Белгілі тележурналист, публицист, ғалым Жұмасейіт Бижанның есімі өңірімізге жақсы таныс. Ел азаматының еңбегін кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында өзі туып-өскен Ақтоғай ауданында арнайы кабинет ашылды.

Жұмасейіт Қоғабайұлы 1940 жылы Ақтоғай ауданының Шұға ауылында туған. 1966 жылы Қарағанды педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын өзінің туған ауылында мұғалім болып бастаған. Кейін Екібастұз аудандық «Вперед-Алға» газеті редакторының орынбасары, Павлодар облыстық Телерадио компаниясының редакторы, төрағаның орынбасары, С.Торайғыров атындағы университетіндегі «Білік» газетінің редакторы болып қызмет атқарды. Сонымен қатар, университеттің аға оқытушысы, Ж.Аймауытов атындағы этнопедагогика және инновациялық технология- лар орталығының ғылыми қызметкері ретінде журналистердің талай буынын дайындады. «Замандастар тағылымы», «Ардақты елім – Ақтоғай», «Дала уалаяты» газеті (1888-1902 жылдары), «Ой толқыны: тәжірибелік нұсқаулық» кітаптарын жазды. Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, КСРО телевизиясы және радиосының үздігі осыдан екі жыл бұрын өмірден өтті. Еліне елеулі еңбек еткен азаматтың өмірін, қызметтік жолын жастарға үлгі-өнеге ретінде көрсету мақсатында Ақтоғай ауданындағы Абай мектебінде арнайы кабинет ашылды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова, аудан әкімі Қаршыға Арынов, ғалым-журналистің отбасы, әріптестері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Аталмыш кабинетте ұстаздың өмір жолы мен жетістіктері көрініс тапқан. Шара аясында қонақтар Жұмасейіт Бижан туралы естеліктермен бөлісті.

— Жұмасейіт Бижан ағамыздың зерттеулерінің орны ерекше. Қазақ журналистикасының дамуына, осы салада еңбек ететін мықты мамандардың қалыптасуына қосқан үлесі зор. Еңбек жолының кейінгі ұрпаққа үлгі болуы үшін мектеп қабырғасында осындай кабинеттің ашылуы игі іс деп білемін. Бастаманы жүзеге асырған отбасына, туыстарына көп рақмет, — деді А.Құрманова. Жиналған қауым Жұмасейіт Бижанның еңбегі жас ұрпақтың рухын көтереді дегенді айтты. Шынымен, журналистің өнегелі істері мен кейінгі буынға азық болар мұрасы мол. Абай мектебінің оқушылары осындай аптал азаматтың еңбегіне қарап бой түзеп, ақыл түйер деген ойдамыз.

 

Қ.ҚАБЫЛДЕНОВА.