Ақсу қаласында Қымызмұрындық мерекесі аталып өтті. Алғаш қымыз ішу рәсіміне қала тұрғындары қуана жиналып, қала маңындағы ауылдардан келген ұжымдар қолдан жасалған әшекей-бұйымдары мен сырмақтарын ұсынып, өнерлерін паш етті. Шараға келген қонақтарға ұршық иіру мен қолөнер бойынша шеберлік сағаттары өткізіліп, дәмді қымыз бен тәтті бауырсақ таратылды.
Қазақ салтында ежелден келе жатқан аталмыш мерекенің мақсаты – ата-баба мұрасын ұлықтап, ұрпақ жадында жаңғыртып, қымыздың шипалы әрі мәдени маңызын насихаттау, ауыл мен жылқы шаруашылығының еңбегіне құрмет білдіру.
Одан бөлек, шараға «Асыл мұра — Ақсу», «Қазақ аналары –
дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестіктері, Г.Н.Потанин атындағы Ақсу тарихи-өлкетану музейі, қала аумағындағы ауылдық округтер және С.Дөнентаев атындағы мәдениет сарайының шығар-машылық ұжымдары қатысты.
– Бұл ауқымды шара осыдан бірнеше жыл бұрын дәстүрлі түрде өткізілетін. Биыл қаламызда ұлттық құндылықты дәріптейтін мерекенің жандандыруын қолға алдық. Алты ауылдық округтің барлығынан ұжымдар жиналып, қолөнер бұйымдарын көрсетуде. Мамырдың соңы мен маусым айының басында адам ағзасына пайдасы зор сусынды ішкеніміз жөн. Бүгінгі шарада қымыз бен тағамдарды тарату да — осы салттың негізі, – дейді Ақсу қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Медғат Манапов.
Қымызмұрындық — жаңа ашытылған қымыздан дәм
татумен қатар еңбек маусы-мының басталуы, ауыл ішіндегі ынтымақ пен бірліктің нығаюы, сусынның шипалық қасиетін дәріптеуі мен үлкен-кішілердің бір дастарханда бос қосуына негізделген тарихи маңызы бар мереке. Жиын барысында ақ жаулықты әжелер қауымы жас ұрпаққа бүгінде ұмыт болған дәстүрлер жайлы баяндап, көзбен көріп, есте сактау мақсатында ұршық иіруден шеберлік сағаттарын өткізді.
– Ұйымымыз осыдан 2 жыл бұрын құрылған. Биыл «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі Құркөл, Алғабас, Қызылжар ауылдарында филиалдарын аштық. Форум барысында бүгін тойланып жатқан Қымызмұрындық мерекесіне алғаш қатысуды ұйғардық. Бұл — біздің қадам басқан шараларымыздың бірі. Сондай-ақ, қолынан өнер тамған әжелеріміздің бірі жүн түтіп, бірі сабап, жас қыздарға үлгі көрсетіп отырмыз. Қымыздың құнарлылығы жайында айтатын болсақ, көк шөп шыққан уақытта биелерді байлап, саумалын
осы мезгілде ішсе, аурулардың алдын алып, адам ағзасы дәрумендерге толы болады, – дейді «Асыл мұра — Ақсу» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Шәмши Құсайынова.
Алты ауылдың өнерпаздары көрме ұйымдастырып, ауыл құрып, қазақтың ұмыт болған салт-дәстүрлерін көрсетті.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын Қымызмұрындық мерекесі қаламызда дәстүрлі түрде өткізілетін. Биыл шараның ауқымы кең екені бірден байқалады. Бұрыннан қарағанда қазір ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдарға сұраныс мол, міне осы көрмеде ою-өрнекпен безендірілген әшекейден бастап, ас үйдегі керек-жарақтарына қолдан жасалған ерекше заттар бар. Одан бөлек, ұйымдарымызбен ұлттық өнерді дәріптейтін республикалық байқауларға қатысып, бағымызды сынаймыз, – дейді Ақсу қаласының тарихи мұражай басшысы Гүлжанат Ақшолақова.
Көрмедегі ерекше бұйымдар қала тұрғындарының назарын аударып, қызығушылықтарын тудырды. Олардың қатарында садақ пен монета жасау өнері бар.
– Мектепке жұмысқа орна-ласқан уақытта садақ жасау үйірмесін ашып едім. Биыл Павлодардың алты жерінде аталмыш өнер дамып жатыр. Қажетті заттарды көбіне Шымкент, Алматы, Астана қалаларынан алып, садақ жасау шеберлік сағатында қолданамыз. Үйірмеге 2-сыныптан бастап ұлдар мен қыздар қатар қатысады. Садақ ату ұлттық спорттың бір түрі болғандықтан, оны ары қарай дамыту жоспарда бар. Балалардың қызығушылықтарын одан әрі арттырып, ұлттық санасын оята берген жөн, – дейді Малайсары батыр мектебінің ұстазы Қайнарбек Ерназарұлы.
Шара барысында текемет басу, театрландырылған көріністер көрсетіліп, балалар арасында асық ату, қошқар көтеру ұлттық ойындары өткізілді.
Салтанат ҒАББАС,
Ақсу қаласы.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.