Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде «Бабалар мұрасы» атты көрме ашылды. Онда Мәшһүр Жүсіп Көпеев пен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың жеке заттары қойылды.

Баянауылдағы Мәшһүр Жүсіп Көпеев мұражайының меңгерушісі Әсет Пазыловтың сөзінше, көрмеде ұсынылған заттардың арасында Мәшһүр әулиенің жеке қолданған қоржыны мен тіс тазалайтын мисуагі бар.

— Бұл көрмеге атамыздың жеке заттарын алып келдік. Жалпы, музейімізде атамыздың қолы тиген жәдігерлер көп сақтал-ған. Бүгінде орталығымыз түрлі жәдігерлермен толықтырылуда, — дейді ол. Шара барысында Торайғыров университетінің ректоры Еркін Садықов С.Торайғыров универ-ситетінің демеушілігімен жарыққа шыққан «Таңдамалы шығармалар жинағын» С.Торайғыровтың мұражай қорына тапсырды. Аталмыш жинаққа Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің бастамасымен Торайғыров университеті қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Еңбек Алматыдан 2014 жылы Дихан Әбілевтің жеке кітапханасынан зерттеулер барысында табылды.

— Музейімізде көне заманда қолданылған көптеген жәдігер және заттар сақталған. Музей қорында 650-ге жуық экспонат бар. өкінішке қарай, нақты Торайғыровпен байланысты немесе ақын қолданған заттар әзірге жоқ. Бүгін музей қоры осындай құнды жәдігермен толықтырылды. Бұл кітапты бағалы деп айтуға да болады, — дейді С.Торайғыров музейінің меңгерушісі Жанар Әубәкірова. Ақын, қазақ ауыз әдебиетін жинауда зор еңбек сіңірген тарихи тұлға, ұлы ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 165 жылдығына орай және ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің ірі тұлғасы, аса көрнекті ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 130 жылдығына арналған көрме үш күнге созылмақ. Қала тұрғындары мен қонақтары 5 қазанға дейін Ертіс-Баян өңірінің ақыны мен әулесіне байланысты жәдігерлерді тамашалай алады.

 

Өз тілшіміз.