Май ауданы Көктөбе ауылында Қазақстанның Халық әртісі Шахан Мусиннің 110 жылдығы және журналист, ақын Мұқсихан Заитовтың 95 жылдығына арналған ақындар айтысы өтті. Жыр додасының бас жүлдесі Алматылық
аруға бұйырды.
Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер халықаралық одағының Павлодар облысы бойынша төрағасы Асығат Тұрғанбектің айтуынша, аталмыш жыр додасында Аспанбек Шұғатаев, Дидар Қамиев, Айым Асылбекқызы, Абзал Қабдраш, Рауан Қайдаров, Ерлан Аманқожа, Оразбек Саяхат, Қуанышбек Шарманов, Мәрес Байрон, Бөкен Жігер сынды айтыскерлер сынға түсті. Жыр бәйгесі тартысты өтті. Қазылар алқасы жүйріктерді бабына қарай бағалады. Жарыс нәтижесі бойынша бас жүлдені Алматы қаласынан келген Айым Асылбекқызы алса, бірінші орын Баянауыл ауданының ақыны, айтыскер Аспанбек Шұғатаевқа бұйырды. Екінші орынды Дидар Қамиев алды. Үшінші орынды үш айтыскер өзара бөлісті. Олар – Абзал Қабдраш, Рауан Қайдаров және Ерлан Аманқожа. Еске сала кетейік, жуырда павлодарлық ақын Мәрес Байрон «Күміс домбыра» республикалық жас ақындар айтысында бірінші орынға ие болған еді.
Өз тілшіміз.