Ауыл кеші. Әсем ән мен күмбірлеген тәтті күй. Бұл құндылықтар облыстық кітапхана ғимаратында өткен «Кітапхана түнінің» негізгі тақырыбына айналды. Аталмыш шара ұлттық кітап күні мен биыл мерейтойлары аталып өтілетін жерлес тұлғаларға арналды.
Кітапхана басшысы Шолпан Шахметованың сөзінше, биыл аймағымыздың белгілі тұлғалары Жаяу Мұса Байжанұлы, Иса Байзақов, Майра Шамсутдинова және Қалмұқан Исабаев секілді қоғам қайраткерлерінің мерейтойы болғандықтан кітапхана түнінің тақырыбын ауылға арнауды құп көрген.
– «Кітапхана түні» шарасы кітапхана қабырғасында 2014 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Мақсаты – мәдени-рухани орталық ретінде жергілікті тұрғындарды кітапханаға тарту, кітап оқуды ілгерілету. Негізі, бұл шарамыз әр жылы әртүрлі тақырыпта өтеді. Биыл ауылға арнауды жөн санап, «Ауыл кеші көңілді» деп атауды жөн санадық. Себебі, осы жылы Жаяу Мұса Байжановтың 190 жылдығы, Майра Шамсутдинованың 135 жылдығы, Иса Байзақовтың 125 жылдығы және Қалмұқан Исабаевтың 100 жылдығы аталып өтіледі. Осыған орай 4 ауылды «Жаяу Мұса ауылы», «Майра ауылы», «Иса ауылы», «Қалмұқан ауылы» деп атадық. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын да ескеріп, бір ауылға «Достық ауылы» атауын бердік. Біз тек кітапхана болмай, мәдени ошақ және ақпараттық, ағартушылық орта болғандықтан алдағы уақытта да оқырмандарды тарту үшін осындай креативті жобаларды іске асырғымыз келеді, — дейді Шолпан Баянқызы.
«Кітапхана түні» шарасының шымылдығы аймағымызға бүгінде белгілі сал-серілердің орындауындағы халық әндерімен ашылды. Одан соң жиналған қауым ауыл тақырыбындағы алаңдарды тамашалай алды. Кітапхананың бірінші қабатында қолөнершілердің жәрмеңкесі және кітапхана қорындағы кітаптардан «Ауылым – алтын бесігім» атты көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ, келушілер қамшы өруді үйреніп, тазымен және бүркітпен естелікке суретке түсе алды. Ал жастар «Maker Space» орталығында қызықты әрі танымды ойындар ойнаса, әдебиетсүйер қауым ақын Айбек Оралханның «Жүректегі жазулар» және Еламан Қабділәшімнің «Санамдағы сөз… қаламдағы ой…» атты кітаптарының тұсаукесеріне қатысты. Кездесу барысында авторлар өлеңдерін оқып, қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қоя алды.
Екінші қабатта «Иса», «Жаяу Мұса», «Достық» және «Қалмұқан» ауылдары орналасты. Әр ауылда киіз үйдің инсталяциясы бой көтеріп, дастарханға бауырсақ, қымыз секілді ұлттық тағамдар қойылды. Музей қызметкерлері әр тұлға туралы толығырақ ақпарат беріп, олардың әндерін орындап, сахналық қойылымдар көрсетті. Сонымен қатар, келушілерге викториналық сұрақтар қойды. Одан бөлек, тоғызқұмалақ ойнауға, садақ тартуға және асық атуға мүмкіндік болды. Ал спортқа жақын оқырмандар қазақша күресте бақтарын сынай алды. Ассамблеяның 30 жылдығына арналған «Достық» ауылында «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігі, «Айреник» армян және «Полония» поляк этномәдени бірлестіктерімен бірлесіп әннен шашу шашты. Үшінші қабатта Ассамблеяның 30 жылдығына орай орыс халқының көрмесі қонақтардың назарына ұсынылды. Көрмеде орыс ұлтының мәдениетін, салт-дәстүрін сипаттайтын заттар мен ұлттық тағамдары қойылды. Ал «Майра» ауылында Майра Шамсутдинованың әндері шырқалды.
Айта кетейік, Ұлттық кітап күнін атап өту мақсатында облыстың қала мен аудан кітапханаларында 238-ден астам мәдени шара өтті. Олардың барлығы кітап оқу мәдениетін дамытуға, жастар мен балалар арасында кітапқа деген қызығушылығын оятуға бағытталған.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.