Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын, қазақ халқының салт-дәстүрін әспеттейтін жәдігерлер баршылық. Әсіресе, көзге ерекше түсетін заттардың бірі — адалбақан.
Аталмыш музейдің этнография бөлімінің басшысы Жеңісбек Қадырұлының сөзінше, бұл жәдігерді шебер Саид Сағындықов жасап, 2010 жылы музейге тапсырған.
— Саид Сағындықов – өңірімізге белгілі қолөнер шеберлерінің бірі. Музейімізде ол кісінің өз қолымен жасаған заттары бар. Солардың бірі – осы адалбақан. Көшпелі дәстүрді ұстанған қазақ адалбақанды көбірек қолданған. Әсіресе, киімдер мен тымақ, белдіктерді іліп қоятын болған. Оны қасиетті деп санап, әйел толғатқанда бұл затты ұстап тұрса, толғағы жеңіл болады деп ырымдаған. Сондықтан әр киіз үй ішінің көркін кіргізіп тұратын адалбақанды жиі кездестірген, — дейді Ж.Қадырұлы. Адалбақан — киім және тағы басқа үй мүліктерін ілуге арналған жабдық. Адалбақан көбінесе бұтағы көп балапан қайың мен шыршадан (самырсыннан) жасалады. Жас ағашты кесіп алып қабығын аршығаннан кейін оның бұтақтарын түп жағынан бір сүйемдей қалдырып, ұшын кесіп тастайды. Бұтақ түбірлерін бақанның жоғарғы ұшының бағытымен майыстырып иеді де, ұш-тарын қайыспен не мықты жіппен бақанның діңіне таңып, көлеңкеде кеп-тіреді. Иілген бұтақтар жазылып кетпей-тіндей болып әбден кеуіп қалыптасқан кезде таңғышты шешіп алып, оның ұштарын үшкірлеп жонып, ілгек істейді. Кейде адалбақанды бұтақсыз ағашқа басқа ағаштың бұтағын не болмаса бөкеннің мүйізін бекіту арқылы да жасайды. Адалбақан сәнді болу үшін шеберлер оның сыртын әр түрлі бояулармен өрнектеп сырлайды, бүршік бас алтын, күміс шегелермен нақыштайды.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суретті түсірген – Есенжол Исабек.