«Ашық кітапхана» жобасы аясында қаладағы кітапханаларға барып, тіркеуден өтіп, қалаған кітабыңызды іздеп уақыт жоғалтқанша, ғимараттың ішіне кірмей-ақ, ауласындағы кітаптарға толы сөрелерден өз қалаған кітабыңызды таба аласыз. Кітапхананың ауласындағы сөредегі кітаптарды тегін алып, орталық жағалау немесе басқа демалыс орындарында, тіпті үйге алып оқуыңызға да рұқсат етілген. Сондай-ақ, өз жеке кітапханаңыздағы кітаптарды «Ашық кітапханаға» әкеліп қоюларыңызға да болады. Сіз ұсынған кітаптар өзге оқырмандарға қызықты болуы әбден мүмкін. 

Мәселен, С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада жыл сайын «Ашық кітапхана» жобасы жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында жуырда кітапхана ғимараты алдына кітаптарға толы стеллаж қойылды. Қала тұрғындары бұл кітаптарды орындыққа отырып оқуына, жағажайға (басқа да демалыс орнына) немесе үйге алып оқуына рұқсат етілген.

Кітаптар арасынан көбінесе көркем әдебиет бағытындағы кітаптарды кездестіре аласыз. Кітапхана басшылығы бұл жобаның оқырмандардың өтініші арқылы жүзеге асқанын және оқырмандар арасында ақын-жазушылар Ақын Алақанұлы, Ғалымбек Жұматов және де басқа жергілікті қаламгерлердің кітаптары ерекше қызығушылық туғызып жатқанын атап өтті. Кітаптардан бөлек, түрлі бағыттағы газет-журналдар қойылған. Сөредегі кітаптар күн сайын жаңартылып отырады.

Кітапханаға келуіңізге мүмкіндік болмаса, pavlodarlibrary сайтына кіріп, өз қалаған кітабыңызды онлайн форматта да оқуыңызға үлкен мүмкіндік бар.

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың абонемент бөлімінің басшысы Бақытжан Букашеваның сөзінше, аталған жобаның мақсаты –  билік пен халық арасындағы байланысқа руханият арқылы дәнекер болу. Халықтың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру.

– Бүгінде, өкінішке қарай, қоғамда «Жастар кітап оқымайды» деген түсінік қалыптасқан. Дегенмен біздің кітапханаға келетін оқырмандардың көбі – жастар. Кітап – білімнің кені. Қазақ әдебиеті – өрісі кең бай әдебиет. Мұны оқырмандарымыз жақсы біледі. Статистиканы айта кетсек, кітапханамыздың қорында 500 мыңға жуық кітап бар. Оның ішінде 3 мыңнан аса сирек кездесетін әдебиеттер. Жылына 30 мыңға жуық оқырман келеді. Ал веб-ресурстарды 110 мыңнан аса пайдаланушы қолданады. Кітапханаға келушілердің көбі жастар болғандықтан, біз олардың талғамын бағамдап отыруға тырысамыз. Мәселен, оқырмандар Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін, Мұхтар Әуезов, Оралхан Бөкей, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов, Ілияс Есенберлин, Әзілхан Нұршайықов, Төлен Әбдік секілді жазушылардың шығармаларын ерекше зейінмен оқиды, – дейді бөлім басшысы.

Оқырмандарды қоғамдық жұмыстар мен мәдени іс-шараларға тарту мақсатында кітапхана жанынан ашылған «Абай алаңы», «Айна» галереясы, «Сирек кітап залы» секілді бірлестіктер мен мәдени, әдеби клубтар жұмыс істейді. Мұнда түрлі сипаттағы кездесулер, тренингтер, мәдени шаралар және пікірталастар ұйымдастырылады. Егде жастағы оқырмандар да компьютерде қарапайым мәтіндерді теруден бастап, әлеуметтік желілер арқылы жақындарымен хат алмасуды үйренеді. Ал орталық қызметкерлері мұндай жас категориясындағы адамдарға қол ұшын созып, қоғамда жан-жақты сауатты азаматтар қалыптастыруға ықпал етуде.

 

Жандарбек БАДЕНОВ, кітапхана оқырманы:

– Жастайымыздан ата-ана-мыздың ықпалымен кітап оқыдық. Қазір шынын айту керек, мемле-кеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлердің кітап оқуға уақыттары тапшы. Бұл жоба оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын оятады деп ойлаймын. Туған өлкенің тарихын тануда бұл жобаның берері мол.

 

«Кітапсыз үй  жансыз дене сияқты» деген екен бір данышпан. Ал кітапты  ғұмыр бойы қолына ұстамаған адамды неге теңеріңді білмей – дағдарасың. Кітап – қашанда рухани азық. Ондай қымбат  қазынаны өткінші  дүниелермен алмастыруға әсте болмайды. Сондықтан достар, алдамшы нәрселерге еріп, кітаптың қадірін түсірмейік!

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.