмірі мен шығармашылық қызметімен таныса алады. Аталған жобаны 2009 жылдан бері арнайы кітапхана жүзеге асыруда.
Айта кетейік, 1970 жылы салынған кітапханаға биыл жөндеу өткізіп, заманауи үлгіде жабдықтау жоспарланып отыр.
Айдана БОРАНБАЕВА.