Ағаштан ойып жасалған бұйымның әрқайсысы – шебердің маңдай терінің жемісі. Біреулер үшін ол жай ғана орындық немесе үстел болып көрінуі мүмкін. Бірақ ісмер адам үшін әр бұйым – ұзақ уақыттың еңбегі, шыдам мен талғамның жемісі. Әр тақтайдың ерекшелігін танып, соған лайық туынды шығара білу – нағыз өнер. Оның үстіне, соңғы жылдары сәнге айналған эпоксидті өнерді ерекше атап өткен жөн. Бұл өнерді өмірінің мәніне айналдырғандардың бірі – павлодарлық жас шебер Ернұр Сағынтай.
Жас кәсіпкер алғашында бар күшін салып, өз бетінше ізденіп жүреді. Кейін мемлекет тарапынан 555 мың теңге көлемінде грантқа қол жеткізеді. Қазіргі таңда сол қаражатқа алған құрал-жабдықтары оның кәсібіне нәсіп болып отыр. Ернұр аймақта әлі кең таралмаған істі алғашқы болып қолға алып, аз ғана уақыттың ішінде оны табыстың қайнарына айналдыра білгендердің қатарына енген.
«Эпоксидті үлгіде үстел жасау оңай шаруа емес. Технологиясы күрделі, шыдамдылық пен дәлдікті талап етеді» дейді кейіпкеріміз. Бастапқыда ол бұл кәсіпке қанша қаражат қажет болатынын, табыс көзіне қалай айналдыруға болатынын зерттеп, ұзақ уақыт ойланып жүріпті.
— Бұл өнерге деген қызығушылығым әлеуметтік желіден басталды. Америка, Канада, Еуропа елдерінде осындай үлгідегі заманауи үстелдер көп жасалады. Соны көріп, көңілім ауып, бірден құмарттым. Жасау процесінің өзі баурап әкетті. Жер үйде тұрған соң, ауладағы шағын құрылыстың бірін шеберханаға айналдырып алдым. Қолым қалт еткенде сол жерден шықпайтынмын, – деп еске алады Ернұр Сағынтай.
Карантиннің де тигізген септігі аз болмаған. Сол кезеңде бос уақыт көбейіп, жас кәсіпкер «Неге өзім жасап көрмеске?» деген ойға беріледі. Әуелде жеңіл-желпі дүниелерден бастайды. Мәселен, тақтай, нан мен ет кесетін құралдарды таза ағаштан ойып жасайды. Уақыт өте қолы үйреніп, өнімдерінің сапасы жақсара түскен соң, тапсырыс берушілер саны да көбейе бастайды. Содан кейін біртіндеп диван, журнал үстелдері мен қонақтарға арналған үлкен үстелдерді жасауға көшеді.
— Еңбекақымнан түскен қаражатты осы кәсіпке салдым. Құрал-жабдықтарды біртіндеп сатып алып отырдым. Алғаш қолыма түскен дүние – ағаш кесетін лобзик болды. Үйдегі қажетсіз тақтайларды кесіп, біртіндеп жұмыс істеудің қыр-сырымен таныстым, қолымды жаттықтырдым, – дейді кәсіпкер.
Бір күні ол 2 метр болатын екі слэб тақтайын сатып алады. Одан ас үйге қажетті заттар жасап, алғаш рет әлеуметтік желілер арқылы жарнама жасай бастайды. Сол сәттен бастап оның кәсібінің көкжиегі кеңейе түскен. Бүгінде әлеуметтік желі негізгі жарнама құралына айналып, тұтынушыларды тартудың тиімді жолына себепші болып отыр.
Әрине, алғашқыда қиындықтар да аз болмаған. Эпоксидті шайырды құюдың өзіне мұқияттылық қажет. Қалыпты дұрыс жасамаса, дайын бұйым бүлініп кетуі мүмкін.
— Кейде өнім кеппей қалатын сәттер болды. Сондай кезде еңбегің зая кеткендей күй кешесің. Бірақ берілмей, қайта жасап үйрендім. Соның арқасында тәжірибе жинадым.
Әр ағаштың өзіне тән өрнегі бар. Сол себепті бір бұйымның екіншісіне ұқсап шығуы мүмкін емес. Оның үстіне, арнайы кептіру технологиясын қолданамыз. Эксклюзивтік үстелдер дәл осы қасиетімен құнды. Эпоксидті өнердің өзіндік қыр-сыры көп. Мәселен, бөлме температурасы +20 градустан төмен болмауы керек, ал ылғалдылық көрсеткіші де сапаға әсер етеді, – дейді шебер.
Жас кәсіпкердің айтуынша, заманауи үлгідегі үстелдер қара ағаштан, грек жаңғағынан, еменнен жасалады. Ал қажетті материалдар мен құрал-жабдықтарды Алматы мен Ресейден арнайы тапсырыспен алдыртады. Бәріне өзі үлгеріп жүрген Ернұрдың кәсібіне деген ықыласы ерекше.
Ернұр Сағынтай тек грантқа қол жеткізумен шектелмей, 2021 жылы «Жас халық Ертіс» жастарға арналған кредиттік бағдарламаға да қатысқан. Сол арқылы 6 млн теңге несие алып, шеберхана тұрғызып, жаңа құрал-жабдықтар сатып алады. Содан кейін ол 6–12 кісілік ас үстелдерін жасауға кіріседі, серіктестермен жұмыс істей бастайды.
— Жастардың көбі дайын дүние сатып алуға бейім. Бірақ өз қолыңнан шыққан бұйымның жөні бөлек. Егер үйренемін дегендер болса, бар білгеніммен бөлісуге дайынмын. Өйткені қолөнер – ата-бабамыздан жеткен қазына. Сондықтан ұмытылмауы тиіс, – дейді ол.
Шебердің қолынан шыққан үстелдер мен орындықтардың бағасы сапасына сай. Мәселен, бір үстелдің құны шамамен 500 мың теңгені құрайды. Дегенмен тұтынушыларға ұсынар сапасы ерекше болғандықтан, бұл баға әділетті.
Алдағы уақытта жас кәсіпкер өзінің жеке цехын ашып, қосымша жұмысшылар алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, қазақы нақыштағы жиһаздар жасап, ұлттық ою-өрнекпен әрленген жер үстелдер шығаруды көздеп отыр.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттер шебердің жеке мұрағатынан алынды.