Г.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Атбасар — атамекенім» атты Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрмесі ашылды. «Ertis» музейінде орналасқан көшпелі көрмеде Ақмола өңіріне экспедициялар кезінде жиналған музей қорларынан археологиялық артефакттар қойылған.

Мәдени шара екі мәдениет ошағының өзара ынтымақтастық келісімі аясында ұйымдастырылып отыр. Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабектің айтуынша, Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі Ақмола облысына көрме әкеліп, сол кезде екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған.

— Өзара келісім негізінде Ертіс-Баян өңіріне көрме алып келдік. Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің он филиалы бар. Ақмола облысында Қорғалжың, Ерейментау, Көкшетау, Атбасар сынды қазақтың тарихи жерлері көп. Әр өңірде тарихи-өлкетану музейінің бөлімшесі жұмыс істейді. Оның бірі – Атбасар тарихи-өлкетану музейі. Бұл көрмеге 45 жылдық тарихы бар Атбасар музейінің өңіріміздің терең тарихынан сыр шертетін жәдігерлер әкелінді. Өңірдің тарихы мен этнографиясынан сыр шертетін көрме ұйымдастырдық. Жалпы, Ақмола, Павлодар өңірлері — ежелден еншілес, көршілес ел, ән-жырымыз ортақ, тарихымыз ортақ ел. Жас ұрпақ ел тарихын жақын танысын деген мақсатта осындай көрме ұйымдастырылып отыр, — деді музей басшысы Қ.Мырзабек. Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Атбасар – атамекенім» экспозициялық көрмесі Павлодар қаласының тұрғындары мен қонақтарына арнайы ұйымдастырылған көрмесінде музей қорында сақталған материалдық және рухани мәдениеттің құнды жәдігерлерімен, өлкенің ғасырлар бойғы бай мұрасы көрініс тапқан. Көрменің «Қазақ халқының этномәдениеті мен тұрмысы» бөлімінде этнографиялық жинақтардың үздік үлгілері: дәстүрлі музыкалық аспаптар коллекциялары, сирек кітаптар, ағаштан және теріден жасалған ұлттық бұйымдар, XIX ғасырдың соңы-XX ғасырдың басындағы қазақ халқының ұлттық киімдері, күміс зергерлік бұйымдар қойылған. Экспозицияда белгілі ақын-импровизатор Ақан серінің сүйіктісі Ақтоқтының жеке заттары, көрнекті мемлекет қайраткері, қолбасшы, дипломат Абылай хан және оның серіктері туралы материалдар ерекше орын алады. Көрмеге XX ғасырдың көрнекті өкілі, Ақмола облысының тумасы, жазушы, қоғам қайраткері Ілияс Есенберлиннің жеке заттары мен құжаттары қойылған. Суретші-керамист, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Ю.Поповтың жұмысы да әсерлі. Көрме қарашаның 1-не дейін жалғасады.

 

Т.ӘБІЛДА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.