Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінің қоры қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист Жүсіпбек Аймауытовтың үлкен ұлы Бектұр Аймауытовтың жеке заттарымен толықты. Жәдігерлерді Алаш арысы Жүсіпбектің ұлы Бектұр Аймауытовтың жиені Павел Аймауытов тапсырды.

Тарих беттеріне көз жүгіртсек, Алаш қайраткерінің соңында Бектұр, Жанақ есімді ұлдары және Мәруа (Муза) деген қызы қалған. Айма-уытов ұрпақтарының барлығы қуғын көрген. Әсіресе, 1916 жылы туған үлкен ұлы Бектұр көп қасірет шекті. Ол кезінде Орынбордағы мектепте Мұхамеджан Тынышбаевтың ұлы Ескендірмен, Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәрмен бірге оқыған. 1937 жылы «халық жауының баласы» деген жаламен ұсталып, Ақтеңіздегі түрмеде 10 жыл жазасын өтеген. Абақтыдан шыққан соң, паспортына «Мұсылман елдеріне шығуға тыйым салынған» деген жазуы бар штамп қойылды. Кейін Ресейдің Кемер облысының Прокопьев қаласына барып, жергілікті шахтада ұзақ жыл электрик болып еңбек етті. Сол жерде отбасын құрып, бір ұл, бір қыз көрген. Ұлының тұяғы 1994 жылы Қазақстанға оралып, 2008 жылы 92 жасында Алматыда дүние салды.

Жуырда Бектұр Аймауытовтың жиені Павел Аймауытов Павлодар облысына келіп, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне атасының медалін, отбасылық фотосуреттермен және құнды құжаттарды аманаттады.

Павел (Пазыл) Аймауытов Бектұрдың қызы Риммадан туған. Бүгінде Ресейдің Кемер облысында тұрады. Нағашы атасынан қалған жәдігерлерді жиыстырып, музей қорына табыстауды жөн көрген.

— Биыл ұлы атамыз Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 135 жыл толып отыр. Осыған орай туған жерге келіп әрі нағашы атамның бірқатар затын музейге табыстауды ұйғардым. Олардың арасында медальдары, фотосуреттері және құжаттары бар. Атам бізге өзінің басынан кешкен қиын кезеңдерін, тіпті түп тарихымыз қазақ жерінен басталғандығы жөнінде еш айтпаған. Өзінің соңындағы ұрпағы қайта жазалануы мүмкін деп қорыққан болуы керек. Негізгі шындықты біз 1992 жылы жүсіпбектанушы Айман Зейнулинаның зерттеу жұмыстары барысында ғана білдік. Сол уақыттан бастап тарих беттеріне үңіліп, ұлы атамыз туралы ақпарат жинай бастадық, — дейді П.Аймауытов.

Көп жылдан бері Жүсіпбек Аймауытовтың өмірі мен шығармашылығын зерттеп жүрген профессор, филология ғылымдарының кандидаты, жүсіпбектанушы Айман Зейнулинаның сөзінше, тағдыр репрессияға ұшыраған Жүсіпбек Аймауытовтың балаларын әр жаққа таратып жіберген. Әсіресе, үлкен ұлы Бектұр көп қасірет шеккен. Әкесі «халық жауы» деп танылғаннан кейін Бектұр Аймауытов он жылға Сібірге жер аударылған. Тек 78 жасында Отанына оралған.

— 1991 жылы Жүсіпбек Аймауытовтың өмірі мен шығар-машылығын зерттеу барысында Қырғызстан еліне ресми түрде бардық. Себебі, онда ұлы тұлғаның ұлы Жанақ Аймауытов тұратын. Алайда ол жылы жолымыз болмай, 1994 жылдың қазан айында жетекшіміз Серік Қирабаевпен қайта бардық. Сол кезде екінші ұлы Жанақпен танысуға мүмкіндік туады. Алғашқыда сол зұлмат жылдардағы оқиғалар қайта қайталануы мүмкін бе деп үрейленді ме екен, бізді қарсы алмады. Дегенмен, араға 3-4 ай уақыт салып, қайта өзім бардым. 2 аптадай жанында болып, әкесі Жүсіпбек Аймауытовтың, өзінің және үлкен ағасы Бектұр Аймауытовтың өмірінен хабардар болдым. Бектұр Аймауытовтың өзімен танысу үшін 1992 жылы Кемеров облысына арнайы баруға тура келді. Сол кезде үш қызы бар екенін білдім. Олардың ішінде Римма деген қызы әкесіне ерекше жақын болған екен. Осы Павел — Римманың ұлы. Одан бөлек, екі қызы бар, — дейді А.Зейнулина.

Ал музей басшысы Ербол Қайыров музей қоры жыл сайын құнды жәдігерлермен толығып жатқанын алға тартты.

— Музей қоры жыл сайын құнды жәдігерлермен толығып келеді. Олардың арасында бір ғасырдан аса тарихи бар заттар да бар. Мұндай дүниелерді көбінесе елімізге белгілі тұлғалардың ұрпақтары тапсырады, — деді ол.

Шара соңында Бектұр Аймауытовтың жиеніне құрмет көрсетіліп, арқасына шапан жабылды.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.